«Қазақтар ерлікті қайталамайды, өздері жасайды»

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Бұрмаланған тарих
Ұлы Отан соғысының ақиқаты 75 жылдан бері айтылып та келеді, кейбір мәселелер айтылмай да келеді. Қалай болғанда да 1941-1945 жылдар аралығын қамтыған сұрапыл шайқастың шырғалаң тарихы мен шындығы толық зерттелді деп ешкім айта алмаса керек. Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық құндылықтары үшін ол тарихты жаңаша зерделейтін мезгіл жеткен сияқты. Ұлы Отан соғысындағы Қазақстанның алатын орны мен атқарған рөлі әлі айқындалып болған жоқ. «Ақтаңдақтар» жабулы қазан күйінде жатыр. Кеңестік кезеңдегі әскери архив Ресейдегі Подольск қаласында. Ондағы мұрағаттарды алуға қол жеткізсек, көп құпияның беті ашылатыны сөзсіз. Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихы бұрмаланған тарих екенін ғалымдардың өздері айтады. Қызыл империя көсемдері ұсақ ұлттарды елегісі келмеді. Оларды орыс жауынгерлерінен оздырмауға тырысып бақты. Қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы ерліктері ерен болғанымен, көп жағдайда марапат жағынан қағыла берді. Мысалы, 1941 жылдың 12 желтоқсанында Алматы қаласында жасақталған 100-атқыштар бригадасы туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Тілеу Көлбаев бұған дейін айтылмай келген біраз жайлардың бетін ашты. Соның бірі – ұлттық 100-дербес атқыштар бригадасы 1942 жылы 25 қарашада Ржев түбіндегі айқасқа 4 889 адам болып кіріп, ұрыс соңында қатарда 43 жауынгері ғана қалғанын тарихшылар анықтады.
Жауынгерлердің жанкештілігі
Дарынды қолбасшы, халық батыры Бауыржан Момышұлының сөзімен айтсақ, «ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы». Соғыс тарихының беттерінде «Матросов ерлігі – 275, Талалихиндікі – 176, Гастеллоның ерлігі 207 рет қайталанды» деп күні кешеге дейін жазылып келді. Осы арада қазақтар сияқты аз ұлт өкілдерінің ерліктері жете ескерілмей қалған сияқты. Жалпы, ерлік атаулы қайталана ма?! Мәселен, 28 панфиловшы батырдың Мәскеу түбіндегі ерлігі теңдессіз! Оны ешкім қайталай алған жоқ, қайталай алмайды да.
Кеңестер Одағының Батыры жоғары дәрежелі атағын осы уақытқа дейін барлығы 12,6 мыңдай адам алған екен. Соның ішінде 1941-1945 жылдар аралығында жауынгерлік ерлігі үшін 11 695 жауынгер әскери марапатқа ие болған. Мұның 500-ден астамы қазақстандықтардың үлесіне тисе, олардың 98-і қазақ» деген мәлімет бертінге дейін өзгермей келді (қазір олардың саны 105-ке жетті). Одақ тұсында батырлар саны жағынан республикамыз төртінші орын алса, ал, ұлттық құрамы жағынан қазақтар орыс, украин, беларусь, еврейлер мен татарлардан кейінгі алтыншы орынға табан тірегені тарихтан мәлім. Оның үстіне ормандай орысы көп Ресей мен саны жағынан одан бірнеше есе аз қазақтарды салыстыруға бола ма, тәйірі?!
