Қажымұқанның қорасын қойға толтырған ғалым өзі қуғын-сүргінді көп көріп еді...

Қазақтың белгілі ғалымы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев өмірінің көмескі беттері аз емес. Кеңестік дәуірде ғалымның ұзақ жыл бойы қуғын-сүргінде болғаны баршаға аян. М.Дулатовтың қызы Гүлнарға қосылған тетелес інісі, жазушы Әлібек Қоңыратбаев «халық жауы» ретінде атылып кетсе, ағасы Қалжан Қоңыратбайұлын Оңтүстік Қазақстан НКВД басқармасы алашордашыл ретінде итжеккенге айдап, мерт қылған.
Отызыншы жылдардың бас кезінде аудандық «Балықшылар», республикалық «Колхоз» газеттерінің жауапты редакторы, Қазақ өлкелік БКП(б) комитетінің қазақ баспасөзі секторына жетекшілік жасап, абақтыдан оралған жас Мұхтар Әуезовті жұмысқа орналастыруға ықпал еткен Ә.Қоңыратбаев бұл кезде қаламы төселген тәжірибелі журналист болатын. 1935-1936 жылдары «Социалды Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүргенде саяси қуғын-сүргінге ілінеді. Осы кезеңде төтелеп келген саясат қылышынан аман қалу мақсатында Әуелбек Қоңыратбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысына бой тасалағанын бүгінде біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. 1939-1941 жылдары қаламгер Түркістан шаһарында тұрып, жергілікті мекемелерде қызмет атқарған. Ғалымның жеке мұрағатында сақталған құжаттардан соғысқа дейін Түркістан педучилищесінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанын көреміз. Бүгінде оның тәлімін алған шәкірттер өмірден озып кетсе де, архив құжаттары Ә.Қоңыратбаевтың Түркістан өлкесінде ағартушылық жұмыстармен шұғылданғанын растайды. Бір ғана Түркістан педучилищесі емес, аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен «Хантағы» орта мектебінде де ұстаздық етіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс берген. Осы жылдары Ә.Қоңыратбаев Созақ жағындағы тарихи жәдігерлермен танысып, кейін Баба Түкті Шашты Әзіз туралы, тағы басқа да зерттеулерін жазған.
1940 жыл Ә.Қоңыратбаев үшін ауыр кезең болып еді. Қасиетті Түркістан топырағында жарық дүние есігін ашқан Сұлтан есімді ұлы шетінеп, қаламгердің қабырғасын қайыстыра түскен. Қуғын-сүргіннің зардабынан Алматыда Кеңес және Гүлзада есімді ұл-қызынан айрылған Әуелбек Қоңыратбаев Түркістан топырағында осылайша кенже ұлынан айрылған. Естуімше, Сұлтанның сүйегі Ясауи кесенесінің маңында болуға тиіс. Ол кезде кесененің айналасы қалың шөп екен.
Бұл кезеңде Ә.Қоңыратбаевтың басында ерік болмаған. Тиісті орындар оны бір жерде тұрақтатпай, үнемі жұмыс орнын ауыстырып отырған. Шамасы кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізеді деп сақтанса керек. 1941 жылы Түркістан мақта зауытының кадр бөлімін басқарып отырған Ә.Қоңыратбаев Ұлы Отан соғысы басталғанда аудандық әскери комиссариаттың шақыруымен әскер қатарына алынған. Неге екенін білмедім, соғыстың алдыңғы шебіне алмаған. Шамасы «халық жауларының» тұқымы санап, сенімсіздік көрсеткен сияқты.
1941 жылдың қарашасы мен 1942 жылдың сәуірі аралығында Ресейдің Магнитогорск қаласында дезинфектор болып әскери борышын өтеп жүрген Ә.Қоңыратбаевты 1942 жылы Қарақалпақ АКСР-нің наркоматы жұмысқа шақырып, Ташкенттегі Орта Азия әскери округінің басқармасы арқылы Түркістан әскери комиссариатына жеделхат жолдапты. Оған Орта Азия әскери округінің штаб бастығы Першин: «На обороте сего препровождаю телеграмму наркомпроса Кара-Калпакской АССР по вопросу разрешения выезда состоящему у Вас на учете военнообязанного – Конратбаеву. Разрешить выезд Конратбаеву согласно приказу НКО СССР К064-42. Ст.пом.нач.отдела орг. и укомпл. Штаба СДВО инт 2 р. Першин. Ташкент, 29.10.1942 г.» деген резолюция жазыпты. Осы негізде Түркістан әскери комиссариаты Ә.Қоңыратбаевты Магнитогорскіден кері шақырып, Нүкіске жіберген.
Ұлы Отан соғысы жылдары әскери борышын өтеп жүрген қызыләскерді кері шақырудың астарында қандай құпияның жатқанын болжау қиын. Шамасы баяғы «үш әріптердің» тірлігі болуға тиіс. Саяси қуғын-сүргін Ә.Қоңыратбаевтың отбасына үлкен зардап әкелген. Осы жылдары қаламгер бес бірдей перзентінен айырылып, 1943 жылы зайыбы Назым Мақтаарал жерінде қайтыс болған.
Ә.Қоңыратбаевтың Оңтүстік Қазақстан облысымен байланысы мұнымен де үзілмейді. Қасиетті Түркістан топырағында ізі қалған қаламгер отызыншы жылдары журналист ретінде танылған болса, кейін КСРО Ғылым академиясында қызмет атқарып, халқымыздың фольклорлық мұрасын жинауға, зерттеуге зор еңбек сіңірген. Ғылым академиясының президенті Қ.Сәтбаев, Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасарлары И.Шарипов пен Т.Тәжібаевтың тапсырмасымен Түркіменстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан жерлеріне, Ақмола, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарына ғылыми-диалектологиялық экспедицияларды басқарып барған.
1944-1946 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының аспирантурасын бітіріп, ғылым кандидаты болған Ә.Қоңыратбаевтың оңтүстікке сапары 1946 жылы тағы жалғасқан. Бұл жолы Ғылым академиясының тапсырмасы бойынша атақты Қажымұқанның өмірбаянын жазып алуға келген. Сол сапарында Отырар ауданы, Шілік ауылындағы батырдың үйінде 10 күн жатып, жұпыны тұрмысы мен жұтаған халін көріп, аудан, облыс басшыларына хабар берген. Өмірбаянын өз аузынан қолма-қол жазып алып, Ғылым академиясына өткізген. Естелігінде Қажымұқанның қорасын қойға толтырып кеткенін жазады. Бұл батырдың тоқалы Мінайымның аяғы ауыр кезі екен. Соғыстан кейінгі қиын кезеңде күніне бір қойдың етін жейтін батырды бағу ауылға ауыр тиген секілді...
Ә.Қоңыратбаевтың осы сапарында жазған естеліктері әлі күнге Ғылым академиясының кітапханасында сақтаулы. Кейбір үзінділері болмаса олар толық күйінде жарық көрген емес...
Осы аз ғана деректерден Әуелбек Қоңыратбаев тағдырының Түркістан өлкесімен байланысты болғанын көреміз. Кейін елімізге көрнекті ғалым ретінде танылған қаламгердің саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы өмірінің бір кезеңі осындай сыр шертеді.
Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалымның бел баласы.