КАТАРСИС

Биыл 1921 жылы орын алған алғашқы
ашаршылыққа – 100 жыл, ал, 1930-1932 жылдардағы екінші нәубетке 90 жыл толады.
Қызыл империяның әдейі ұйымдастырған ашаршылығынан қоғадай қырылып жоқтаусыз
кеткен, жаназасы оқылмай, көмусіз қалған бабаларымызды, бейкүнә сәбилерімізді,
бес миллиондай халқымызды қалай аза тұтсақ та жарасады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт
Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында: «Миллиондаған адамды қазаға
ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат
ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті.
Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден
әлденеше есе көп болар еді» деп орынды атап көрсеткен еді. Бұл нәубет қазақтың
тек демографиясына ғана зиянын тигізді десек, бұл – ақиқатқа қиянат жасаудың
өзі болып шығар еді. Рухани дүниемізге келген залалды, өкінішке қарай,
бірде-бір математик есептеп бере алмайды.
Қазақ халқы ашаршылық жылдарда не
жоғалтты? 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Кеңесі Төралқасының арнайы комиссиясы өзінің қорытындысында былай деп
жазды: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи
өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 млн. 200 мың адамнан айырылды. Тарихта
болған 1921-1922, 1932-1933 жылдардағы нәубеттен, асыра сілтеушіліктен
қазақтардың үштен бір бөлігі ғана қалды. Тарихта «Голощекиндік геноцид» (Шын
мәнінде аузынан от бүркіген қандыбалақ жендеттер мен Сталин басқарған Кеңес
өкіметінің геноциді деп атаған дұрыс) деп аталып, осы құбылыс қазақтардың сан
жағынан өсуін бірнеше жылдарға дейін қатты тежеп тастады» делінген.
«Қазақтар экономикалық тұрғыдан
әлсіз болғандықтан, бәрібір өліп бітуге тиіс. Сондықтан да революция үшін
аштыққа қарсы күреспей, оның орнына майданды қолдау маңызды».
И.Тоболин.
«Нан керек болған соң, біз аштықты
әдейі жасадық. Нәтижесінде жұмыс істей алмайтын шаруалар мен кулактар
ашаршылықтың құрбаны болып, тап ретінде жойылды».
Климент Ворошилов, ВКП(б)-ның ХVII съезі,
1934 жыл.
Халық басына түскен ауыртпалық,
кеңестік жүйенің өктемшіл, отаршылдыққа негізделген төңкерісшіл, содыр
саясатының салдары тек халық санының күрт төмендеуімен ғана шектелген жоқ, оның
ең басты ықпалы қазақтың ата-бабадан жалғасқан сапалы салт-дәстүрімізді,
әдет-ғұрпымызды біршама өзгертіп жіберді.
Қазақ халқы ашаршылық кезінде
санаға кіріп кеткен үрейден қайтсе арылады? Зұлмат жылдары бірін-бірі сатып,
ұстатып, жер аудартып жіберген бабалардың қанында болмаған сатқындық
мінезімізді, яғни дертімізді қайтіп жеңеміз? Ашаршылықты басынан кешкен
ұрпақтың бойындағы жалтақтық пен үрейдің біздің бойымызға да жұғып, одан
ұрпағымызға өтіп жатқанын кімнен жасырамыз?! Бұдан айығудың жолы қайсы?...
Жасқаншақтық науқас келер ұрпағымызға ауысып, олар да «сорлап» жүрмес үшін
қалай тазармақ керек? Қайтіп?... Қайтпек керек?...
Ашаршылықтан кейін біздің бойымызда
қалыптасып қалған осынау келеңсіз қасиеттерді сыртқа шығару арқылы, күллі
әлемге күңірене отырып жария ету арқылы ғана арылатын шығармыз деп ойлаймын.
Ғылымда «катарсис» деген ұғым бар.
