Қазір соттасатын емес, достасатын уақыт

Төтенше жағдайға байланысты еліміздегі сот жүйесі де қашықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкені мәлім. Бүгінде сот қарауына түскен істердің барлығы онлайн режимде қаралуда. Біз облыстық соттың судьясы, БАҚ-пен өзара қарым-қатынас бойынша үйлестіруші Аянбек ТОҚСАНБАЕВҚА хабарласып, онлайн сот жөнінде кеңірек әңгімелеп беруін өтінген едік.

– Аянбек Бекежанұлы, төтенше жағдайға байланысты сот процестерінің түгелдей онлайн режимге көшкенін білеміз. Жалпы, мұндай жаңашылдыққа судьялар корпусы дайын ба еді?

– Жалпы, сот істерін қашықтан жүргізу судьялар үшін аса таңсық дүние емес. Себебі, кей істерді бұған дейін де онлайн режимде қарап келгенбіз. Оның үстіне, бірнеше жылдан бері сот саласын цифрландыруға, заманауи озық технологияларды қолдануға баса көңіл бөлініп келеді. Соның нәтижесінде бүгінде өңірге қарасты барлық аудан-қалалық және оған теңестірілген соттардағы сот залдары аудио-бейнетіркеу және бейнебайланыс жүйелерімен толық жабдықталған. Бұл жүйе, әсіресе, шалғайда тұратындар үшін өте ыңғайлы дер едім. Себебі, үйінен шықпай-ақ, олардың сот залына тікелей қосылуға мүмкіндігі бар. Тек Қазақстан емес, сотқа әлемнің кез келген елінен де қатысуға болады. Бізде мұндай сот процестері жиі өтеді. Бұрын Қазақстанда тұрып, қазіргі таңда шетелге көшіп кеткен немесе басқа мемлекеттерде іссапарда, демалыста жүрген өз азаматтарымыз да онлайн режим арқылы сот процесіне қатысып тұрады. Таяуда осындай іс Кентау қалалық сотында қаралды. Түркияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған бұрынғы отандасымыз Кентауда жүргенде жергілікті азаматшамен отбасын құрады. Кейін екеуі Түркияға біржола көшіп кетеді. Арада біраз уақыт өткен соң әлгі азаматша Кентау қалалық сотына күйеуімен арадағы некені бұзу туралы талап-арызбен жүгінеді. