Баршамызға да жауапкершілік жүктейді

2020 жылдың 25 қарашасында Елбасы, партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың қатысуымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өткені мәлім.

Съезде елімізді өркендеу жолына бағыттайтын «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты

2025 жылға дейінгі ауқымды сайлауалды бағдарлама қабылданды. Оның ішінде 2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға және білім алуға пайдалануға болатыны айтылды. Отбасы институтын нығайту мақсатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы Заң қабылданып, отбасылық соттар құрылмақ. Мұнан бөлек, елдің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлін арттыру үшін тең мүмкіндіктер жасалынбақ. Сондай-ақ, нәзік жандарды өкілдік етуші органдарға ұсыну үшін «Nur Otan» партиясы өзінің қатарына кем дегенде 30 пайыз әйелдерді қосып, атқарушы өкілді, сот органдары басшылығындағы және квазимемлекеттік сектордағы әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін ұлғайтуды қарастырды.

2025 жылға қарай 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар 95 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтылуы, сонымен қатар елімізде 800 жаңа мектептің салынуы және барлық ауыл мектептерін жоғары жылдамдықтағы интернетке қосу мәселесі бағдарламаға енгізілді.

Барлық колледждер мен ЖОО-да, сонымен қатар бала-бақшалар мен мектептердің 70 пайызында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалынады.

Сұранысқа ие мамандықтар бойынша гранттар саны 50 пайызға арттырылады. 2025 жылға қарай жастардың барлығы колледждерде сұранысқа ие мамандықтарда тегін оқып және студенттердің шәкіртақылары 2 есеге, магистранттар және доктаранттардың стипендиясы 1,5 есеге өсуі тиіс. Сондай-ақ, университеттер және колледждердің жатақханаларында 50 мың жаңа орын ашылады.

Жастарды жұмыспен қамту мақсатында «Алғашқы жұмыс орны» жобасының іске асырылуы және жас кәсіпкерлерді қолдау үшін жыл сайын 10 мың гранттың бөлінуі жайлы да сөз қозғалды.

Жыл сайын «Еңбек» бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, туризм саласында 170 мың жұмыс орнының ашылуы, ауыл шаруашылығы саласында шамамен 100 мың фермерлік және отбасылық шаруашылықтың құрылуы да сайлауалды бағдарлама өзегіне айналды.

«Жауапты адам – жауапты қоғам – жауапты мемлекет» формуласы негізінде жалпыға бірдей жауапкершілік тұжырымдамасы әзірленеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының аясында жыл сайын жетекші отандық және халықаралық сарапшыларды қатыстыра отырып, этносаралық қатынастар және ұлт бірлігін нығайту мәселелері бойынша жалпы республикалық ғылыми практикалық конференция өткізіледі. Әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау, отбасыларды, әйелдерді, жастарды, аға буын өкілдерін қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген.

Партия Төрағасы Н.Назарбаев «Біздің сайлауалды бағдарламамыз – елімізді таяудағы бес жылда жаңа даму бағытына түсіретін нақты жол картасы» деп атап өтті.

Жоғарыда атап көрсетілген мәселелерді жүзеге асыру – барлығымыздың ортақ міндетіміз.

Зуппархан ЧАЛДАНОВ, съезд делегаты, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Ескі Иқан ауылдық округі бастауыш партия ұйымының төрағасы.

 

 

Пікір қалдырыңыз