Мұқтаж отбасылар баспаналы болды

Қайырымды іс жасауды азаматтық парызы санаған жетісайлықтар алты отбасыға үй сыйлады.

Игі іс ҚМДБ-ның 30 жылдық мерейтойына орай «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында жүзеге асырылды. Шара барысында баспана тауқыметін тартып жүрген 6 отбасыға барлық жағдайы жасалған жаңа үйлердің кілттері табыс етілді. Олардың жалпы құны 90 миллион теңгеден асады.

– Халық арасында «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген керемет сөз бар. Осы орайда әрқашан халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беруге асығатын, елдің анасы атанған Жамал апамызға және оның ісін жалғастырып жүрген ұлы, белгілі кәсіпкер Бахараддин Аблазимовке тұрғындар атынан алғысымды айтамын. Қайырымдылық арқылы баспана сыйлаудың жарқын үлгісін Жамал апамыз көрсетіп, көпке үлгі бола білді. Бұл орайда жергілікті азаматтардың ерекше белсенділігін айта кеткеніміз абзал. Әрбір үйді салуда еріктілер тобы және жомарт жандар ерекше үлес қосты. Олар іргетастың қаланған сәтінен тұрғын үй пайдалануға берілгенше қайнаған жұмыстың ортасында жүрді. Қайырымдылық жасау арқылы ауданның әрбір азаматы өзінің қолында бар дүниесімен бөлісіп, мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына өз үлестерін қосты. Алдағы уақытта да осындай мақсатта жер телімдерін тегін беріп, мұқтаж жандарға қажетті жағдай жасайтын боламыз, — деді аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев.

Баспана тауқыметін 16 жылдан бері тартып келе жатқан жалғызбасты көп балалы ана Жәудір Төреханова жаңа қоныстанушылар атынан рахметін жаудырды. Жетісай ауданы орталық мешітінің бас имамы Жорабай Дулатбаев бұл істің негізгі ұйымдастырушысы әрі бастамашысының бірі Бекзат Сыздықов екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да қайырымдылық шаралары жалғасын табатынын айтты.

Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

 

 

 

Пікір қалдырыңыз