Қайта туу ырымы

Ауылдан үлкен әжеміз келді. Жеңгеміз
босанып, перзентханадан шыққан еді. Әжеміз шөбересінің қолынан май жалап,
көзайым болайын деген екен. Нәресте ай-күніне жетпей туылғандықтан, оны өзінің
екі аяғының арасынан өткізу керек деп бір ырымын жасады. Сөйтіп шөбересінің
алақанына май салып, соны жалады. Сол көрініс жадымда сақталып қалды. Кейін
апамнан оның мәнісін сұрадым. Анамның айтуынша ол кезде жаңа туылған сіңлім әлжуаз,
салмағы аз болыпты. Ал, кемпірдің аяғының арасынан өткізу қайта туу ырымы екен.
Бұл көп жағдайда баласы тұрмай, шетіней берген ана дүниеге сәби әкелгенде, осы
бала өмірге ілесіп аман қалсын, адастыру деген ырыммен жасалады екен. Сол
шалабай қызымыз бүгінде 19 жасқа келді.
Халқымызда үш кемпір немесе жеті кемпірдің
аяғының арасынан өткізіп, қайта туу ырымын жасайтын салт болған екен.
Жетікемпір, Үшкемпір деген есімдер осыдан пайда болған. Кенен Әзірбаевтың
Төрткен деген қызының азан шақырып қойған есімі –
Төрт кемпір, бір шал. Жаңа туған шақалақты
төрт кемпір мен бір шалдың аяғының арасынан өткізіп алған. Осындай атпен
жүргендер расында да аман қалған көрінеді. Төлеби ауданының Көксәйек ауылында
осындай ырыммен дүниеге келген Үшкемпір есімді сексеннен асқан қария бар.
Қазіргі таңда бұл үрдісті ұмытпай, берік
ұстанған отбасылар жоқ емес. Туысының баласын алып бауырына басып, оны
әлпештеп, қайта туу ырымын жасап жүргендер де бар ел ішінде. Қайта туылған
сәбилерге көбінесе «Тұрсын», «Тұрар» секілді есімдерді ырымдап қойған. Мысалы,
жазушы Тұрсын Жұртбай естеліктерінде өзін де ырымдап, «жеті кемпірдің» аяғының
арасынан өткізіп алғанын айтады. Мұны бала тоқтамаған анаға тиген тіл-сұқты
басқаға аудару және адастыру деп түсіндіреді.
Қазақтың ықылым заманнан бірге жасап келе
жатқан наным-сенімдерінде ешқандай өрескелдік те, сөкеттік те жоқ. Осындай бай
рухани, тәрбиелік мағынасы зор мұраны келешек ұрпаққа жеткізу, насихаттау
біздің борышымыз, ол ұлттығымызды сақтауға зор септігін тигізері хақ.
Ләззат КӘДІРБЕК, әдет-ғұрып және
салт-дәстүр орталығының қызметкері.