Кәсіптік білімнің көкжиегі кең

Түркістан облысында қазіргі таңда 64 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы бар. Оның 31-і мемлекеттік болса, 33-і жекеменшік. Бұл оқу орындарында 44 878 студент білім алуда.

Халықты «Баршаға арналған тегін кәсіптік техникалық білім» жобасына қатысуға көптеп тарту мақсатында 16 аудан, қалада жалпы саны 712 адамнан тұратын 74 мобильдік топ құрылған-ды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биылғы оқу жылында облыс бойынша 975 азамат қабылданып, бағдарлама шеңберінде білім алып жатқандар саны 5300-ге жетті.

Өткен оқу жылында колледж бітіргендердің 75,6 пайызы тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, оның ішінде дуальді оқыту жүйесі арқылы білім алған түлектердің жұмысқа орналасуы 78,2 пайызды құрап отыр.

Мамандарға сұранысты айқындау мақсатында облыс әкімдігі бекіткен тізіммен 8 сала бойынша құрылған жұмыс тобының ұсынысына сәйкес мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінуде. Биылғы оқу жылында аталған білім беру тапсырысы бойынша 7291 орын бөлініп, оларды аудан, қалалық әкімдіктердің, салалық басқармалардың және жұмыс берушілердің кадр сұраныстарына сәйкес оқыту көзделуде.

Түрмеде жазасын өтеуші азаматтардың мамандық алуы үшін облыстағы түзеу мекемелерінің базасында 3 колледждің бөлімшелері құрылып, қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 450 сотталушы жұмысшы мамандықтарына оқытылуда. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында алғаш рет Түркістан облысында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін (саңырау балалар) жағдай жасалып, 2 колледжде 44 студент тігін өндірісі және есептеу техникасы мамандықтары бойынша инклюзивті білім беру жүзеге асырылуда.

Айта кетерлік тағы бір жайт, Кентау қаласында мүгедек азаматтарды оқытатын арнаулы кәсіптік колледж орналасқан. Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысымен мұнда 80 студент білім алады.

Әр жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуға ниет білдірген ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға тегін кәсіптік білім алуға жолдама берілуде. Биылғы оқу жылында мектеп бітірген жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 116 бала жолдама арқылы колледждерде тегін оқуға мүмкіндік алды.

Соңғы 2 жылда 54 колледж халықаралық аккредиттеуден өтіп, институционалды және мамандандырылған аккредиттеуден өткені туралы сертификаттарға қол жеткізді.

Дуальді оқытудың жол картасын кеңейту аясында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, қолөнершілерді даярлайтын колледжде, Түркістан қаласындағы құрылыс объектілерінде қажет мамандарды дуальді оқыту жүйесімен даярлау ісі қолға алынған. Биылғы оқу жылында дуальді білім беретін колледждер саны 38-ге артып, ондағы студенттер саны 5615-ке жетті. Облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде 418 кәсіпорынмен келісімшарт түзіліп, шағын және орта бизнес субъектілері дуальді оқытуға тартылды.

2018-2020 оқу жылының жазғы демалысы кезінде құрылыс мамандарын даярлайтын колледж студенттері мен ерікті жастар облыс аумағындағы құрылыс объектілерінде жұмыс істеді. Құрылыс отрядында болған жалпы саны 511 студент өз мамандықтары бойынша іс-тәжірибеден өтті. Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдайдан зардап шеккен үйлердің ғимараттарын салуға 5 колледжден 100-ден аса студент жұмылдырылды.

Халықыралық «WorldSkills» қозғалысын дамыту мақсатында соңғы екі жылда облыстың жеткен жетістіктері де аз емес.

2018 жылғы «WorldSkills Kazakhstan-2018» ұлттық чемпионатында облыстың 7 студенті жүлделі орындарға ие болды. 2019 жылы «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионатына облыс атынан қатысқан 33 студенттің 17-сі (4 алтын, 2 күміс, 2 қола, 9 медальон) жүлдегер атанып, жалпыкомандалық есепте Түркістан облысы үшінші орынды иеленді. Ал, биыл «WorldSkills Russia» халықаралық чемпионатына Кентау көпсалалы колледжінің түлегі, «WorldSkills Kazakhstan-2019» V республикалық чемпионатының жеңімпазы Мақсат Тәліпхан «Сырлау және әрлеу жұмыстары» бойынша қатысып, жүлделі ІІІ орынға ие болды.

Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту бойынша жеткен жетістіктерді айтпай кетуге болмас. Кәсіптік білім саласын дамытуда Түркия Республикасының «Түрік ынтымақтастық және үйлестіру» агенттігімен, Өзбек-стан Республикасы жоғары және арнайы орта білім беру министрлігімен, Германияның «KNAUF» компаниясының Қазақстандағы филиалдарымен салалар бойынша педагог кадрлар мен білім алушылардың өндірістік тағлымдамасын ұйымдастыру бойынша келіссөздер жүргізілді. Келес ауданындағы №13 колледж Ташкент қаласындағы №3 колледжбен ынтымақтастық жүргізу туралы келісімшарт жасасты.

Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен басқармаға қарасты 26 және 19 жекеменшік колледжде «Sanaly urpaq» жобасы жүзеге асуда. Jastar.kz жобасы аясында «Жастар сыбайлас жемқорлыққа қарсы» тақырыбында 14 акция ұйымдастырылып, оған 2000-нан астам студент қатысты. Семестрдің аяқталуына орай колледждерде «Парасыз сессия» акциялары мен «Жемқорлыққа жол жоқ!», «Сыбайлас жемқорлыққа деген әлеуметтік көзқарас», «Сыбайлас жемқорлық – қауіпті індет», тағы басқа тақырыптарда семинарлар мен «дөңгелек үстел» мәжілістері тұрақты түрде өткізілді.

Түркістан қаласы колледждерінің студенттері «Transparency Kazakhstan» жазғы мектебінде оқу курстарынан өтті. Облыстағы 64 колледжде жыл сайын білім күні мерекесіне орай бірыңғай «Адалдық сағаты» өткізіліп, әлеуметтік желілерде «Ұстаздар сыйлық алмайды» видеоэстафетасы жарияланды. Сонымен қатар, колледждерде Парасаттылық мектептері, Integrity Shop дүкендері ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жыл сайын басқарманың бұйрығымен 8-10 азаматтан құралған бақылаушы штабы, 218 қоғамдық өкілден құралған мобильді бақылаушылар тобы құрылып, колледждердегі қабылдау емтихандары кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің орын алуын болдырмау, емтихандардың ашықтық пен жариялылық жағдайында өтуі қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, қабылдау емтихандарын өткізу кезінде объективтілікті арттыру мақсатында Түркістан облысы бойынша арнайы мониторингтік топ мүшелері оқу орындарының қабылдау комиссия құрамына қосымша бұйрықпен енгізіліп, оқушылардың қабылдау емтихандарына қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Аталған жұмыстар тұрақты түрде жалғасын тауып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жандандырылады.

Тағы бір назар аударарлық жетістік ретінде Jastar.kz жобасы шеңберінде ҚР Білім жән ғылым министрлігінің бастамасымен «ҚР колледждерінің 100 үздік студенті» жобасына облыстағы 12 студент іріктеуден өтіп, 2 білім алушы «100 үздік студент» тізіміне енгенін атап өтуге болады.

Педагог-психологтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ҚР «Право» қоғамдық қорының кәмелетке толмағандарды психологиялық-әлеуметтік, құқықтық қолдау орталығының ұйымдастыруымен 2 рет оқыту семинары ұйымдастырылып, оған 51 қызметкер қатысты. Сондай-ақ, «ReFrame» тұлғалық дамыту орталығының мамандарын шақырту арқылы 66 педагог-психолог біліктілігін арттырып, «Talap» КЕАҚ-ның ұйымдастыруымен 2679 педагог IT курстары бойынша қашықтықтан оқыту технологиясын меңгеру шеңберінде арнайы даярлықтан өтті.

Атқарылған жұмыстар аз емес, алға қойылып отырған мақсаттар одан да көп. Алдағы уақытта облыстағы техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту үшін әрбір колледж педагогының үлесі зор екенін ескере отырып, жалпы педагогтар қауымын Қазақстандағы кәсіптік білім беру саласының 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз.

Рахия АСАНОВА, Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары, «Құрмет» орденінің иегері.

 

 

Пікір қалдырыңыз