Жақсылардың жолын жалғаған

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Өмірде жолы болғыш жандар сирек те болса кездесіп жатады. Мұндайды дана да айтқыш қазақ «айы оңынан туған жан екен» дейді. Сондай айы оңынан туған жандардың бірі – әріптесіміз Нұрлан Кенжеғұлов. Оның өмір жолына үңіліп отырсаңыз, айналасын үнемі жақсылар мен жайсаңдар қоршап жүргеніне көзіңіз жетеді.

Сәби үшін ата мен әжеден артық қандай тәрбиеші керек?! Нұрланның да алғашқы ұстазы Бейсенкүл әжесі болатын. Жарықтық қазақтың эпостық жырларына әуес жан еді. Ауыл кітапханасынан «Батырлар жыры» атты үлкен кітапты алдыртып, немересі Нұрашқа, яғни Нұрланға оқытып отыратын. Әже сынынан өту оңай ма? Нұрлан кітапты белгілі бір әуеннің мақамына салып, келістіріп оқуға тырысады. Құйтақандай бала үшін әже марапатынан асқан не бар, шіркін! Бейсенкүл әжесі еміренсе, бұл бала Нұрлан үшін ең бақытты күн болатын. Дастан оқи отырып, даналық әліппесімен танысқан бала ақынның әдебиетке деген ынтасы осылай оянды. Оның бағына қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлбибі Төлепова да шәкіртінің талабын ұштай түсті.

– Сені бұл пәннен сүріндіруім қиын, – деп риза болушы еді асыл ұстазы.

Өйткені, ол әдебиет пәнінен өтетін сабақты күнілгері оқып келеді. Осыдан кейін Күлбибі апайы зерек те алғыр шәкіртіне қалай разы болмайды?

Әкесі Құлбек барлық саналы ғұмырын мал шаруашылығында өткерді. Күні бүгінгідей есінде, үйіне қоржын-қоржын газет-журнал келетін. Шопан әкесі малға «Жұлдыз» және «Жалын» журналдарын етігінің қонышына қыстырып ала кетеді. Әбден сарыжем болған сол журналдар Нұрланның да қолына тиеді. Роман, повесть, әңгіме қызығына берілген бала шопан отарын көрші шопанның қойына қосып алып, әкесінен талай ұрыс та естіді. Бірақ, бұл ескертулер оның оқуға деген құштарлығын бәсеңсіте алмаған.

Бірде Қалман ағасы екеуі малшы ауылға келе жатты. Көктемнің көрікті күні еді. Қыр-қыраттар жасыл көрпесін жамылып, төрткүл төңірек тотықұстай таранып, таңғажайып түрлі суреттер көз алдыңда көлбеңдейді. Табиғаттың осы бір көрікті шағы әсер етті ме, кім білсін, Қалман көкесі:

– Нұраш, өлеңдеріңді оқышы, – деп өтініш айтқан.

Онсыз да көңілі көк шарлап келе жатқан бала ақын шабыттың шалқар айдынына құлаш сермеді-ай келіп. Балауса жырлар бірінен соң бірі төгілді. Әр өлең оқылған сайын Қалман ағасы: «Ой, пәлі-ай!» деп қолдап-қолпаштап қояды. Жебеушісі жанынан табылған соң, бала ақын оңайлықпен тоқтайды ма?! Біраз өлең көкірегінен кептер болып самғады. Сонда ғой ағасының: «Нұраш! Сенен жақсы ақын не журналист шығады. Таудай талабың бар. Осы өнеріңді ұштай бер!» деп бата беретіні.

Міне, осы талап оны ару Алматыға алып келді. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне құжаттарын тапсырған ауыл баласының сынақтан өтуіне жарты ғана балы жетпей қалды. Факультет деканы, бүгінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков еді. Ол жарты балмен «құлаған» үш абитуриентті өзіне шақырып алды.

– Үшеуіңнің де оқуға түсіп кетуге мүмкіндіктерің бар еді. Шығармаларыңды оқып көрдім. Жап-жақсы, жатық. Амал не, талап солай, жарты балмен ғана ілікпей тұрсыңдар. Осы беттеріңмен тұмсықтарың тасқа тигендей ауылдарыңа қайтсаңдар, ертеңдерің не болмақ? Мен сендерге алаңдап отырмын. Бізде Душанбедегі Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетіне жолдама бар. Осы алған балдарыңмен сол оқу орнына қабылдайды, – деді.

Жастықтың әсері ме, әлде бұрын көрмеген ортаға аяқтары тартпады ма, үшеуі де Алматыда қалды. Ұлағатты ұстаз Мырзатай ағалары оларды университеттің сырттай оқытатын бөліміне қабылдатты. Ағаш өңдеу комбинатында шебер болып жұмыс істеп жүрген Нұрлан келесі жылы-ақ күндізгі бөлімге ауыстырылды. Жақсының шарапаты деген міне, осы!

