Құт дарыған Шұбарсу

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Ońtústik Qazaqstan».

Тәуелсіздіктен кейін құрылған ауылдардың қатарында Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылдық округі де бар. Құрылғанына небәрі 15 жылдан енді асқан Шұбарсу ауылында бүгінде 30 мыңнан аса тұрғын, 11 мыңға жуық отбасы түтін түтетіп отыр. Ал, санақ бұдан да дәл жүргізілсе, тұрғындардың нақты саны 40 000-ға дейін жетуі мүмкін. Себебі, кезінде саяжай болған бұл аймаққа көшіп келгендер тіркеуге тұра алмаған. Тіркеу жұмыстары енді ғана реттеліп жатыр. Демек, мұндағы тұрғындар саны аудан орталығы Темірландағы тұрғындар санынан екі есе көп болуы әбден мүмкін.

Бұрын саяжай болған бұл мекен 2002 жылы ауыл ретінде тіркеуге алынады. Міне, сол сәттен бастап тіршілігі қыз-қыз қайнаған елді мекен күн санап көркейіп келеді. Ауылға әр барғаныңызда оның өзгеріп, өсіп бара жатқанын көресіз. Мұнда негізінен Өзбекстаннан көшіп келген қандастарымыз мекендейді. Одан бөлек, еліміздің түкпір-түкпірінен әлі күнге дейін көшіп келіп жатқандар да көп. Атап айтсақ, Өзбекстанның Жызақ, Бұқара, Ханқорған, Ташкент, Науаи облыстары мен Ауған­стан, Қытай, Иран, Моңғолия, Тәжікстан мен Түркиядан келгендер де бар. Таяуда бұл ауылға Созақ ауданынан 20 отбасы қоныс аударыпты. Демек, Шұбарсудың өмір сүруге қолайлы, жанға жайлы аймақ болғаны ғой.

Ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Қаламқас Есенбекованың айтуынша, Шұбарсуға көшіп келгісі келетіндер саны әлі де толастамай отыр. Өйткені, жері құнарлы, шыбық шаншысаң шынар шығады. Ауа райы да жанға жайлы. Осыдан біраз жыл бұрын Жетісайдан көшіп келген ол ауылдың абаттануына кімдер үлес қосқанын да айтып берді. «Бүгінде марқұм болған Қойлыбай Қалметов дейтін кісі ауылдың дамуына үлкен үлес қосты. Өзбекстандағы барлық ағайынның жиналуына мұрындық болған да сол.

2007 жылы болуы керек, көшіп келушілер күрт көбейді. Тіпті, бір жылдары бұл елді мекенге мың отбасыға дейін көшіп келді десем артық айтқаным емес».

Жиырма жылдан бері әйелдер кеңесіне басшылық етіп келе жатқан Қ.Есенбекова ұйымның ұйытқы болуымен жүзеге асқан жұмыстарды да атап өтті. «Жаңадан көшіп келіп, елге бейімделгенше әрбір әйелдің өзіндік проблемасы болады ғой. Соның басы-қасында жүрдік. Бірақ, көз тимесін, елге келген ағайындардың барлығы да іске епті, икемшіл екен. Жұмыс десе жанып тұрады. Бірі кондитер цехын іске қосса, бірі тігін ательесінің жұмысын қолға алды. Тағы бірі «Балапан» бағдарламасы аясында балабақшалар ашып тастады. «Елге ел қосылса – құт» деп бекер айтпаған, бала саны көбейгені сонша, бір жылдары мектеп 3-4 ауысымда білім беруге көшті. Қазір ауылда 6 мектеп, 11 балабақша бар. Тағы 2 мектеп салынбақшы. Шүкір, ауылымыз жыл сайын емес, күн сайын көркейіп те, кеңейіп те келеді» дейді Қаламқас апай.

Ауыл белсендісі шұбарсулықтар көптен бері табиғи газды тағатсыздана күтіп отырғанын жеткізді. «Біз үшін ең керегі – табиғи газ. Коммуналдық мәселелерден бөлек кіре беріске әдемі арка қойылса деген тілегіміз бар» дейді ол.

Ал, Бұқара облысының Қарауылбазар ауылынан келген Машрап Қарақұлов балаларының болашағы үшін елге ертерек келуді жөн көрген екен. «Біздің ол жақта жағдайымыз жаман болған жоқ, дегенмен, ел ішінде болуды мақұл көрдік. Өз еліміздің өркендеп өсуіне үлес қоссақ дедік. Ауыл жастарын жұмыспен қамту үшін түрлі өнім шығаратын индустриялық аймақ салып берсе дұрыс болар еді. Қазір ауыл тұрғындарының 70 пайызы Шымкентке қатынап жұмыс істейді» дейді ақсақал.

