ТҮРКІСТАНДЫҚ СПОРТШЫЛАРЫ ЕЛ БІРІНШІЛІГІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

Талдықорған қаласында 24-28 ақпан аралығында самбо күресінен және жауынгерлік самбодан ерлер мен әйелдер арасында ҚР-ның чемпионаты өтті. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған байрақты бәсекеде түркістандық спортшылардың мерейі үстем болды.
     Түркістан облысы самбо күресі федерациясының вице-президенті Самат Рысбековтың айтуынша, балуандар чемпионаттан 7 медаль еншілеген. Атап айтсақ, ерлер арасында Абдуахаб Алиходжаев 90 келіде, Бибарыс Әбдіғани +98 келі салмақта белдесіп, үздік үштіктің қатарынан көрінді.

   Сондай-ақ, әйелдер арасында 72 келіде өнер көрсеткен Перизат Жақыпбекова 2-орынға тұрақтады. 59 келі салмақта Гүлзира Құдасбек,  +80 келіде Назгүл Есімбек және  Жадыра Пайыз 3-орынды місе тұтып, ел біріншілігінің қола жүлдегерлері атанды. 
    Ал, 48 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның 11 дүркін чемпионы Айжан Жылқыбаева жаңа салмақта жеңімпаз атанды. Түркістанның мақтанышына айналған самбошы қыз бұл додада 50 келі салмақта белдесіп, топ жарды. 

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,
 «Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз