Адамзат, сілкін-дағы, есіңді жи!

Ақын Нұрмахан Назаровты айналасы «Түркістанның шырақшысы» деп текке атамайды. «Туған жер, өскен жерім – Түркістан», «Түркістаным – тағдырым», «Түркістан поэзиясы», «Шежірелі Түркістан», «Қайта оралған есім» жинақтары – ақынның кіндік қаны тамған туған өлкеге деген өлшеусіз махаббаты. Жыр әлемінде өзіндік өрнегі бар Нұрмахан аға журналистиканың да жалынан ұстап көрді. «Әзіреті Түркістан» газетін, «Түркістан нұры» журналын шығарды.
Біз бүгін оқырмандар назарына ақынның жаңа жырларын ұсынып отырмыз.
Есіңді жи, адамзат!
Адам Ата Хауа ана ұрпақтары,
Тарихты бастан кешкен мың қатпарлы.
Шырылдап шықса даусың бір қиырдан,
Шуылдап жер мен көктен үн қат бәрің!
Адамзат, қилы-қилы жолың өткен,
Басыңа бақ құсы да қонып өткен.
Ал, бүгін қырылысып жатқанымыз,
Осы ма, өркениет қолың жеткен!
Болғанда көршің – арам, досың – дұшпан,
Зымырандар ажал сеуіп тосын ұшқан.
Ғаламды сақтау емес жалмау үшін,
Жүрміз бе айла іздеп космостан!
Адамзат, сілкін-дағы, есіңді жи,
Адамдық биігіне көшіңді жи.
Қастаспас хайуан да адамдардай,
Жауықпай, бір-біріңе өшіңді тый.
Дала Парламенті
Қазақта өткен Майқы, Мөңке билер,
Мыңбасы болған Саңғыл –
Сеңке билер.
Демократия мектебін солар құрған,
Халықтың қамын жеген өңкей дүрлер!
Әрі би, әрі батыр Едігенің,
Бұрыннан қайсарлығын ел біледі.
Төле би, Қазыбек пен Әйтеке би
Тулары биіктерде желбіреді.
Айтқан сөз от та болған, оқ та болған,
Сол билер Парламент те, сот та болған.
Қақ жарып қара қылды тура сөйлеп
Жарқылдап ақ алмасты шоқтан алған!
Тыңдады жарлы, кедей шерін, мұңын,
Даналықпен қорғады ел бірлігін.
Қайтарған ат үстінен нөкерлерді,
Екі ауыз сөзбен шешіп ердің құнын!
Әр істі сары мыстай саралаған,
Алдынан ренжіп халық тарамаған.
Шегелеп шығарған соң шешімдерін,
Бір істі екі қайтара қарамаған.
Тура би тура жолдан бұлтармады,
Ақиқат бар екенін жұрт аңғарды.
Бет-жүзіне қарамай сойып салған,
Тізесі батқан елге сұлтандарды.
Беу, халқым! Әділ болсаң алалар кім,
Шыжғырсаң, шындықты айтсаң, жан алар кім?
Түп-түзу келе жатқан даңғылымыз
Сап кеткен сара жолы бабалардың!
Қазағым Қас-Сақтардан қалған тегі,
Ықылым замандардан талант елі.
Сәулесін түсіріп тұр бүгінге де,
Даланың дарабоздар Парламенті.
Бүгінде бірі манап, бірі датқа-ай,
Өлкеге бірі туған, бірі жаттай.
Үш Жүзден үш би қайта туса нетті,
Ақылсыз арландарды ырылдатпай!
Сөзімнің бірі жұмсақ, бірі қатты-ай,
Шілтиген шенділерге жүрмін жақпай.
Билерден өткендегі үлгі алсаңшы,
Шындықты қайта-қайта шырылдатпай!
Адамдардың пейілінен емес пе?
Бір аймақта ауыз суға елдің ерні кезеріп,
Бір аймақта егін суға жердің ерні кезеріп,
Бір аймақта сусыз шөлде шөп те, тал да қуарып,
Бір аймақты жермен-жексен етіп жатыр су алып.
Бір аймақта леп еспейді, ыстық күннен ми балқып,
Бір аймақты жатыр жел мен дауыл тұрып қиратып.
Мейлі мұны деп түйейік табиғаттың апаты,
Неге адамдар бірін-бірі малша қырып жатады?
Адамдарды жазықсыздан жәбірлеген, қинаған,
Кісі атуды соғыстағы көруші едік кинодан.
Жас ұландар ойнап-күліп мектепте жүр мылтықпен,
Қалың көптің ортасында кісі атуды кім күткен?
Жақсылықтың бәрі-бәрі жер астына түсті де,
Жын-сайтандар қаптап өріп шықты жердің үстіне.
Ғалымдардан «көріпкел» көп, дәрігерден тәуіп көп,
Жаттан емес, дінін сатқан қандастардан қауіп көп!
Көп елдерде салдарынан көкіректегі күйіктің,
Езілгендер жағасынан алып жатыр биліктің.
Соғыс емес, бейбіт күнде болып жатқан жарылыс,
Бейбіт жұртқа жасалынған хайуани залым іс!
Досым айтты: – Әлем түгел толып кетті егеске,
Мұның бәрі – ақырзаман тақалғаны емес пе?
Бір Алланың өзіне аян, бірақ менде лаж да жоқ,
Ел билеген тойымсыздар пейілінен демеске!
Абайға жүгіну
Көктей солып, жанбай сөніп сан арман,
Қажып кейде түңілгенде заманнан.
Жүйкем тозып жүгінемін Абайға
Араша іздеп дүниеден қабарған.
Қайран Абай мыңмен жалғыз алысқан,
Надансыңдар деп сөгесің алыстан.
Бақастығы кетпейтұғын қазақтың –
Жүз жыл бұрын айтып кеткен данышпан!
Орнағанмен басымызға азат күн,
Қамыты әлі мойнымызда азаптың.
Бақталастық, парақорлық меңдеген
Мерезі әлі жазылмады қазақтың.
Мәнсіз ойдан мәнсіз сұрақ туындап,
Жыл он екі ай мәжіліс өтер дуылдап.
Басшы сөзін өзіне айтар қайталап,
Алып-қосар пікірі жоқ шуылдақ!
Сыршыл ақын сырты мұздай, іші от,
Көптің азда, бардың жоқта ісі жоқ.
Сыртынан тек сыбыр-сыбыр әкімнің,
Шаршы топта шындықты айтар кісің жоқ.
Үрген қарын үстіндегі үрген доп,
Міңгірлейді бірдеңені білген боп.
Қазына мүлкін қарақшыға таратып,
Жұрттың қамын ойлағансып жүрген көп.
Ел билеуге жаны құмар жуандар,
Өз пайдасын, өз мансабын қуғандар.
Өзін дана дегізе алмай дертті жүр,
Құнанбайсыз Абай болып туғандар!
Нұрмахан НАЗАРОВ.