ЖЕДЕЛ АҚПАРАТ ЖАРШЫСЫ: Интернет журналистиканың қоғамдағы рөлі қандай

Олардың кейбіреуі өздерін «журналиспін» деп таныстырады. Осы тұсын ойласам күлкім келеді, өйткені олардың басым бөлігі журналистиканың заңдылықтарын да білмейді.

Күн сайын бір жаңалық ашылатын қазіргі технологияның қарыштап дамып жатқан кезеңі адам өміріне түрлі өзгерістер әкеліп жатыр. Бұл үдерісті кез келген саладан анық аңғаруға болады. Соның бірі – әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан жаңалықтарды қоғамға әп сәтте жеткізетін ғаламтордағы ақпараттық портал немесе сайттар. Ал бұл саланы жүргізетін журналистер қалай жұмыс істейді, нені меңгеруі қажет, жедел ақпараттың қоғамға тигізетін пайдасы мен зияны қандай? Осы сынды сұрақтарға жауап іздеп, бірнеше ақпараттық-танымдық сайтта қызмет істейтін Қарашаш Есенбаймен сұқбаттасып көрдік.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген Қарашаш бүгінде өз мамандығы бойынша қызмет етіп жүр. Анықырақ айтсақ, фрилансер деуге болатын шығар, өйткені ол бірнеше сайт пен журналға сұқбат жазады. Одан бөлек, өзінің мектебін ашып, журналистика саласы бойынша онлайн курстар өткізіп жүр екен.

- Шыны керек, қазір өзімді журналист дегеннен гөрі интервьюермін дегім келеді. Өйткені бұрын газетте жұмыс істеген кезде аналитика, сараптамалық мақалалар жазатын едім. Ал, соңғы үш жылдың көлемінде газет-журнал мен сайттарға тек сұқбат жариялап жүрмін. Әрі осы жанр маған қатты ұнайды, әр кейіпкердің «келбетін» ашу, онымен сұқбаттасу өзіме қызықты әрі жан қалауым – дейді Қарашаш ЕСЕНБАЙ.

Оның айтуынша, интернет журналистика – бұл өткен ғасырдың соңында пайда болып, жаңа жүзжылдықта кең таралған журналистиканың жаңа бағыты. Бәріміз білетіндей қазір бұрынғыдай емес, бір жаңалықты жариялау, оны бөлісу бір минуттық шаруаға айналып кеткен. Әлемнің қандай да бір нүктесінде болған жаңалықтан қолыңыздағы смартфон арқылы сол уақытта хабардар бола аласыз. Яғни, интернет журналистиканың мақсаты – ғаламтор арқылы ақпаратты жедел тарату.

- Интернет журналистиканың мамандары дегенде, қазір ғаламтордағының барлығы ақпарат таратушы болып есептеледі ғой. Олардың кейбіреуі өздерін «журналиспін» деп таныстырады. Осы тұсын ойласам күлкім келеді, өйткені олардың басым бөлігі журналистиканың заңдылықтарын да білмейді. Тек ақпарат таратса, сайт ашса, не сонда жұмыс істесе журналиспін деп ойлайды. Ал, «нені меңгеру керек?» деген сұраққа келер болсақ, ақпаратты дұрыс талдай алуды білу керек дер едім. Сосын, журналистік этиканы сақтаса... Себебі бір-бірінен көшіріп, ұнамаса қайта өшіріп отыра беретін ақпараттық сайттар баршылық – дейді кейіпкеріміз.

Газетте бірнеше жыл жұмыс істеп, одан бөлек республикалық «Сырласу» журналының редакторы болған Қарашаш газет-журнал редакциясындағы еңбек пен жұмыс барысы өзіне өте жақсы таныс екенін де айтты. «Басылымдар сайттар секілді ақпаратты минут сайын таратып отырған жоқ қой. Сондықтан апталық, айлық басылымдарды алып оқитын халық аз. Ең маңызды артықшылығы – баспаға кететін материалды әбден ізденіп, оқып, оны қайта редакциялап, корректорға тексертіп дегендей бірнеше сатыдан өткізіп барып жарияланады. Ал сайтта өзің жазып, жариялай бересің. Онда грамматикалық қатеден бөлек, өрескел кемшіліктер жиі орын алып жатады. Оған күн сайын куә болып жүрміз» - дейді ол.

Оған қоса, еліміздің кей аумақтарында ғаламтор қолжетімсіз екенін де жасырмаған жас тілші жақында ауылына келіп, сайттарға сұқбат жариялауы, әлеуметтік желілерді бақылауы қиын болып жатқанын жеткізді.

Жалпы, интернет журналистика мен мерзімді басылымдардың айырмашылығы, артықшылықтары мен кемшіліктері туралы көптеген пікір бар. Бірақ, екеуінің басты қағидаттары өзгерген жоқ. Ол – журналистің ақпаратты қабылдауы, талдауы және қоғамға жеткізуі. Дегенмен, кейіпкеріміз айтқандай, қазіргі интернет журналистика ақпаратты талдау, сараптау процесін әлсіреткен секілді. Өйткені, көптеген ақпараттық порталдар мәліметті алғашқы болып жариялауды мақсат етіп, өзара уақытпен жарысып жатыр. Ол оқырманның ой өрісіне, ақпарат немесе ахуалдың толықтай ашылуына кері әсерін тигізері анық. Әлбетте, көпке топырақ шашпаймыз. Алайда, кей адамдар айтып жүрген «интернет журналистика бірінші орынға шығып, газет-журналдардың тағдыры трагедияға айналады» деген пікірге осы бір салдармен-ақ «мат» қоюға болады. Себебі, газет-журнал ақпаратты жеткізіп қана қоймай, оқыған адамның әлеуметтік-саяси сауатын арттырып, тіпті тәрбие құралы ретінде де қолданылады. Ал, интернет журналистика – жедел жаңалықтардың жаршысы. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» – екеуінің мақсат-мүддесі бір, тек жұмыс барысы мен бағыты бөлек.


Бауыржан Ерман,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз