Мақта машақаты: Биылғы баға үмітті ақтай ма?

Міне, мақта терімінің басталғанына да бір айға жуықтап қалды. Алғашқы өнімнің қырманға түскеніне екі аптадан асса да әлі нақты бағасы шыққан жоқ. Шаруа-диқандар күн райының қарасып тұрғанын пайдаланып, Жер-ананың берген ырыс-несібесін шашпай-төкпей ертерек жинап алудың қарекетінде жүр.

Иә, науқан қызған шақта терімші табу қиындай түседі. Комбайнмен тергізгісі келетіндер де ұзақ-сонар кезек күтуге мәжбүр. Ал, қалталы азаматтар комбайн санын көбейтуге құлықсыз. Өйткені, жылына бір-ақ ай жұмыс беретін оны қыруар ақша шығындап сатып алу тиімсіз. Сол үшін ірі шаруа қожалықтары өздерінің мақтасын теріп алуға үлгеретін бір-екі комбайнды ғана қалдырып, қалған ақшасын «айналымы» күшті басқа салаға жұмсағанды тәуір көреді. Есесіне екі-үш гектар жері бар шағын шаруалар азын-аулақ мақтасын тергізе алмай қиналады. Оның үстіне сұраныс артқан сайын терімшінің де, комбайнның да қызметі қымбаттай түседі. Осылайша егістік алқаптағы «ақ алтынды» күн суытпай жатып қырманға жеткізгенше асыққан шаруалар жиын-терім кезінде шаш-етек шығынға батады. Міне, сол себепті биылғы бағаның қандай болмағын білгісі келіп, құлақ түріп, мойын созып жүргендер көп. Тұрмыс-тіршілігі тікелей осы дақылмен байланысты болған соң бағаның тәуір болғанын тілеп, күні-түні күтумен жүретінін де түсінуге болады.

Иә, мақта бағасына қатысты бір тоқтамға келе алмай жүргенімізге біраз жыл болды. Нарықтық заманда сұраныс болатын өнімді ғана өсіру керек дейтіндер көп. Бірақ, мамандар бұл пікірмен келіспейді. Әсіресе, мақта шаруашылығына машықтанған аудандарды жаппай бау-бақша, жеміс-жидек өсіретін өңірге айналдыру мүмкін емес екенін айтады. Осы саланың білгір маманы, «Ақорда» шаруа қожалығының төрағасы Тұрғанбек Қанаевтың айтуынша, әр өңірдің топырақ құнарлылығына, климатына қарай егіс егу керек. «Мысалы, Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес, Отырар аудандары мен Арыс, Түркістан қалалары сияқты құмдауыт жерлері бар өңірлерге жеміс-жидектен гөрі бау-бақша, жазықтық жерлеріне суды көп керек етпейтін мақта, жүгері, жоңышқа еккен жөн. Ауыспалы егісті де осы дақылдар арасынан таңдау керек. Егер өз шығынын ақтамады деп мақта егуді тоқтатсақ, жер тоқырауға ұшырайды. Оны қайта қалпына келтіру қиын болады. Сол себепті бағасы арзан болса да диқандар өздерінің бұрыннан егіп келе жатқан мақтасынан қол үзгісі келмейді. Биыл болмаса келесі жыл, келесі жыл болмаса одан кейінгі кезеңде, әйтеуір, бағасы көтерілетін шығар деп үміттенеді. Бұл үміті негізсіз де емес, өйткені, мақта шикізатын тереңірек өңдесе одан күнделікті ішіп-жейтін азық-түліктен бастап, киім-кешекке дейін нәпақа шығаруға болады. Сол үшін мақта өңдейтiн шағын зауыттарды ашуға жәрдем берiп, бәсекелестiктi мейлiнше арттыру қажет. Шетелден инвесторлар тартып, қауымдасқан қожалықтардан өңделген өнiмдi тiкелей сатып алатын болса, одан түсетiн қыруар қаржы шаруаның қалтасында қалады. Әрі көптеген адам тұрақты жұмыс табады. Сонда ғана мақташы қауымның еңбегі ақталады» дейді кәнігі диқан.

Отыз жылдан бері өзінің «Қайсар» шаруа қожалығына тиесілі он гектардан аса жерге мақта егіп, машақатын тартып жүрген мақтааралдық диқан Боранбай Оразбайұлының да бұл мәселеге қатысты өз айтары бар. «1991 жылы мамыр айында отбасылық шаруа шаруашылығын құрдым. 1993 жылдан бері 11 гектар суармалы егістік жерді 49 жылға жалға алып, шитті мақта техникалық дақылын, бау-бақша өнімдерін өсіреміз. Биыл да 5 гектар жерге қауын егіп, мол өнім алдық. Яғни 5 гектар алқаптан 5 миллион теңге пайда таптық. Ал, қалған 6 гектар жерге мақта егіп, 12 тонна «ақ алтын» жинап, ауылдағы мақта пунктіне әр тоннасын әзірше 130 мың теңге кепілдік бағамен өткіздік. Яғни алдағы уақытта баға көтерілсе үстіндегі үстемесін береді, көтерілмесе сол 130 теңгені қанағат тұтуымызға тура келеді. Енді қараңыз, біздің 6 гектар жерден алған 12 тонна мақтамыз бар болғаны 1,5 миллион теңге болды. Ал, 5 гектар қауын одан үш есе көп кіріс келтірді. Салыстырмалы түрде «ақ алтын» құнының тым құлдырап кеткенін байқайсыз. Себебі, шикізатты өзімізде тереңірек өңдегеннен гөрі біз экспортқа көбірек басымдық береміз. Есесіне арзымайтын тиын-тебенге сатылған өнім шетелдерде одан әрі тереңірек өңделіп, өзімізге он есе қымбат бағамен қайтып келеді» дейді ол.

Оның айтуынша, мақтаға сұраныс жоқ емес. Өйткені, дәл қазір мақта қабылдау пункттері өздеріне керекті өнімді жинап алу үшін жанталасып жатыр. Бірақ, нақты бағасын шығаруға асығар емес. Сол үшін бұған мемлекеттік тұрғыдан мән беріліп, ала жаздай аптап астында жүріп кетпен шапқан шаруаның еңбегін лайықты бағалаудың жолдарын қарастыру керек екенін айтады.

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА...

Шаруалардың көптен күткен сауалына да жауап табылды, яғни мақта бағасы белгілі болды. ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңестің қорытындысы бойынша 1 және 2-ші сұрыпты мақтаның 1 келісі үшін төленетін баға кемінде 130 теңге болып бекітілді. Әрине, бұл баға шаруалардың шығынын толық ақтап, көл-көсір пайдаға кенелтеді деп айта алмаймыз. Дегенмен, «кемінде 130 теңге болады» дегені диқандарға алдағы уақытта баға көтерілетін шығар деген сәулелі үміт сыйлайды.

 

 

Пікір қалдырыңыз