«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!»

Түлкібас ауданындағы Құлан ауылының тұрғыны Мәрияхан Аманова – ауыл-аймаққа сыйлы, өнегесі мол, алтын құрсақты ана. Қосағы Төлеген Тұрымбетов екеуі 6 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде олардан 23 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. Биыл осы отбасындағы табыстар жайында «Қазақстан» ұлттық арнасы «Ауылдастар» атты бағдарламасында жан-жақты көрсетті. Мәрияхан апаның үш ұлы мұнайшы, біреуі кәсіпкер, қалған екі ұлы да өз мамандықтарының қыр-сырын меңгерген жандар ретінде өз шаруаларын дөңгелетіп отыр. Ал, кенжесі Дара – дәрігер.
– 16 жасымда тұрмысқа шықтым. Тараз қаласындағы статтехникумға оқуға түстім. 20 жастағы Төлеген есімді жігітпен сөзіміз жарасып жүрген. Ауылға барған кезімде ол мені алып қашты. Оқуымды қайын жұртым сырттай бітіртті. Енем жастай келгенімнен соң ба, мені көп қыспаққа алмай, қызындай еркелетіп, бауырына тартты. Шағын қоржын тамда енем, қайнағам, абысыным және олардың төрт бала-шағасы, бәріміз бірге тұрдық. Не деген кеңпейілділік десеңізші, сол шағын үйде жағдай жоқ демедік, бақытты, берекелі өмір сүрдік. Жағдайды өзіміз жасап, берекені өзіміз кіргіздік. Сол киелі шаңырақта үш баламыз өмірге келді. Содан кейін ғана жабылып үй салып, еншімізді алып, бөлек шықтық.
Хрущевтің кезіндегі нан тапшылығының қиындығын көрудей көрдік. Күйеулеріміз ғана жұмысқа жегілмеді, абысыным екеуміз де балаларды енеме қалдырып, таңның атысы, күннің батысы күріш оруға барып, ақысына 8 келіден арпаның ұнын алатынбыз. Одан пісірген нан қатты, арасы кеберсіп тұратын. Оған да тәубе дедік.
Кейін жолдасым фельдшер, өзім сауда саласында еңбек етіп, балаларды жетілдірдік. Төкең марқұм балаларына қатал болатын. Дегенмен, ол мейірімді, әділ адам еді ғой. Қатты жұмсайтын, еңбекті сүюге баулыды. Балаларының бойынан жалқаулық, қандай да бір жағымсыз қылық байқаса, қабағы қатуланып, дереу түзеуге тырысатын. Мен ара түсе бастасам, тыйып тастайтын. Бүгінде балалар одан жаман болмадық деп шүкіршілік етеді. Сонымен қатар, перзенттерімізді мейлінше адалдыққа тәрбиеледік. Өз білімдерімен оқыды, қызметке орналасты, өсті. Бірде Сәулебай баламның алдында таңдау тұрды. Ақтөбеде мұнай саласындағы тәуір қызмет тізгінін ұстауға мүмкіндік туды. Үйленген, бөпелерімен қолымызда тұратын. Әкесі бірден батасын берді. Ал, мен қимай, қипақтадым. Өйткені, қолымдағы келінімді ерекше жақсы көретін едім. Қызметке алысқа кеткен балам менің қимағанымды сезіп, бір күнде бала-шағасымен қарашаңыраққа қайта көшіп келді. Шалым үндемеді. Керісінше, өзім баланың келешегіне кесірім тиді ме деп уайымдадым. Ойланып, балама «жолыңнан бөгемеймін, қызметіңе бар, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» деп батамды бердім. Бүгінде балам қызмет сатысында өсіп, беделді азамат болды. Аналық көңілшектігіміз кейде балаларымыздың аяғына тұсау болуы мүмкін екенін түсіндім. Айтпақшы, мен 60 жастан асқанда «студент Мәрияхан» атанғаным бар. Дара грантпен медакадемияға түскенде ауыл-аймақ, жылы орнымның бәрін тастап, Алматыға барып тұрдым. Қызымның жанында он шақты жыл жүріп, диплом алдық. Қызыма ерекше бауыр басқандықтан, оны жыраққа жіберіп, онсыз өмір сүру маған ауыр соқты. Сондықтан маған да студент болуға тура келді. Мен ауылға келгенде ауылдастарым, ағайын қуана қарсы алып, сәлем беретін, «о-о, студент, жоғары шық» деп үйлеріне шақырып, қонақ ететін. Бүгінде сол қызымды ұзаттым. Дәрігер болып қызмет істейді. Бөпелері бар.
Кейін зейнетке шыққан соң да оқып жатқан балалар бар, үйленетіндері бар, ақша керек болған соң, Алматыға қаймақ, Таразға долана, Қызылордаға алма, конфет-печенье апарып саттым. Қосағым да саудама көмектесіп жүрді. Кейін балалар өз-өздеріне келген соң сауданы қойдым. Оның үстіне отағасы өмірден өтіп, денсаулығым да біраз сыр беріп қалып еді. Бүгінде Аллаға мың тәубе, балалардың бәрі өмірден өз орындарын тапты. Шаруалары жаман емес. Бейнетімнің зейнетін көріп, бақытқа бөленіп отырған жайым бар, – дейді апамыз.
Апаның үлкен ұлы Айбол ауылда бір үй болып отыр. Ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. «Мыңбұлақ» шаруа қожалығының төрағасы. Сиыр фермасы бар. Сүтті сиырлар ұстайды. 16 гектар жерге қызанақ-қияр, күнбағыс, картоп егеді. Кейінірек алма егуді де қолға алды. Қарамағында 3-4 жұмысшысы бар. Кенже баласы Момыш та әкесінің ізбасары болып, шаруашылықты тәп-тәуір жүргізуде. Ал, жиын-терім науқанында ауылдың біраз адамдары олардың шаруашылығында жұмыс істеп, нәпақа табады. «Кеңес Одағы тарқап, халық тоқырауды бастан кешіп жатқан алғашқы жылдарда ауылда күнкөрістің қиындағаны рас. Осы тұста көзі ашық, көреген әкем керексіз боп қалып, қаңырап жатқан жерлердің келешекте пайдасын көретінімізді түйсініп, ауыл сыртындағы 16 гектар жерді өз атына ресімдеп, «Мыңбұлақ» шаруа қожалығын құрды. Бастапқыда арпа-бидай, жоңышқа, мақсары ектік. Қиындықтар да аз болмады. Мардымсыз табысты қанағат тұтып, кейін тәжірибені молайтып, шаруаның көзін тауып, тынымсыз еңбек еттік. Бүгінде ісіміз оңға басып, шүкір, кәсібіміздің ырзығын жеп отырмыз» дейді Айбол аға.
Мәрияхан ана ауылдағы «Ақ әжелер» тобының белсенді мүшесі. Мереке-жиындарда әу дейтіні бар. Түрлі іс-шараларға қатысып, келін-қыздарына аналық өсиетін айтып жүреді. Ол әулетінің қазыналы қариясы, бақытты ана-әже, берекенің ұйытқысы. Апамыз бүгінде ұрпақтарының сый-құрметіне, қамқорлығына, махаббатына бөленіп отыр.
«Жас күнімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» деген осы. «Менің жолымды берсін бәріңізге. Сіздерге де салиқалы ұрпақ нәсіп етсін!» дейді қарт ана риза кейіппен.
Айгүл СҮНДЕТОВА. Түлкібас ауданы.