Әдетте біз Кеңестер Одағының Батыры атағын алғандарды ғана қаһарман деп есептейміз. Мәскеу түбінде фашистердің 50 танкісін өртеп, өздері қаза тапқан 28 панфиловшының ішіндегі 4 қазақ жігіті – Нарсұтбай Есболатов, Әлиасқар Қожабергенов, Әліпбай Қосаев, Мұсабек Сеңгірбаев қазақтан шыққан тұңғыш батырлар. Өз ерлігін Александр Матросовтан 17 күн бұрын жасаған Атырау облысының тумасы Боран Нысанбаевтың жанкешті батырлығын бүгінде екінің бірі біле бермейді. Осындай ерлік жасаған Сұлтан Баймағанбетов Ленинград түбінде, Ақәділ Суханбаев Польшада, Сүндетқали Есқалиев Белоруссияда, Жанғазы Молдағалиев Днепр өзенінің жағасында, Тастемір Рүстемов Смоленск облысында, Жұман Қарақұлов Чехословакия жерінде жантәсілім етті. Майдандас қаруластарының кедергісіз алға жылжуы үшін кеудесімен амбразура жапқан Сабалақ Оразәлиновтің жанқиярлық ерлігі де елеусіз қалды. Немістің 360 солдаты мен офицерінің көзін құртқан 100-бригаданың әйгілі мергені Ыбырайым Сүлейменов 1943 жылдың шілде айында Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанымен, баһадүрге Ленин ордені ғана бұйырды.
«Герои Советского Союза» деген екі томдық кітапта мынадай дерек те бар: «Артемьев Иван Тимофеевич. Русский. Пулеметчик. Огнем своего пулемета уничтожил более 30 солдат и офицеров противника». Оған осы үшін батыр атағы берілген. Ал, 30 бен 360 санын салыстырып көрсеңіз, айырма жер мен көктей болып шықпай ма?!
Гастеллоны ауызға алсақ, оның ерлігін қайталаған Нүркен Әбдіров еске түседі. Лапылдап жанған ұшағын жау техникасына қарай бағыттаған ұшқыштың Гастелло емес, Масловтың экипажы екені кейін анықталды. Ал, осы экипаждың кұрамында Бақтыораз Бейсекбаев деген қазақ болған. Әрине, екі рет батыр атағын алған Талғат Бигелдиновтің жөні бөлек. Міне, осындай қаракөз қырандардың қатары көп еді. Біліс Нұрпейісов – Кеңес Одағының Батыры атанған қазақтың үшінші ұшқышы. Ал, 1941 жылдың 8 тамызында ұзақ қашықтыққа ұшатын ұшақпен Берлинді бірінші бомбалаған батыр Біләл Қалиевті бәріміз жете біліп болдық па? Есіл ер мінген ұшақтың қаңқасын 1985 жылдың жазында Липецк облысы, Дебринский ауданының қызыл ізшілері батпақ ішінен қазып алмағанда, бұл батырдың дерегі сол күйі беймәлім болып қалар еді.
Сұрапыл соғыста 2 420 ұшқыш Одақтың үлкен наградасына ие болды. Солардың ішінде қазақтар аз емес еді. Қаһармандар Нұрмағанбет Түргенбаев пен Байтұрсын Есіркеповтің экипажы әуеге 206 рет көтеріліп, фашист ұшақтарымен қиян-кескі ұрыс жүргізген. Ол экипажда штурман Қадес Имашев, атқыш-радист Төлебай Тәжібаев, Хасан Ибатулин, Салих Ахметов, Имам Зайнуддинов есімді нағыз жаужүрек сарбаздар болған. Сондай-ақ, Алмабек Жұмабеков, Хамит Қалиев, Өміртай Түсіпбаев, Ыдырыс Мұстафин, Талау Сәрсенбаев сияқты ұшқыштардың есімдері алтын әріптермен жазылып тұруы керек еді. Атақты палуан Қажымұқанның қаржысына құрастырылған ұшақпен №701 авиаполкте соғысқан Қажытай Шалабаев әуеге 217 рет көтерілді. Тәжірибелі ұшқыш Асқар Жандаровтың ерлігіне түркістандықтар әлі де тағзым етеді. Хиуаз Доспанованың ерлігі еліміз егемендік алған жылдары ғана ескеріліп, оған «Халық Қаһарманы» атағы берілді. Парашютші және екінші штурман болған Дәмелі Жәкееваның жорық жолдары үлкен зерттеуді қажет етеді. Алтын Уәлиева немістің 67 ұшағын атып түсірген Кеңестер Одағының Батыры А.Сироткиннің зеңбірек оқтаушысы болғаны мәлім.
