Үш адамның ақшасын жымқырған күдікті қолға түсті

Ұсталған азаматқа күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
Облыс полицейлері жұмысқа тұрғызамын деп миллионнан астам қаржыны жымқырған
күдіктіні ұстады. Атап айтсақ, Сарыағаш
АПБ-ға жергілікті тұрғындар арызданып, алаяқтықтың құрбаны болғандарын
хабарлаған. Жәбірленушілер күдікті ер адам оларды жұмысқа орналастырып беремін
деп бірінен 250 мың, екіншісінен 400 мың, ал үшінші тұрғыннан 700 мың теңге
алғанын айтып арызданған. Алайда, бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмыс та,
ақша да жоқ болған. Яғни жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі бір
миллионнан асады.
Сарыағаштық сақшылар аталған жайттарды бірден СДТТБТ-ға енгізіп, ҚР ҚК-нің
190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алады. Осыдан соң полицейлер
жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, көп ұзамай күдікті ретінде аудан тұрғынын
қолға түсіреді. Күдікті ер азаматтың жұмыссыз жүрген жергілікті тұрғын екендігі
белгілі болды. Ұсталған азаматқа күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды.
Бүгінде аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары «Алаяқтық»
бабымен жүргізілуде. Қазіргі таңда полицейлер оқиғаның мән-жайын толық тексеріп,
күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтау үстінде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері кез-келген азаматқа сенім
білдірмей, сақ болуды, сондай-ақ жұмысқа орналастырып беремін, несие алып
беремін не болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға
көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер сіз алаяқтардың
құрбаны немесе осындай қылмысқа куә болсаңыз тез арада полицияның «102»
телефонына хабарласыңыз.