Қасқасудың қарлығашы

Қазақ халқы қарлығашты адамның досы әрі қамқоршысы деп біледі. Тіпті, үйіміздің төріне ұя салып балапандарын қанаттандырып жатса, ол үй бақ-берекеге толы болады деп қуанады. Өйткені, қарлығаш – үйдің күзетшісі. Ол өзінің алтын ұясында балапанын қалай өсіруді, қанаттандыруды, ұрпағына қалай жақсылық жасауды адам баласына үйретіп келеді емес пе?!

Мен ұзақ жылдардан бері қызметтес болып, қыр-сырын білетін Күлдар Аралбекқызын қарлығаш сияқты еңбекқор, жақсылыққа жаны құмар, айналасына жақсылықтың нәрін сеуіп жүретін жаны жайсаң, аяулы азаматша деп білемін.

Күлдар ханымның бойындағы тазалық пен адалдық, елге деген қамқорлығы ерекше десем, артық айтқандығым емес. Әр адам өз ісіне адал, елге қарлығаштай қамқоршы болу керектігін басқосуларда жиі айтып отырады. Төтенше жағдай кезінде жапа шеккен халыққа қол ұшын созуға бастамашы бола білген де Күлдар Аралбекқызы болатын. Ол қиналып жүрген жандарға моральдық және материалдық көмек көрсетуде аянып қалған емес. Өйткені, Күлдар халықшыл, оның алғашқы еңбек жолы да халықты әлеуметтік қорғау мекемесінде басталған. Әке тәлімін бойына молынан сіңірген жас маман көпшілікпен қоян-қолтық жұмыс істей білді. Міне, содан бері қызметте сатылап көтеріліп, халық мүддесі үшін аянбай қызмет етіп, тер төкті.

Күлдармен қаншама жыл бірге қызметтес болсам да, оның ашуға беріліп, біреуге қатты жекігенін көрген емеспін. Үнемі жайдары, бірқалыпты, салмақты, сабырлы қалпынан айныған емес. Кішіпейілділік пен мейірімділікке толы қасиеттері нағыз халық қалаулысына лайықты дерсіз. Күлдардың әкесі Аралбек қариямен кездескенімде ол кісінің ерекше адам екенін байқадым. Сөзі салмақты, айтар ойы ұрпаққа ой салатындай, білімді де қарымды жан екен. Осындай отбасыдан тәлім-тәрбие алған Күлдардың жүрегі жылы, адами қасиеті биік болмауы мүмкін емес. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген қазақтың тамаша сөзі бар. Бүгінде мәуелі ағаштай жайқалып, елі үшін еселі еңбек етіп жүрген Күлдар ханымның өнегелі істері көп.

Қасқасудың қасиеті болар, қазақтың біртуар ақыны Мұхтар Шаханов та осы өлкенің тұнық ауасын жұтып, тынық суын ішіп өсті. Сол Мұхаңдай еліне елеулі қызмет етіп, халықтың сүйіспеншілігіне бөлену – Күлдар ханымның да басты арманы.

Күлдардың мен білетін тағы бір қасиеті, ол жалған сөзден аулақ, айтар ойын көркем жеткізуге, ал, кемшін тұстарды бет-жүзің бар демей, ашық айтуға қабілетті. Қасқасудың самалы, Алатаудың басындағы сағым-мұнар, үш шоқының төскейі, даланың ақ түні, ай қараңғысындағы жарық жұлдыз – бәрі де сөзіне қуат, ісіне азық берді. «Қоныраулатып көктем де келді маған» деп Фариза апасы жырлағандай, Күлдардың бүгінге дейінгі еңбек жолы көктемнің нұрға бөленген әдемі күйін көзге елестетеді.

Мыңжасар АСҚАРҰЛЫ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері.

 

 

1 пікір

  • Бибігүл
    Бибігүл

    Керемет жазылған иә Кулдар Аралбекқызы Қасқасу елінің қарлығашы

Пікір қалдырыңыз