Шұбарсу ауылындағы тұрғындардың басым бөлігі кезінде Өзбекстан мемлекетіне өтіп кеткен Қызылқұм ауданына қарасты болған Шымқорған ауылының тұрғындары. Кеңес Одағының Батыры Тоғанбай Қауымбаев туып-өскен жер солақай саясаттың кесірінен алғашында жалға, кейін шекара бекітілгенде біржола көрші мемлекетке өтіп кеткен. Осылайша өздерінің туып-өскен жері, атамекені бір сәтте бөтен елге айналып шыға келгенде шымқорғандықтардың көшуден басқа амалы қалмайды.

Ғасырға жуық тарихы бар Шымқорғанның даңқы Кеңестер Одағы тұсында қаракөл қой шаруашылығымен шыққан еді. Ауыл даңқын асырған еңбекқор халықтың арқасында бүгінде Шұбарсудың да шоқтығы биік болып тұр.

Сол күні Ордабасы аудандық «Таза су» мекемесінің Шұбарсу ауылындағы филиалы директорының орынбасары Жанғозы Сәмбетов пен бөлімше басшысы Әбдібақыт Ағманов (жоғарғы суретте) ағаларды да сөзге тартып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұрадық. «Біз көшіп келген жылдары мұндағы саяжайлар қараусыз қалған екен. Тағы бір он жыл дәл осылай тұрғанда еш нәрсе қалмас еді. Ел қоныстана бастаған соң ауылдың ажары кіре бастады. Шымқорғандықтардың басым бөлігі осында болса, басқалары Мақтаарал, Сарыағаш, Шымкент, Қосшы және Петропавлға дейін қоныстанған. Ата-бабамыз тұрған сулы, нулы әдемі жер қазір қаңырап қалды. Есесіне, өз еліміздегі бір ауыл еңсе тіктеді» дейді Әбдібақыт Ағманов.

Жанғозы Сәметов бұл ауылда төрт жылдай әкім болған, сондықтан елдің жағдайын жақсы білетін болып шықты. «Шұбарсудың суы таза. Бірақ, егін егетіндей тәлімдік жер жоқ. Бірқатар азамат жылыжай салады. Ал, басым бөлігі 28 шақырым қашықтықтағы Шымкентке қатынап жұмыс істеп, жан бағып жүр. Көбісі «Алаш», «Бекжан», «Автонұр» базарында сауда-саттықпен айналысады. Дегенмен, елдің жағдайы жақсы. Ауыл тұрғындары әр жерден көшіп келгенімен, бәрі тату-тәтті, бір-бірімен ынтымақта өмір сүріп отыр. Келер жылдан бастап ауылымызға су, табиғи газ келеді деп отырмыз. Одан кейін асфальт жол салынатын көрінеді» дейді ол.

Ауылдағы орталық мешіттің наиб имамы Өмірбек Қарабаев 9 жыл бұрын Жызақтан көшіп келіпті. «Біздің кешірек көшіп келуіміздің себебі, тұрған жеріміз әлі де Қазақстанға қайтатын шығар деген үміт болды. Кейін үмітіміз ақталмайтын болған соң әрекетімізді жасадық. Ел қатарлы жер алып, шама-шарқымызша үй салып алдық» дейді молда ата.

Иә, кезінде ауылда талай қиыншылықтар, жасөспірімдер арасында түсініспеушіліктер орын алғанын, кейін ауыл қариялары болып оларды ымыраға келтіргенін де атап өтті. Наиб имам мешітке жағдайы төмен, көмек сұрап келетіндер көп болған соң бас имам Нұрсұлтан Тұрдалиев, бұрынғы бас имам Әлібек Құдабаевтың бастамасымен әр дүкенге садақа жәшігін қойып, қаржы жинауды қолға алғанын айтады. «5-6 айдан соң жиналған қаржыны санасақ, 700 мың теңгедей болыпты. Ақылдаса келе жалғызілікті, көп балалы, тұрмысы төмен баспанасыз жүрген жандарға үй салып беруді қолға алдық. Әрине, бұл ақшамен үй салу мүмкін емес, бірақ жүрегінде иманы бар азаматтардың бірі шатырын, бірі есігін әперіп қол ұшын берді. Осылайша бүгінде 3 жылда 6 отбасыны баспанамен қамтыдық» дейді ол.

Шұбарсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Ғабит Аман ауыл тұрғындарының еңбекқорлығы мен ұйымшылдығын ерекше атап өтті. Мұнда ауысып келгеніне бір жыл толған ол ел азаматтарының бір-біріне қол ұшын созып, көмектесіп тұратынына ерекше алғысын білдірді.

Міне, елімізде ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем тағы бір ауыл көркейіп, кеңейіп келеді. Мұны Тәуелсіздігіміздің тағы бір жемісі деуге болады.

 

 

Пікір қалдырыңыз