Жүйелі жұмыс жемісін беруде

Қазір елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты білім саласына алаң білдіріп отырғанымыз жасырын емес. Әрбір ата-ана баласының сапалы білім алғанын қалайды. Қазіргідей карантин шектеулері кезінде ата-ана мен білім ошақтары қызметкерлерінің арасындағы түсініспеушіліктер де осыдан туындаса керек.

Жалпы қалада 752 білім беру мекемесі тіркелген. Оның 526-сы балабақша, 178-і орта мектеп, 31-і колледж болса, 9 қосымша білім ұйымы мен 8 арнайы мекеме бар. Бұл оқу ордаларында 330 мыңға жуық бала оқиды.

Биыл Шымкентте мектепке баратындар саны былтырғыға қарағанда 12 мыңға артып, 224 618-ге жетіпті. 24 490 бала мектеп табалдырығын алғаш аттаған. Карантин шектеулеріне байланысты 174 978 бала қашықтан білім алуда. Ата-аналардың өтініші негізінде 3 344 кезекші сынып ашылып, онда 49 460 бала оқып жатыр. Қашықтан оқыту нәтижесі бойынша Шымкент қаласы республикада алдыңғы орындарда тұр. Шаһардағы барлық мектептерде «Bilim Iand-Onlinemektep.org» интернет платформасында қашықтан оқыту ұйымдастырылған. Сондай-ақ, «Күнделік.кз» электронды-ақпараттық журналдар жүйесіне көшкен. Ал, 31 колледжде қашықтан оқыту «Smart Nation College» интернет платформасы арқылы іске асырылуда.

Жалпы колледждерде 27 мыңнан астам студент бар болса, оның 11 мыңға жуығы мемлекеттік тапсырыс бойынша оқиды екен. Мектепке дейінгі ұйымдарда да ата-аналардың қалауы бойынша балаларды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылып, топтағы бала саны 15-тен аспайды. Қазіргі таңда, 3566 кезекші топта 42 178 бала тәрбиеленуде.

Оқу жылы басталар алдын жүргізілген мониторингтік зерттеу арқылы қаладағы оқушылардың 36 пайызына компьютер қажет екені анықталған. Білім беру ұйымдарындағы компьютер құрылғылары әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан 35 798 балаға берілді. Алдағы уақытта тағы 44 982 бала компьютерге қол жеткізбек.

Қаладағы барлық білім мекемелері толықтай интернет желісіне қосылған. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» АҚ арқылы білім ұйымдарының интернет желісінің жылдамдығын 8 Мб/с - 12 Мб/с-қа дейін ұлғайту бойынша қосымша келісімшарттар түзілуде. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды интернет желісіне тегін қосу жұмыстары жүргізілген. 17 701 отбасыға «Bilim al» интернет-тарифіне қосылған сим-карталар берілсе, 760 отбасыға кабельді интернет желісі тартылды.

Интернет жылдамдығы төмен қала сыртындағы елді мекендер бойынша Шымкент қаласының цифрландыру басқармасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, 8 орынға байланыс стансасын орнату жұмыстарын бастады.

Қашықтан оқыту форматына өтуге байланысты қала тұрғындары, ата-аналар тарапынан компьютерлік техникамен және интернетпен қамтамасыз ету мәселелері бойынша бірқатар арыз-шағым білім басқармасының әлеуметтік желілеріне түскен. Аталған өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, шешімін тапқан.

Пандемия жағдайына байланысты санитарлық қажеттіліктерді сатып алу үшін мекемелерге 38 млн. теңгеден астам қаржы қаралып, барлық білім беру ұйымдары толығымен санитарлық қажеттіліктермен қамтамасыз етілді.

Жанат ТӘЖИЕВА, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы.

 

 

Пікір қалдырыңыз