Аты аңызға айналған астаналар

Біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтарда Оңтүстік Қазақстан өңірінің батыс бөлігінде арийлер өмір сүрді. Алайда, бұл өлкенің отырықшы тұрғындары олар ғана емес еді, «Авеста» атты кітапта турлардың, сайримдардың, саинилардың, дахтардың, канхалардың тайпалары туралы айтылады. Арийлер өздерін Ариан Вайджаның елі деп атаған. Олар өзінің иелігіне ұланғайыр жерді қосып алды. Оның құрамына Датья (Сырдария), Ардви (Әмудария) өзендері кірді.

Бірінші мыңжылдықтарда Оңтүстік Қазақстан өлкесінде этникалық реңк өзгерді, бұл неғұрлым әртүрлі сипатқа ие болды. Бұл жаққа қарай түркі тайпалары келе бастады. Олар бірте-бірте аталған аумақта өз ықпалын жүргізді. Иранның Тұранмен бітіспес бәсекеге түсуінің ең негізгі себебі осы еді.

Сақтардың өлке тарихында жарқын із қалдырғанын айта кеткен жөн. Сырдария мен Аралдың төменгі сағасында сақтар – массагеттер өмір сүрді. Бұл ержүрек халық туралы грек тарихшыларынан қалған жазбалар көп. Қазіргі адамдардың көпшілігі массагеттер мен олардың әйел патшасы Томиристің ержүрек тарихын құрметтеп, бас иеді.

Сақтар – көшпелі өмір салтын ұстанды, сондай-ақ диқаншылықпен айналысып, қала салуды да меңгерді. Сондай елді мекендердің бірі – Шірік-Рабат қаласы (Қызылорда облысының Қармақшы ауданың маңы). Оның негізін біздің заманымызға дейінгі XIV ғасырда дах тайпалары қалады. Аталған елді мекен Қазақстанның аумағындағы ең байырғы қалалардың бірі. Біздіңше, Шірік-Рабат аталған тайпалардың ең ежелгі астанасы. Оның байырғы тұрғындары өркениет дамуына ерекше үлес қосқан. Бұған олардың құмыра жасау, ұсталық және металл құю ісін өркендетуі дәлел бола алады. Шірік-Рабаттың мәдени саладағы ең қызықты әрі таңдандыратын жетістігі – кітапханасы еді. Осының өзінен-ақ мұнда жазу өнерінің дамығанын аңғарамыз. Археологиялық ізденістердің арқасында табылған бұл дүние – әлемдік құбылыс!

Орта ғасырлар тұсында Шірік-Рабатты оғыздар мекен етті. Шірік-Рабат – олардың астанасы болып саналды. Айтқандай, ежелгі қалашықты зерттеуге белгілі археолог С.П.Толстов үлкен үлес қосты.

Ұзақ уақыт бойы (біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ғасырдан V одан б.з. дейін) Оңтүстік Қазақстанның батыс бөлігі Кангюй мемлекетінің құрамында болды.

Бастапқы кезде оның астанасы – Канха, содан кейін Битянь қалалары болды. Бірқатар деректер осы қалалардың екіншісін Отырар және Ташкент деп сипаттайды.

Кангюйліктер – үндіеуропалық халық еді. Ғалым А.Н.Бернштамның пікірінше, кангюйліктер біздің заманымыздың шегінде түркітілдес халық ретінде саналған (Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық археологиялық зерттеулері. «Ғылым» («Наука») баспасы, 1980 жыл, 39-бет, 200 бет).

Оңтүстік Қазақстан өлкесінің өркендеуіне Ұлы Жібек жолы ұланғайыр рөл атқарды. Қала салу, сауда, түрлі кәсіптің кең қанат жаюы өңір өмірінің барлық жағынан гүлденуіне әкелді.

Ұлы Жібек жолының тамырына қан жүгірткен ежелгі қалалардың бірі Янгикент (Қызылорда облысының Қазалы ауданы) маңы болатын. Аталған шаһар біздің заманымыздың І ғасырында бой көтерді. Бұл шаһар X-XI ғасырларда оғыздардың астанасы болды. Мұнда оғыздар билеушісінің сарайы, әскери гарнизон, храмдар мен базарлар орналасты.

Сырдарияның төменгі сағасына тағы бірқатар оғыздар қаласы орналасты. Солардың қатарында Жент, Жаңакент, Хувара қалалары бар еді. Бұлардың ішінде Жент қаласының төңірегіне ықпалы зор болды. Ол оғыздардың астанасы, басты шаһарларының бірі ретінде саналды. Аталған қаладан көптеген атақты ғалымдар шықты. Мысалы, филология ғылымдарының докторы Әбсаттар Дербісәлі аталған қаланың ғылым әлеміне белгілі 18 өкілінің есімін атады.

Ал, Отырар өз заманында әлемдік деңгейдегі қала болды. Отырар – ұлы ойшыл, философ, математик әл-Фарабидің, астроном (жұлдызшы), математик Аббас Жаухаридің, лингвист және географ Исках әл-Фарабидің туған отаны. Осында белгілі сопылық ілімді таратушы Арыстан баб өмір сүріп, еңбек етті. Аталған қалада оған қоса бірнеше ондаған ғалым зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, атақ-даңқтары алысқа кетті. Мұнда бүкіл әлемге танымал кітапхана жұмыс істеп тұрды.

Отырар біздің заманымызға дейінгі І ғасырдан XІІІ ғасырға дейін өркендеп, гүлденді. Ал, Монғол шапқыншылығы кезінде қала толықтай талқандалды. Тек XV ғасырда ол қайта салынып, бой көтерді. Қаланы екінші мәрте жоңғарлар талқандаған еді.

