Ел жанынан табылатын ерлерге қолдау білдірейік

Республикамыздың Ата Заңы 26 жылға жуық еліміздің ішкі және сыртқы саясатын дұрыс жүргізуге, тәуелсіз елдермен бейбіт қатар өмір сүруге, әлеуметтік-экономикалық мәселелерді, сондай-ақ елдер арасындағы экономикалық-саяси даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуге үндеп келеді.

Ата Заңымызды өмірдің барлық салаларында басшылыққа алған халқымыз Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы, салиқалы басшылығының арқасында аз уақыттың ішінде тарихи үлкен жетістіктерге жетті деп айтсақ, артық айтқандық емес.

Біріншіден, біздің елді дүние жүзі таныды, Біріккен Ұлттар ұйымына мүше болдық. Шекаралас 5 елмен (Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан мен) шекара сызығын белгілеп, оны өз еліміздің және тиісті елдер парламенттерінде бекітіп алдық. Алдағы кезде отыздыққа, яғни бәсекеге қабілетті озық 30 елдің қатарына қосылу жоспары бар. Елдің қазіргі Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасы мен дәл бүгінгі елді басқару саясатында тұңғыш Президент - Елбасының ұстанымын әрі қарай жалғастыруы бұған дәлел болады. Сайлау алдында Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа былай деп уәде берген еді: «Біздің ұлы тарихи жолымыз бар. Біз қуатты, егемен елде өмір сүріп жатырмыз. Сақтап қаларлық дүниеміз бар. Сондықтан біз алға, болашаққа нық сеніммен қараймыз. Мызғымас бірлігіміз бар. Мен Елбасы стратегиясының сабақтастығын қамтамасыз етіп, мемлекетіміздің әлеуетін нығайту үшін президенттік сайлауға қатысуға бел будым». Халық бұл уәдеге сенді, сайлады. Президентіміз міне, екінші жыл осы бағыттан таймай келеді.

Ата заңымыздың VII бөлімінде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бөліміндегі 89-бапта айтылғанындай ендігі жерде ауылдық округі әкімдерін халық сайлайтын болады. Олай болса, әр ауылдық округ тұрғындарына ауыл әкімдерін таңдау құқығы беріледі. Міне, бұл мәселеде ауыл азаматтары болып болашақ әкімнің біліміне, ұйымдастырушылық қабілетіне, адамгершілік принциптері мен нормаларын орындау ерекшеліктеріне, жұрт алдында өзін ұстау, сөйлеу мәдениетіне талдау жасауымыз керек. Жершілдік пен рушылдық, жүздік сияқты пендешілік принциптерге бой алдырмай, нағыз халық мүддесін көздейтін, халыққа жақын әкімдерді сайлайық, ағайын.

Осы жерде ұлы ғұлама Абай атамыздың мына сөздері ойға оралады: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз». Сайлау алдында жақсылап ойланайық, ағайын!

Біздің ұрпақ коммунистік партиядан тәрбие алды. Әрбір кезеңнің дұрыс та, бұрыс та жақтары болады. Мен айтар едім, өткен кезеңнің дұрыс жақтары көп болған сияқты, біз партиялас ағалардан тура сөйлеуді, шындықты жақтауды, халық алдында мәдениетті сөйлеуді, қызметте қарапайым адамдардың ұсыныс-пікірлерін тыңдай білуді, алдыңа келген азаматтың мәселесін шеше алмасаң, оның шешу жолдарын көрсетуді үйрендік. «Қандай жағдай болса да алдыңа келген азамат риза болып шығу жағдайын жасаңдар» деп үйретті біздің ұстаздар. Біз барынша солай еттік те.

Өмірзақ МҰСТАФАЕВ, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қазығұрт ауданы ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы.

 

 

Пікір қалдырыңыз