250 мыңнан астам танкист Одақ бойынша түрлі орден мен медальға ие болса, оның 1 142-сі Батыр атанған. 1945 жылы 16 сәуірде Берлин қаласын алуға қатысып, фашизмнің ордасына бірінші болып енген Айтмағанбет Нақыпов нағыз жаужүрек батыр болатын. Ал, гвардия аға лейтенанты Оспан Мұқанов өз экипажымен Еуропа елдерін неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты. Батыл танкист Ғали Әділбеков жайында Кеңестер Одағының маршалы И.И.Якубовский өзінің «Отқа оранған жер» атты мемуарында: «1944 жылы 21 қазанда Днепрден өтер кезде гвардиялық танк полкінің командирі, полковник Ғ.Әділбеков деген қазақ ерлікпен қаза тапты» деп батырға ыстық ілтипатын білдіріпті. Сондай-ақ, майор Сабыр Құрманалин, Хамит Құттыхожин, Шәкір Баймұханбетов, Елу Жолымбетов, Молдияр Дүйсенбаев сияқты танкті ұршықша үйірген сарбаздар қазақ халқының мақтаныш етер ұлдарына айналды.
«Даңқ» орденінің толық иегері, жерлесіміз Қаратай Қалтаев та қаһармандықтың үлгісін көрсетті. Ауыр техниканы ер азаматгардан қалыспай меңгерген қазақ қыздарына қалайша қайран қалмайсың?! Кіші сержант Жамал Байтасова өз экипажымен жаудың бірнеше атыс нүктелерін жойып, басқыншыларға қарсы атой салған. Оның майдандас құрбылары Кұлкен Тоқбергенова, Жәмила Бейсенбаева да неміс басқыншыларымен жан аямай шайқасты.
Қолбасшылар пікірі қандай?
Маршал К.К.Рокоссовский 1941 жылдың қарашасында Бауыржан Момышұлын шақырып алып, «бүкіл Қызыл Армияны білмеймін, менің армиямда полк командирі болған аға лейтенант сіз боласыз» деп ағынан жарылса, генерал-полковник П.Л.Романенко:
«Қазақтар – кеңпейіл, ақжарқын, ержүрек, батыр халық. Жауынгерлерім тек қазақтардан құрылса, мен әрқашан риза болар едім» деп сүйіспеншілігін білдіріпті. Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков өзінің «Естеліктер мен ой-толғаныстары» атты мемуарында танкист, лейтенант К.Мәдиевтің взводы туралы сүйсіне жазады. Сібірде жасақталған Мәскеу түбіндегі дивизиялардың біріне генерал Белобородов басшылық етті. Ол: «Уверен, что только благодаря нашим сибирякам, да казахам и тюркам Поволжья, СССР смог отбросить немцев от Москвы! Дело в том, что хваленные славянские народы СССР на самом деле были небоеспособны, зачастую трусливы в бою, постоянно сдавались в плен» деп жазды.
Оңтүстік өңірінде Кеңестер Одағының 50 батыры тұрған. Солардың 20-сы қазақ болды. Тағы бір жерлесіміз, құралайды көзге атқан мерген Төлеуғали Әбдібеков 397 немістің көзін жойса да, өзіне лайықты атақты ала алмай келеді. Мұндай мысалдар аз емес.
«Тозған ел тарихын жаспен жазады, толған ел тарихын таспен жазады». Шүкір, тәуелсіздік алдық, еліміз еңсе тіктеді. Бұрынғыдай Мәскеу жаққа жалтақтауды қойдық. Сондықтан өз тарихымызды бүгінгі белес биігінен бағамдайтын кез жетті.