Отырардың жанында ортағасырлық көптеген елді мекендер орын тепкен. Бұл сөзімізге Құйрықтөбе, Көкмардан, Алтынтөбе, Марданкүйік қалашықтары жарқын дәлел. Отырар өзінің саяси ажар-келбетін жиі өзгертті. Оған көптеген мемлекеттердің билеушілері иелік етті. VІІІ ғасырда Оңтүстік Қазақстанның аумағына арабтар табан тигізді. Ислам дінін насихаттай келген олар осындағы басқа діни сенімдерді бірте-бірте тықсыра бастады. Түркілік және соғдиалық жазуларды араб жазулары алмастырды.

Исламды таратуда Түркістан қаласы зор рөл атқарды. Бұл іске бірінші кезекте сопылық ілімді таратушы Қожа Ахмет Ясауи үлкен үлес қосты. Ал, 1396-1398 жылдар аралығында Әмір Темірдің бұйрығы бойынша атақты сопылық ілімді таратушының қабірінің үстінен кейіннен бүкіл әлемге танымал болған кесене салына бастады.

Әулиелердің сұлтаны Қожа Ахмет Ясауи көпшілікке жақсы мәлім «Диуани Хикмет», «Миратул-Кулуб», «Пақырнама» секілді еңбектер жазды. Мансұр Ата, Сайид Ата Хорезми, Сүлеймен Бақырғани секілді шәкірттері оның ілімін, ізін жалғастырушылар ретінде аталады. Осы даңқты қалада көптеген белгілі ғалымдар мен дін өкілдері өмір сүріп, елге руханият таратты.

Түркістан Х ғасырда Шавгар деп, ХІІ ғасырдан бастап Ясы (Яссы) деп аталды. Шаһар 1599 жылдан 1729 жылға дейін Қазақ хандығының астанасы болды.

Сауран қаласы (Түркістан облысы) да ежелгі қалалардың санатына жатады. Ол іргетасын біздің заманымызға дейін І ғасырда қалаған. Махмуд әл-Қашқаридің мәліметінше, мұнда ятук тайпасы өмір сүрген.

Аталған шаһар XIV ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орданың орталығына айналған.

Оңтүстік Қазақстанның батыс бөлігінде орын тепкен белгілі қалалардың қатарына Сығанақ шаһарын (Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы) жатқызуға болады. Ол қаланың іргетасы шамамен V-VIII ғасырларда қаланған. Қала стратегиялық маңызға ие еді. Ол 1469-1551 және 1521-1599 жылдары Қазақ хандығының астанасы ретінде белгілі болды. Бұрындары бұл қала Сырдария маңындағы қыпшақтардың астанасы еді. Ал, XIV ғасырда Алтын Орданың астанасы атанды.

Сығанақта ұлы ойшыл әрі ақын Хиссамиддин әл-Сығанақи, ақын Хафиз Хорезми өмір сүріп, еңбектерін қалдырды. Бірқатар ғалымдар аты аңызға айналған Қорқыт Атаның да осы жерде өмірге келгендігін айтады.

Оңтүстік Қазақстанның шығыс бөлігінде Қазақ хандығының астанасы болған Созақ шаһары (1465-1469 жылдары) орын тепкен. Аталған хандықтың астанасы сондай-ақ Ташкент шаһары (1729-1781 ж.ж.) болғандығы тарихтан белгілі. Кеңестік кезеңдерде, яғни 1925 жылдан 1929 жылға дейін Қазақ АССР-нің астанасы Қызылорда қаласы болды. Бұрын бұл шаһар Ақмешіт және Перовск деп аталды. Аталған аймақтың тағы бір ерекшелігі – осында ғарышкерлердің астанасы атанған Байқоңыр қаласы орналасқан. Бұрындары бұл аумақты қазақтар әулие санап, Жеркіндік деп атаған.

Түркиялықтар Оңтүстік Қазақстанның батыс бөлігіне бүгінде үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл бекер емес. Өйткені, Сырдария өзенінің құяр сағасы мен қарт Қаратаудың етегі (баурайы) олардың ата-бабаларының арғы Отаны. Олар осы жерден Кіші Азияға қоныс аударып, сол жақта Селжүк, одан соң Осман империяларын құрған.

Сонымен, аталған аймақтарда 11 астана орын тепті. Олар – Шірік-Рабат, Канха, Битянь, Янгикент, Жент, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Созақ, Ташкент, Қызылорда қалалары еді. Бұл орайда астаналардың көп болуы аймақтың стратегиялық ерекшелігін дәлелдейді.

Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан өлкесінің батыс бөлігі көп өзгерісті бастан кешіп жатыр. Бірінші кезекте бұл өңір Түркістанның жаңа мәртебеге ие болуымен, яғни облыс орталығы атануымен ерекше сипатқа ие. Қала көз алдымызда күн санап жасара түсуде. Сөйтіп, ол Қазақстанның таңдаулы, көрікті қалаларының қатарына қосылды. Экономикасында да үлкен өрлеу байқалады. Мәселен, Созақ ауданы уран өндірудің орталығы ретінде танылды. Түркістан облысы стратегиялық

шикізат – мақта өсіреді. Ал, Қызылорда облысының даңқы күріш өсірумен және мұнай өндірумен шықты. Екі облыста да суармалы жерлердің ауқымы ұлғайып, мал саны көбейіп келеді.

Әбдіқадыр ДӘУІТБЕКОВ, Чувашия Ғылымдар академиясының академигі, Ресей және Чувашия Жазушылар одақтарының мүшесі, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың ғылыми қызметкері.

 

 

Пікір қалдырыңыз