Дипломмен ауылға оралғанда Нұрлан ойланып жатпастан бірден облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының есігін қақты. Редактордың бірінші орынбасары Жұмамұрат Тұяқбаев ағасы оның талабын бірден қолдады. Жауапты хатшы Байдулла Қонысбековті шақырып, «мына баланың талабын сынап көру керек» деген. Сол күннен ол қызығы мен қиыншылығы қат-қабат журналистік өмірге сүңгіді де кетті. Газет шығару барысында талай-талай тарихи оқиғалар мен ұмытылмас елеулі оқиғалардың ортасында жүрді. Жас журналисті жан-жақты сынап көргісі келді ме екен, оны әуелі аударма ісіне жекті. Сосын мүйізі қарағайдай Уәлихан Темірбеков, Әбдіманап Әлшериев, Сәділ Кәдеев сынды журналистер басқаратын бөлімдердің сүзгісінен өткізді. Алдыңғы толқын ағалары Кәрім Үкібаев, Мархабат Байғұт, Оразхан Жарқынбеков, Төрехан Рамбердиев, Слам Нұрмағанбетов, Бекзаттар Дінәсілов қолдау көрсетті, қанаттарының астына алды. Аз уақыттан соң рекдакция сайдың тасындай іріктелген Иса Омар, Мұратбек Дүйсенбеков, Еркін Қыдыр, Төрекелді Байтасов сынды аузымен құс тістеген жалынды журналистермен толықты. Жастардың жарыса жазатын, бірінен- бірі асып, не аздап кем түсіп жататын итжығыс шағы басталды. Небір көркем очерктер, суреттемелер, түрлі тақырыптарға арнайы беттер, пікірсайыстар осы тұста шығып жатты. Уақыт керуені алға жылжуын бір сәтке де тоқтатқан жоқ.

1991 жылы Шымкент қалалық партия комитеті мен қалалық атқару комитетінің ұйғарымымен Шымкент қаласының өз газеті шығарылатын болды. Жаңа газетке басшы ретінде Жұмамұрат Тұяқбаев таңдалды. Міне, осы тұста шығашақ газет редакторының бірінші орынбасары әрі жауапты хатшысы қызметіне Нұрлан Кенжеғұлов бекіді.

Әр ұжым үшін есте қалар ерекше күн болады. Әлі іргетасы қаланып болмаған редакцияны табанынан тік тұрғызу Жұмамұрат Тұяқбай сынды алдаспан ағаларға сеніп тапсырылды. Сондай ағаға көмекші бола білгені үшін Нұрлан өзін бақытты сезінеді. Иә, әр күн қарбаласпен өтіп жатты. Жас журналистер тәрбиелеу, газеттің пәрменділігін арттыру, оқырмандар тарту, бұл кезек күттірмес қауырт жұмыстар еді. Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Анарбек Орман ұлтшыл азамат екен, қиындықтарға қарамастан бюджеттен қаржы бөлдіріп, Ресейден баспахана алдырды. Редакция ұжымының алдағы күндерге сенімі арта түсті. Газет – қашан да халықтың көзі, құлағы, үні. Осы ұстаныммен Жұмамұрат аға халық сөзін сөйледі. Газетте өткір де проблемалық мақалалар көбейді. Бірде «Шымкент келбеті» газеті жанармай ұрлап сататындар туралы сын мақала жариялады. Олардың «крышалары» облыстық ішкі істер басқармасындағы полковниктер болып шықты. «Бізді сынайтындай қайдан шыққан дәусіңдер?» деп өктемси келді олар. Ақыры екі жақ болып сотқа дейін барысты. Облыстық телерадио комитетінің төрағасы Байдулла Қонысбеков сонда тағы да қол ұшын созған. Екі операторын жіберіп, ұрлықы жанармай сатып тұрғандарды әшкереледі. Мұның соңы полковниктердің кешірім сұрауымен аяқталды.

Міне, осындай ортада шыңдалған Нұрлан 2000 жылы қарашаңырағына қайта оралды. Қай жұмыстың да оябын тауып, берілген қызметін абыроймен атқарып келеді.

Қарашаңырақ Нұрлан Кенжеғұлов үшін қашан да қымбат. Еңбек жолын осында бастап, қаламын ұштаса, екінші жағынан өмірлік серігін редакцияда тапты.Редакцияда корректор болып жұмыс істеп жүрген әдемі бойжеткен Гүлби Ерменбаева жас журналистің жүрегін жаулаған. Бүгінде олар 2 ұл, 2 қыздан 5 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Облыс әкімі мен облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарының, «Алтын қауырсын», «Үздік журналист» аталымдарының, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін», сондай-ақ Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медальдарының иегері Нұрлан Кенжеғұловты бүгінде облыс жұртшылығы қаламы қарымды қаламгер ретінде жақсы таниды. Жақсылардың жолын жалғаған журналист досымыз, міне, осындай жан!

 

 

Пікір қалдырыңыз