Білікті мамандар даярлайды

Қазығұрт ауданындағы «№11 колледж» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны Елбасы тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасын жүзеге асыруға кірісті.

Аталмыш жоба «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіреді. Негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғыртуды және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу.

Жоба аясында шешімдер қабылдаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, салалық қауымдастықтардың және «Атамекен» ҰКП қатысуымен «Жас маман» жобасын іске асыру жөніндегі комиссия құрылды. Ендігі жерде барлық шешімдерді осы комиссия талқылап, қабылдайды.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сұранысқа ие 100 мамандықтың тізімін анықтады. «Жас маман» жобасының артықшылығы сол, оқу орындарында осы аталған ең қажетті мамандықтарға басымдық беріледі.

«№11 колледжде» бүгінде оқу үдерісі 7 мамандық бойынша жүзеге асырылады. Атап айтқанда: фермер шаруашылығы, дәнекерлеу ісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, тамақтануды ұйымдастыру, тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу, ғимараттар мен құрылымдарды салу және пайдалану, іс қағаздарын жүргізу және мұрағаттау.

Күн өткен сайын колледждің оқытушылар құрамы да сандық және сапалық жағынан өсіп келеді. Білім ордасында 72 оқытушы мен өндіріс шебері жемісті қызмет аткарады. Олардың 19-ы жоғары, 15-і бірінші, 25-і екінші санатты қызметкер және алтауы магистратураны аяқтаған білікті маман.

Аталмыш білім ошағы «Фермер шаруашылығы» мамандығы бойынша «Жас маман» жобасына енген 5 колледждің қатарында. Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Рахия Асанованың басшылығымен қазіргі уақытта жабдықтарды алу және оларды орналастыру, оқытушылардың білімін көтеру, білім беру ұйымын халықаралық аккредитациядан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Қазір бұл мамандық бойынша колледжде 125 студент білім алуда. Шыны керек, бүгінгі таңда жастар сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім алуға ниетті.

Айта кеткен жөн, колледж соңғы жылдары практикалық бағытқа көбірек көңіл бөліп, білікті кадр даярлауды мақсат етіп қойды. Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту орталығы және кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, әлеуметтік әріптестермен байланысты үйлестіру мақсатында дуальді оқыту жүйесі «Фермер шаруашылығы» мамандығына енгізілген. Осы тұста студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп жатқан «Амангелді-Нұр» және «Сапа-2020» ЖШС-ның еңбектерін ерекше атап өткеніміз жөн.

«Жас маман» жобасы қазіргі сұраныстағы мамандықтарды сапалы етіп шығаруға күш жұмсайтын болады. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті маман даярлау бойынша оқыту жоспарына өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Әсіресе, дуальді оқыту жүйесіне де көбірек көңіл бөлінеді.

Қорыта айтқанда, бұл жобаның жемісін біздің аудан келер жылы көреді. Бұл – ел дамуының, әсіресе, өндіріс саласының өркендеуіне үлкен мүмкіндік. Бұл – аудан жастарының сапалы білім алуындағы ұтымды жоба...

Кез келген маманның жүрегінде бірінші кезекте «еліме қызмет етемін» деген сезім болуы тиіс. Жеке өз басын ғана емес, ел қамын ойлайтын, жауапкершілікті сезінген бала жақсы білім алуға, қоғамға өз үлесін қосуға тырысады.

Ержігіт САСБҰҚА, №11 колледждің директоры. Қазығұрт ауданы.

 

 

Пікір қалдырыңыз