Мәдениет ошағы – тәрбие ошағы

Халыққа үлгілі әрі сапалы мәдени-рухани қызмет көрсету – өмір талабы. Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мақтаарал ауданында мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар, мәдени-көпшілік іс-шаралардың өткізілу барысы туралы «Мақтаарал мәдениет үйі» МКҚК-ның директоры Серғазы БАЙДУЛЛАЕВПЕН әңгімелескен едік.

– Серғазы Жарқынбайұлы, ауыл мәдениетін өркендету, халықтың рухани сұранысын қанағаттандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Халыққа мәдени қызмет көрсетуде тың серпін, шығармашылық ізденіспен жұмыс істеу – басты міндетіміз. Осы бағытта арнайы іс-шаралар жоспарын түзіп, атаулы мерекелерді, концерттерді, ауқымды бұқаралық мәдени іс-шараларды, семинар-кеңестерді жүйелі түрде ұйымдастырып келеміз. Талантты өнер шеберлерін және жас орындаушыларды аудандық, облыстық байқауларға, фестивальдерге қатыстыра отырып, жаңа есімдер мен үздік ұжымдарды халыққа етене танытамыз. Олардың өнерін жан-жақты насихаттаймыз. Елімізге белгілі өнер қайраткерлерінің шығармашылық кештері мен еске алу кештерін өткізіп тұрамыз. Мәдениет ошақтарында 41 үйірме жұмыс істейді. Аудандық, ауылдық мәдениет үйлерінде, клубтарда әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.

Атап айтар болсақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Әнім саған, Мақтаарал!», «Менің Қазақстаным», «Балдәурен-2020» ән байқаулары ұйымдастырылды. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай онлайн тақырыптық кеш, Абайдың қара сөздері мен өлеңдерін жатқа айту бойынша қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай бірнеше байқаулар өткіздік. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ізгілік иірімі» қайырымдылық концерті, Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Қазақ еліне мың алғыс!» іс-шарасы, Алғыс айту күніне арналған мәдени іс-шара ұйымдастырылды. 1 сәуір – күлкі күніне орай «Қалжың қалта» онлайн әзіл-сықақ кеші, «Қоңыраулы қошақан» онлайн балалар ән-би байқауы, «Халық әні – ұлтымның жаны» халық әндері мен дәстүрлі әндер орындаушылардың онлайн байқауы, Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында «Ынтымағы жарасқан ел», Ұлы Жеңістің 75 жылдығында «Жеңіс туы, желбіре!» атты онлайн патриоттық әндер концерті ұйымдастырылды. Домбырашылар күнінде «Күмбірле, киелі домбыра!» және Ш.Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты жас әншілер мен күйшілердің онлайн байқауы да өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға «Біз біргеміз!» атты концерттік бағдарламамызды ұсындық.

Әншілеріміз А.Мейірбекова, Ж.Әлмешова, А.Каландаров, С.Тұңғатарова, А.Боранбаев, Б.Жанту, Р.Жанайдаров, Р.Мұратова, Ж.Сайфудинов, Н.Жалилов, Ә.Құлахметов, М.Әуезова, Д.Тәжібаева, Б.Қазыбеков, М.Қарсыбай, Н.Әшірбай, С.Баитованың онлайн шығармашылық ән кештері өтті.

– Ауданнан түлеп ұшып, есімдері бүгінде бүкіл елге танылған таланттар жерлестерімен жиі кездесіп тұратын болар?

– Әрине, бұл мәселе жүйелі түрде жолға қойылған. Айталық, режиссер, продюсер М.Алиакбаров, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын-сазгер Б.Әшірбаев, жайдарманшы, «Сырдария» құрамасының капитаны М.Сәрсенбаев, эстрада жұлдызы А.Абдулла, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ж.Жексенұлы, белгілі журналист С.Сыбанбай, айтыскер ақын М.Құралов, Елбасының сыныптасы Р.Төлемісовамен сыр-сұхбат ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, біздің мақтааралдық әншілер мен өнерпаздарымыз облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп, ауданымыздың мерейін арттыруда.

– Мәдениет ошақтарының қазіргі жай-күйін айта кетсеңіз...

– Ауданда 8 мәдениет ошағы бар. Оның ішінде Бірлік ауылдық округіндегі Алғабас ауылдық мәдениет үйі мен Иіржар ауылдық округіндегі Дихан ауылдық клубы күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Биыл Бірлік ауылдық округіндегі Алғабас ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінді. Ауданымыздағы 7 мәдениет ошағы музыкалық аппаратурамен қамтамасыз етілген. Сегіз мәдениет нысанының біреуі газбен, төртеуі орталық жылу жүйесімен, үшеуі пешпен жылытылады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан С.ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ.

 

 

Пікір қалдырыңыз