Мұның түпкі мағынасы бойдағы қайғы-қасіретті бастан кешіру арқылы ішкі жан
дүниені тазалау, жаңғырту дегенді білдіреді. «Өткен шақ өлмейді. Ол біздің
қанымызда өмір сүреді» (Гарсия Лорка). «Өксікке толы өткенді» жылап тұрып еске
алсақ, көңіл терезесі жуылып қалғандай, жан дүниең тазарып шыға келеді. Жылаған
адамның жанына, сезіміне, рухани жаңаруына, ағаруына әсер етеді.
Біз күні бүгінге дейін Ресей
империясы мен оның ізбасары болып табылатын Кеңес өкіметінің көрсеткен қорлығы
мен азабын толық сезіне алмай отырмыз. Яғни катарсисті жүректен өткізген
емеспіз, сондықтан да қасіреттен әлі толық арылғанымыз жоқ. Бастан кешкен
зұлматтан арылмасақ болмайды, рухымыз жаралы, намысымыз тапталған күйде қала
бермек.
Ұлттық парызымызды орындау үшін ХХ
ғасырдың отызыншы жылдары ешбір соғыссыз, бейбіт кезеңде қазақтың 70%-ы аштан
шейіт болғанын, күллі әлемге ұлттық геноцидтің орын алғанын жариялауымыз қажет.
Осы жылдары қазақтың ұлт деңгейінде жер бетінен жойылып кету қаупі туғанын, бұл
Кремльдің әдейі қолдан жасаған қанқұйлы саясатының салдары екенін ұрпағымыз
білуі тиіс. Біліп қана қоймай, бұдан былай ұрпағымызды мұндай қасіретке жол
бермеуге тәрбиелеуіміз керек. «Өткенің туралы ойлағаның, бүгінгі күннің қамын
жегенің». (Ш.Уәлиханов).
1932 мешін жылы орын алған қызыл
қырғынды әлемдік тарих білмейді, қазіргі көйлегі көк, тамағы тоқ ұрпақ та
хабарсыз, сондықтан әрбір қазақ осынау қасіретті есте сақтауға міндетті.
Мешін жылының ұлы қасіретін қолдан
ұйымдастырылған қанішерлердің, мейлі ол Кеңес өкіметі ме, мейлі коммунистік
партиясы ма, қайсысы болса да аттарын атап, мойындарына халық қарғысының
қарғыбаулы қара таңбасын ілу қажет деп білеміз. Құрбандық көлеміне сай, ел
зиярат ететін, тек ашаршылықтың құрбандарына ғана арналған еврейлердің Тель-Авив
қаласының маңындағы Яд Вашем атты мемориал кешені сияқты кешен тұрғызу да
ендігі жерде кезек күттірмес міндеттердің бірі. Яд Вашемде болған әрбір адам
фашизмнен опат болған алты миллион еврейдің ұлы қасіретін бастан кешіргендей сезімде
болады.
Ұлтымыздың шамамен 70 пайызын
(Қ.Данияров) жалмаған осынау ұлттық трагедияға лайықтысы күллі түркі әлемінің
қасиетті мекені, туристер шаһары, ескі де жаңа Түркістан қаласында үлкен
мемориал-кешен орнату. Оның атын «Қасірет мемориалы» деп те қоюға болады.
«Қасірет мемориалының» бір есігінен кіріп, екінші есігінен шыққан кез келген
жан қазақ тарихындағы өксікпен өткен өмірін бейне көзбен көріп, жан дүниесімен
сезініп, терең әсерленетін болуы тиіс. Бұл мемориал-кешен Лондондағы «Мадам
Тюссо» мұражайындай балауыздан жасалған ашаршылық көріністерін сана сүзгісінен
өткізіп, катарсис сезімін бастан өткеруі керек. Англиядағы бұл жауыздықтар мұражайы
бүгінде туристердің ең көп баратын әйгілі орнына айналды.
Түркістанда жабдықталатын «Қасірет
мемориалы» Тұманды Альбионның осы тәжірибесін ескергені жөн. Бұл қазақ
халқының, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін де, енді қайтып ондай зобалаңға ұшырамау
үшін де қажет.
Бегман ЫСҚАҚ, «ЖОО-ның үздік
оқытушысы» грантының иегері.