Кез келген қыз бақытты болғысы келеді

Ұлас ҮСЕНБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Қыз мұраты – кету. Алайда, бүгінгі таңда мұратқа жету оңай болмай тұр... Жасы отызды орталағанша оң жақта отырып қалатын замандастарымыз көбеймесе, азаяр емес. Бұған не себеп? Бұл турасында мамандар, көп балалы аналар, сол қыздардың өздері не дейді екен?

– Мен екі-үш қызды тұрмысқа беріп, ұлдарымды үйлендірдім. Сонда байқағаным, қыздар күйеуге оқуын бітіріп, жұмыс істеп, өз жағдайларын жасап алып барып кеткісі келеді екен. Ал, біз қыз бой жеткен соң өз теңін тезірек тауып, тұрмыс құрғанын қалаймыз. Себебі, дер кезінде тұрмысқа шықпаса, қыз балаға қиын болады. Ал, олардың «отырып» қалып опық жемеуі үшін біз сияқты ата-аналар жиі ескертіп тұруы керек, – дейді жасы жетпіске таяп қалған ордабасылық Алтын Наурыз­баева апамыз.

Мамандардың айтуынша, қыз бала неғұрлым ертерек тұрмысқа шықса, барған жеріне «тастай батып, судай сіңіп кетуі» де оңай болады екен. Сондай-ақ, сүйегі қатпаған жас ананың босануы да қиын болмайтын көрінеді.

Әйгерім есімді замандасымыз материалдық жағдайын жасаймын деп жүргенде жасы отызды орталап қалғанын байқамай да қалыпты.

– Негізі адам алдына қандай мақсат қойса, соған жетпей тынбайды. Мен де өз жағдайымды жасауды негізгі мәселе етіп алдым. Әрине, оңай болған жоқ, демалмай жұмыс істеп жүргенімде жастық шағым көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Менде қазір жайлы үй де, жаңа көлік те, жақсы жұмыс та бар. Бірақ... Ең басты бақытқа қол жеткізген жоқпын. Мүмкін әлі де кеш емес шығар. Жан-жүрегімді түсінетін бір азаматтың табылуын армандаймын.

Өзін Қарлығаш деп таныстырған 28 жастағы бойжеткен отырып қалғанына жігіттерді кінәлайды.

Оң босағада отырып қалғаны үшін қыздарды ғана айыптау – білмеген адамның сөзі, өкінішке қарай, жігіттердің сүрбойдақ болып жүріп алуы, отбасындағы міндеттері жайлы көп айтыла бермейді. Кейбір жасы қырыққа таяған қырма сақалдардың өзі отбасын құруды мүлдем ойламайды. Жағдайы жақсы, жұмысы бар біраз жігіттерді білем, әр қызға сөз айтып, «сезімін» білдіріп жүре бергісі келетін сияқты. Шаңырақ көтеруге асықпайды. Көпке топырақ шашпаймын, бірақ бүгінгі кейбір жігіттер отбасы жауапкершілігінен қашады. Тіпті, кейбірі үй-жайыңды, алатын жалақыңның көлеміне дейін сұрайды. Ондай жігіттен не үміт, не қайыр...

Осы орайда білікті психолог Айсұлу Бөрібаеваның да пікірін білгенді жөн көрдік. Қыздардың тұрмыс құруға асықпауының бірнеше себебі бар екенін айтқан ол сөзін былай деп сабақтады: «Менің ойымша бұл мәселенің бірнеше себебі бар. Қыздарда ішкі намыс дейтін болады. Олар алдарына материалдық жағдайымды жақсартамын, қайтсем де биіктерден көрінемін деп мақсат қояды. Өздерін тұлға ретінде қалыптастыруды қалайтындар бар. Жас кезінде ер адамнан зорлық-зомбылық көрген біреулерді көріп өссе де тұрмысқа шығуға жүрексініп қалады. Жалпы, қыз бой жете бастағаннан ата-ана оны отбасылық өмірге дайындай беруі керек».

(Кейіпкерлердің есімі өзгертіліп алынды).

 

P.S. «Кез келген қыз бақытты болғысы келеді. Бұрын қыздың бақытты болуына бүкіл айналасы атсалысатын. Қыздың оң жақта отырып қалуы әсіресе жеңгелерге сын болатын. Олар төркіндеріне «менің осындай тамаша қайынсіңлім бар, тек тұз-нәсібі көтерілмей тұр. Елде біздің бикешке лайық кім бар?» деп хабар жіберетін. Ол жақтан ешкімнің реті келе қоймаса, жағдайды нағашыларына жеткізетін. Әйтеуір қайынсіңлісін құтты орнына қондырғанша жандары жай таппайтын. Қазір ондай жеңгелер жоқ қой...» дейді Ордабасы ауданының Қарақұм ауылында тұратын Гүлзейнет Күлембайқызы әжеміз.

Гүлзейнет әженің әңгімесіне қосып-аларымыз жоқ. Алайда, бүгін заман басқа, заң басқа. Өркениеттердің шым-шытырық араласып кеткен кезі. Бүгінгі қыздар бақыты үшін негізінен өздері күреседі. Оларға осы күресте жеңіс тілейміз. Алайда, Гүлзейнет әже айтқан жеңгелерді де ұмытпауымыз керек-ау...

Оу, жеңгелер, қайдасыздар?..

 

 

Пікір қалдырыңыз