Таулы Қарабақ әлі талқыға түсіп жатыр

Ресей президенті Владимир Путин Армения мен Әзірбайжанның СІМ басшыларын Мәскеуге шақырды. Бұл кездесуде Таулы Қарабақ қақтығысы кезінде қаза тапқандардың мәйіттері мен тұтқындарды алмасу мәселелері талқыланбақ. Кремль баспасөзінің мәліметіне сүйенсек, Ресей басшысы Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиевпен және Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянмен телефон арқылы сөйлескен. Өзара диалог барысында Ресей Федерациясы Таулы Қарабақ аймағында жүргізіліп жатқан әскери қимылдарды тоқтатуға шақырды.

Бұған дейін Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Рашад Мамедов екі ел арасындағы әскери қақтығысты шешу кезінде Қазақстанның моральдық және саяси қолдауы қажет екенін мәлімдеген-ді. Әзірге Қазақстан көпвекторлы саясатты ұстанатындықтан таразы басын тең ұстап отыр.

Айта кетейік, Таулы Қарабаққа қатысты әскери жанжал толастаған жоқ. Степанакерттің әртүрлі аудандарында 30-ға жуық зымыран жарылған. Күні бүгінге дейін 200-ден аса адам көз жұмса, оның көпшілігі бейбіт тұрғындар. Әзірбайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Армения билігінен территорияларды босатуды талап етуде. «Таулы Қарабақ – Әзірбайжанның аумағы, біз ол жерді қайтаруға міндеттіміз» дейді Ильхам Әлиев. Ал, Армения бұл талапты орындауға келісе қоймады. Армения премьер-министрі Никол Пашинян «Осы жылдар ішінде Әзірбайжан бізге екі-ақ таңдау ұсынып келді. Біріншісі – Арцах армяндарының құқын қорғаудан бас тарту. Екіншісі – соғыс. Міне, дәл осы контекст бізді бүгінгі жағдайға алып келіп отыр» дейді.

Айта кетейік, Әзірбайжан жағы түріктердің қолдауына ие. Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Шавушоглы Әзірбайжанның да территориялық тұтастығын қолдайтынын, қажет болса көмек беруге дайын екендерін айтқан болатын. «Біз келіссөздер үстелінде де, майдан шебінде де Әзірбайжанмен біргеміз» дейді Мевлүт Шавушоглы.

Ал, Армения өз территориясында орналасқан Ресей әскери базасымен доқ көрсететін сыңайда. Никол Пашинян Ресейдің әскери базасы Армения қорғаныс жүйесінің ажырамас бөлігі екенін ескертіп, «нақты жағдайларда әскери базаның потенциалы қолданылуы мүмкін» дегенді айтады. Әйтсе де, Ресей өз әскерін пайдаланар пиғыл танытқан жоқ.

Ал, Брюссельде өткен Еуроодақ саммитінде одақ басшылары Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылады. Ресей, АҚШ және Франция басшылары — ЕҚЫҰ-ның Қарабақ жөніндегі Минск тобының тең төрағалары қарсы тараптарды қақтығыстарды тоқтатуға және келіссөздерді алдын-ала шарттарсыз бастауға шақырған болатын.

 

 

Пікір қалдырыңыз