Жастарға жол ашқан құжат

Өркениетті қоғамдағы кез келген мемлекет халықтарының өмір сүру деңгейі, әлеуметтік-экономикалық дамуы, ондағы этносаралық қарым-қатынастың тұрақты болуы оның Конституциясына тікелей байланысты. Себебі, Конституцияның ең негізгі міндеті – адам мен адам өмірін, құқығы мен бостандығын қорғау.

Адамзат дамуына үңілсеңіз, әр заманның өзіне сай заңы болғанына көз жеткізер едіңіз. Әр тайпа, әр ру, әр ұлттың, хандықтар мен патшалықтардың дәстүрлері, өмір сүру дағдылары бір-біріне қаншалықты ұқсамаса, заңдары да бірін-бірі қайталамайды. Өзге жұрттарды айтпай-ақ, өз еліміздегі заңдарға тоқталар болсақ, алғашқы қазақ хандығы құрылған кезеңдерде бабалардың 19 баптан тұратын «Қасым ханның қасқа жолы» деген заңмен өмір сүргенін тарихтан талай оқығанбыз. Одан кейінгісі Тәуке ханның тұсында қабылданған – «Жеті жарғы». Қазақ даласында талай жылдар салтанат құрып, елдіктің белгісі болған бұл құжаттарды Ата Заңның қайнар көзі деп айтатындар аз емес.

Ал, кеңестік кезеңнің кісенін шешіп, алғаш тәуелсіздік алған сәтте, яғни 1991 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң қабылданды. Одан кейін 1993 жылы 28 қаңтарда тұңғыш Конституция қабылданды. Бұл болашаққа нық қадам басқан мемлекет тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі болды. Осынау Ата Заң аясында демократиялық, зайырлы мемлекет құру үшін әр салаға байланысты көптеген заңдар күшіне енді.

Дегенмен, заман талабына сай заңдардың да жаңарып тұратыны заңдылық. Осы аралықта кейбір заңдарды қайта қарап, көптеген өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келді. Мұның барлығы Қазақстанда өмір сүретін әр азаматтың бейбіт өмір сүруі үшін жасалған және алдағы уақытта да жалғаса беретін игі қадам еді.

1995 жылы 30 тамызда бүкіхалықтық референдум арқылы қабылданған бүгінгі Конституциямыз – сондай игілікті ойлардан, зайырлы қоғамға ұмтылудан туындаған құжат. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Ата Заң елімізді телегей табыстарға бастады. Ең маңыздысы, жеке адамның өмірі мен құқығына аса құрметпен қарау мәдениеті бірінші орынға шығарылды.

Мәселен, бүгінде елімізде сөз бостандығына шектеу жоқ. Әсіресе, бұл үдерісті тәуелсіздікпен қатар өскен жалынды жастар өмірінен жіті аңғаруға болады. Озық ойлы, білімді де білікті жастар қоғамдағы кемшіліктерді түзеуге, игі істер атқаруға атсалысып, ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтауға да үлес қосып келеді. Жақында «Nur Otan» партиясының бастамасымен партия ішіндегі елшіл азаматтарды іріктеуге арналған праймериз басталды. Айта кетейік, бұл партияішілік сайлау өз ойы, өз идеясы бар жандарды жаңылыспай анықтау үшін өткізілгелі отыр. Ең маңыздысы, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, праймеризге қатысушылардың 20 пайызы жастар болуы қажет. Қазір өз құқығын білетін, ойын еркін жеткізетін облыстың белсенді жастары праймеризге қатысатынын жариялап, құжаттарын тапсыру үстінде. Бүгінге дейін праймеризге қатысу үшін облыс бойынша 300-ден астам адам өтініш берсе, соның 100-ден астамы жастар екен. Бұл цифр әлі де өсе түсуі мүмкін. Бір қуантарлығы, аламан дүбірде шалғайда жатқан ауыл жастары да көптеп бақ сынамақ ниетте. Демек, бұл сол елдің тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы ауыл жастарын да бей-жай қалдырмайды деген сөз. Бұл бір жағынан Ата Заңымыздың ешқандай да жасанды емес, шынайы өмірмен астасып кеткендігін көрсетеді. Бәріңіз де білесіздер, заңның талабы бойынша 20-дан асқан кез келген жас аудандық, қалалық және облыстық мәслихаттың депутаттығына үміткер ретінде тіркеле алады.

Бұл дегеніміз – барынша сауатты, туған елінің тағдыры бей-жай қалдырмайтын жаңа дәуір ұрпақтарының Ата Заң аясында ел саясатына еркін араласуына мүмкіндік беру. Қалай болғанда да Ата Заңды құрметтеу, оны заман талабына сай жүзеге асыру тәуелсіз мемлекетіміздің баянды болашағын қалыптастырудағы ізгілікті қадам болып саналады.

Бекжан Уәлихан, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің студенті. Отырар ауданы.

 

 

1 пікір

  • НҰРАЛЫ ЖАҚЫПБЕК
    НҰРАЛЫ ЖАҚЫПБЕК

    Мақалаң керемет и керек. Талабыңа нұр жаусын. Праимеризге 20 пайызы жастар болса, сенде құжаттарыңды тапсыр... Дүбірлі додадан сеніңде үлесің бар

Пікір қалдырыңыз