Колледжге — заманауи құрал-жабдықтар!

Бүгінде үшінші мегаполисте ауқымды іс-шаралар мен түрлі бағдарламалар сәтімен жүзеге асырылуда. Бұл жоспарлар қала тұрғындарының талабына сай ұйымдастырылған. Әсіресе, білім саласына жіті көңіл бөлінуде.

Шымкент қаласында «Жас маман» жобасы аясында жол-көлік колледжіне қажетті құрал-жабдықтар алынды.

Мемлекет қазынасынан аталмыш оқу орнының материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарттар талаптарына сай, соңғы заманауи үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында тиісті қаржы бөлінген болатын. Осыған орай «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару» мамандықтарына керекті жабдықтар алынды.

Колледжге 40-қа жуық құрал-жабдық алынып, оқу ғимаратына орнатылды. Олардың қатарында Bosch FSA 740 автокөлік жүйелерінің диагностикалық кешені (мототестер), LAUNCH X431 Pro 3 диагностикалық мультимаркалы сканері, Р-500Е әмбебап стенд, жүк автомобилінің механикалық беріліс қорабы, электрлендірілген стенд «Теміржол бағдаршамдарының сигнал беру жүйесі», «Талшықты-оптикалық байланыс ВОЛС-4» оқу-практикалық кешені секілді қондырғылар бар. Болашақта бұл құрылғылар студенттердің білім көкжиегін кеңейтіп, жан-жақты дамуына пайдасын тигізері сөзсіз.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылған «Жас маман» жобасының негізгі мақсаты – халықаралық стандарттар талаптарына сай жоғары білікті мамандар даярлау және колледждер мен ЖОО-ларды заманауи үлгіде жаңғырту болып табылады. Келешекте жол-көлік колледжі осы талапқа сай жұмыс атқаратын болады.

Альвира Пайысхан.

 

 

Пікір қалдырыңыз