ТҮРКІСТАНДЫҚ ЕРІКТІЛЕР ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ

     Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы еріктілер қайырымдылық шарасын өткізді. Ерікті жастар өңір басшысы Ө. Шөкеевтің «Қамқор» акциясын жалғастыруда. Жақсылыққа жаны құмар жандар облыс орталығындағы тазалық мекемесінің қызметкерлерімен жүздесіп, оларға ыстық сусындар мен тәтті нандар ұсынды. 
Волонтерлер үшін ауа райының қолайсыздығы да кедергі емес. Айтуларынша, қала тазалығына жауапты қызметкерлерге көмектесу үлкен мәртебе. Сондықтан, «Қайырымдылық жасасаң - қайырын өзің көресің» деген тәмсіл жастардың басты ұстанымы. 
Коммуналдық мекеменің мамандары да еріктілердің игі қадамына рахметін айтып, ризашылығын білдірді. Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған шара алдағы уақытта өз жалғасын табады. Және жастар қаланың белсенді азаматтарын қатарларына қосылуға шақырады.
Сондай-ақ, ерікті топ мүшелері тұрғындарды қала тазалығын сақтауға үндейді. Себебі,«Таза қала - қоғамның айнасы» екенін ескерген жөн. Туған қаламызға жанашырлық танытып, нағыз еңбек адамдарының бейнетін бағалағанымыз абзал.

Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз орталығы
Пікір қалдырыңыз