Бұрынғы бөлімше командирі бір үйдің екі баласын ажалдан құтқарып қалды

Ерлік тек соғыста жасалмайды екен. Соған көзіміз жетті. Отырар ауданындағы Шәмші ауылының ми қайнатар ыстығында жұртшылық есік-терезелерін қымтап, бөлмелерін қараңғылап, салқын үйден шыға бермейді. Тек ойын балаларын ғана аңдып отыру қиын. Олар көзді ала бере ретін тауып, оман арықтардан, іргедегі Арыс өзенінен бір-ақ шығады.

Ауыл шетіндегі үлкен бауды қақ жарып өтетін арықтың суы тұрғындардың үйіргелік жерін көгертуге жарайды. Сондықтан да оның арнасын кеңейтіп, ағын суды тиімді пайдалануға жұртшылық та құмбыл. Кезегі келгенде қолына күрегін алып су жағалап жүрген Бауыржан дүкен алдынан өтетін терең арықтың арнасынан басын шығарып, газ құбырын құшақтап тұрған балақайды байқап қалады. Ал, жанындағы кішкентай қыз бала суға бір батып, бір шығып ағып бара жатады. Дереу көмекке ұмтылған Бауыржан суға енді түсе бергенде аяғын дір еткізіп ток ұрғандай болады. Іле есін жинап алған ол суда кернеулі ток бар екенін бірден түсінді. Жалма-жан орнынан тұрып күрегінің ұшымен түртіп жүріп кішкентай қыз баланы жағаға алып шығады. Шаңқай түс. Көшеде жан жоқ. Айқайлап көмекке шақырғанымен, мұның даусын бір пенде естісейші. Бауыржан әскерде жүргенде үйренгендерін есіне түсіріп, кішкентай қыздың мұрнын жауып, кеуде тұсынан басып, жасанды дем береді. Әлден уақытта аузынан су атқылап, есін жинаған кішкентай қыз бала қатты қорқып қалса керек, шыңғырып жылап жібереді. Ал, құбырға тас болып жабысып қалған ересектеу балада үн жоқ. Серейіп қатып қалған. Көз жанарынан тіршілік нышаны білінбейді. «Кетіп қалды ма екен?» деп қорыққан Бауыржан баланың қолын газ құбырынан ажыратып, әкесін шұғыл көмекке шақырады. Бұл кезде ауыл адамдары да жиналып қалған. Ток ұрған адамды топыраққа көмсе дене токтан тез арылады дегенді естігені бар еді. Дереу Дулатқа (балалардың әкесі) саздау жерден шұңқыр қаздырып, баланы сол жерге жатқызып үстін топырақпен қымтайды. Әлден уақыттан кейін ашып қараса баланың көз жанары орнына келіп, денесінде сәл-пәл діріл пайда болыпты. Бұл кезде жедел жәрдем көлігі келіп, дәрігерлер тиісті ем-домын жасауға кіріскен-ді.

Бауыржанның айтуынша, дүкенге тартылған газ құбырын бекіткен қазық-қадалардың бірі қабырға ішіндегі электр сымына тиіп тұрған көрінеді. Сол жерге келіп шомылған екі баланың ересегі әлгі құбырдың жерге жалғасқан тұсын қолмен ұстағанда ток ұрған ғой. Оны құтқарамын деген қарындасы да тілсіз жаудың құрбаны бола жаздаған. Дәл сол сәтте Бауыржан келіп құтқармағанда... Ар жағын еске түсірудің өзі ауыр.

...Аудандық ауруханамен хабарластық. Оларды білікті дәрігер Файзулла Шырынбековтің өзі ерекше күтімге алыпты. Балалардың беті бері қараған. Егер Бауыржан болмағанда Айым мен Диас есімді екі баладан айрылып қала жаздаған екенбіз, – дейді Файзулла.

Ал, балалардың атасы Сапархан көкеміздің, әкесі Дулат ініміздің Бауыржан Жұмановқа айтар алғыстарын тілмен жеткізе алмайсыз. Екі бірдей өмірді сақтап қалған Бауыржанға Шәмші ауылының бүкіл тұрғындары алғыстарын жаудырып, «өркенің өссін!» деп отыр.

Бауыржан Кенжебекұлы Жұмановты елге таныстыра кетсек, ол ауылдық ауруханада шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейді. Бұрын әскерде жүргенде бөлімше командирі болған, шені – аға сержант.

– Әскерде адамдарды апатты жағдайдан құтқарудың әдіс-тәсілдерін үйренгенбіз. Соның пайдасы тиді, – дейді ол.

Жүзінен мен ерлік жасадым ғой деген ойдың ұшқыны да аңғарылмайды. Бауыржан шынында да азамат екен.

Нұрлан ҚҰЛБЕК. Отырар ауданы.

СУРЕТТЕ: Бауыржан ЖҰМАНОВ.

 

Пікір қалдырыңыз