Нені жеуге болмайды?

Індет кезінде тамақ мәзірінен құрамында қатты талшықтары бар жаңа піскен көкөністер, асқазанда қорытылуы қиын майлы қой еті болмағаны дұрыс. Сонымен қатар, ащы, тұздалған және ұннан жасалған өнімдерден де бас тартқан абзал. Нансыз тамақ жей алмайтын адамдардың кептірілген нан жегені жөн. Спирттік ішімдіктерді татып алмау керек. Сондай-ақ, қою кофе мен қызыл шай ішуге болмайды. Газдалған тәтті сусындарды да ішуге тыйым салынады. Олардың орнына морс, қызылы аз қара шай, минералды су ішкен жөн. Науқас қаншалықты суды көп ішсе, интоксикация синдромы да соғұрлым тезірек өтеді. Су ішу режимін дәрігермен бір рет кеңесіп барып бастаған жөн. Себебі, бүйрек, жүрек-қан тамыр жүйесі ауыратын адамдарда су мөлшері шектеулі болады. Дәрігерлер қосымша аскорбин қышқылы, Р дәруменін тағайындап жатады. Бұл дәрумендер адам иммунитетін нығайтып, қан тамырларының қалпына келуіне әсер етеді. Дәрумен тапшылығын қалай білеміз? Оның белгілері қандай? Енді осы сауалдарға жауап іздейік.

Ағзада қандай дәрумен жетіспейтінін мына белгілер арқылы білуге болады. Қолыңыз ұйып, аяғыңызда әлсіздік болса, жүрегіңіз қатты соқса, есте сақтау қабілеті төмендесе, Сізде тиамин және В1 дәрумені жетіспейді. Ол үшін тамақ мәзіріне үрмебұршақ, шпинат, қара нан, сәбіз қосу керек.

Жиі тұмауратсаңыз, тісіңізде сызат пайда болса, депрессия, апатия жиі орын алса, Сізде Д дәрумені жетіспейді деген сөз. Олқылық орнын толтыру үшін жұмыртқаның сарысы, треска бауырын, өсімдік майларын рационға қосқан ләзім.

Егер көңіл-күйіңіз түсіп, ешнәрсеге зауқыңыз болмай, әлсіздік басса, яғни невроз жиі орын алса, ағзаңызда пантотетонді қышқыл мен В3 дәрумені тапшылығы бар. Мұны қалыпқа келтіру үшін сиырдың бауырын, жасыл бұршақ пен үрмебұршақты жеу керек.

Жүзіңіз солғын, ал, тісіңіз жуған сайын қанайтын болса, салмағыңыз азайып, асқазаныңыз ауырса, онда фолий қышқылы немесе В2 дәрумені жетіспейді деген сөз. Аталған сипаттамалар сіздің бойыңызда кездессе, түсті қырыққабат, ақжелкен, брокколи және тұздалған қырыққабатты тамақ мәзіріне қосқан тиімді.

Егер, шаш жиі түсіп, терінің құрғағаны байқалса, бастың айналуы пайда болса, онда сіздің ағзаңызға В6 дәрумені немесе пиридоксин жетіспейді. Бұл дәрумендерді көбейту үшін жасыл бұршақ және тазартылмаған күріш жеген ләзім.

Ләйла АЙТОВА, инфекционист дәрігер. Шымкент қаласы.

 

 

Пікір қалдырыңыз