Аттары өзгеріп жатыр, заттары ше?

Баян ДАРҒОЖИНА «Ońtústik Qazaqstan».

Қазіргі уақытта еліміздегі саяси партиялар алдағы үлкен саяси науқанға қызу дайындық үстінде. Дегенмен, парламенттік сайлауға қатысатын партиялардың арасында әзірге белсендісі «Nur Otan» болып тұр. Көшбасшы партия биыл праймериз өткізіп, партияның бойына қан жүгіртті.

Бүгінде өзге партиялар да өз қатарларына жастарды көптеп тартуға тырысып жатқан сыңайлы. Ал, Қазақстанның коммунистік халық партиясы сайлау қарсаңында атауын өзгертті. Енді ҚКХП «Қазақстанның халық партиясы» деп аталады. Осы үшін әріптестеріне өкпелеп, партия қатарынан шығып кеткен 83 жастағы В.Косарев коммунистер деген сөзді жалғап өзі бас болып жаңа партия құрмақ. Жанына тек шынайы коммунистерді жинамақшы. Биыл аяқ астынан ребрендинг жасап отырған бұрынғы әріптестері бұл партияның кезектен тыс ХV съезінің басты жаңалығы екендігін айтады. «Бұл дегеніміз коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес, біздің еліміздегі әлеуметтік мәселелерге көп мән беруімізбен байланысты. Еліміздегі шешілуі тиіс мәселелердің көбі әлеуметтік салаға қатысты. Партия мүшелерінің қатарын кеңейту, бағдарламамыздың аясын кеңейтуді көздейміз. Сондай-ақ, біз партиялардың қатарында жоқ, бірақ өзіндік идеялары бар азаматтарды өз партиямызға шақырамыз» деді ҚКХП-ның хатшысы Жамбыл Ахметбеков.

Сайлау жақындағанда ребрендинг жасатып отырған жалғыз партия бұл емес, «Бірлік» саяси партиясының атауы да өзгерді. 5 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өткен саяси кеңестің отырысында ребрендинг туралы шешім қабылданды. Партия төрағасы Серік Сұлтанғалидың айтуынша, олар ребрендинг, атауды өзгерту туралы зерттеу жүргізген. Оны кәсіби әлеуметтанушылар жүргізіпті. Олар атаудың 10-ға жуық нұсқасын қарастырған. Партия атауын өзгерту туралы ұсыныс саяси кеңес мүшелерінің дауыс беруіне шығарылып, нәтижесінде «Адал» атауы қолдау тапқан. Мамандар мұны халықтың жаңаруға деген қажеттілігін, әділеттілікке деген сұранысымен түсіндіреді дейді. Партия құрамы да жастармен толықты.

Ал, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы 18 қарашада өткізген кезектен тыс ХVІІІ съезінде партияның сайлау алды бағдарламасын бекітті. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар тізімі жария етілді. Тізімге 19 адам кіріп отыр. Айта кету керек, үміткерлердің үштен бірі жастар мен әйелдер.

«Ауыл» партиясының негізгі мақсаты – Парламентке өту. «Мұны біз ешқашан жасырған емеспіз, – деді «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев. – Өйткені, биік мінберлерден ауылдың, ауылдағы ағайынның жоғын жоқтап, мәселелерін көтеретін бір саяси күш болуы тиіс. Біз өзімізді сол статусқа лайық партиямыз деп сеніммен айта аламыз».

«Ауыл» партиясы күшейіп келеді. Бүгінде партия құрамында 300 мыңға жуық адам, мыңнан астам ұйым бар. Соңғы 5 жылда партия қатары 52 мың адамға толыққан.

Ауылдың шаш-етектен келетін проблемасын партияластар жақсы біледі. Партия төрағасы ауыл шаруашылығын дамытуға жыл сайын қомақты қаржы бөлінгенімен, дұрыс игерілмейтінін айтады. Себебі, несие сыйақысын субсидиялау бағдарламасы жасалса да, екінші деңгейлі банктердің ауыл шаруашылығына бет бұрғысы жоқ. Сондықтан «Ауыл» партиясы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жылдық өтемақысы 2 пайыздан аспайтын несие беру жүйесін ұсынады.

«Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы. Төрт түлігін түлетіп, шаруасын өрге сүйреп отырған ауыл – бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбектің қайнар көзі. Алайда, өкінішке қарай, бүгін ауыл адамының тұрмысы жайлы бұлай айта алмаймыз.

Шенеуніктер ауыл тұрғындарының саны азая бастаса, білім ошақтары мен денсаулық сақтау мекемелерін жаба салуды әдетке айналдырды» дейді партия төрағасы.

Оның атап өтуінше, мемлекет тарапынан «Ауыл – ел бесігі» атты арнайы жоба соңғы екі жылдың көлемінде іске асырылуда. Алайда, ол бағдарламаның өзінің ауыл инфрақұрылымын реттеуге қауқары жеткіліксіз. Мемлекеттік органдар арасында үйлесімді тірлік жоқ, бөлінген қаражаттың тиімділігі төмен. Елімізде ауыз су мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Жол сапасы да сын көтермейді. «Ауыл» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасына ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жөніндегі мемлекеттік жоба дайындау қажеттігін ұсынып отыр. Ауыл халқының өмір сүру деңгейі қалаға жетпесе де жетеқабыл болуы шарт деп есептейді. Партия өзінің сайлауалды бағдарламасын 10 желтоқсаннан кейін жария етпек.

«Ақ жол» партиясы 20 қарашада өтетін партияның ХVІ сайлауалды құрылтайында алдағы сайлауға Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі және сайлауалды дайындықтың өзекті бағыттарын талқыламақ. Құрылтай онлайн форматта ZOOM платформасында өтеді және оған партияның 17 аймақтық конференциясында сайланған делегаттар қатысады.

Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Абдукамал Әшімбековтің айтуынша, партияның съезі 27 қарашада өткізілмек.

Парламент Мәжілісінде В.Косаревтен өзге де ұзақ жылдар бойы мандаттарын оңайлықпен бергісі келмей отырған депутаттар аз емес. Олардың дені 3-4 сайланымда депутаттық креслосын босатпай әлі отыр. Енді алдағы сайлауда олар жылы орындарын қиып тастап кете алады ма? Олардың орындарын күш-қуаты тасыған, білімді, жігерлі жастар баса ма? Мұны қаңтардағы сайлау нәтижесі көрсетеді деген сенімдеміз.

 

 

Пікір қалдырыңыз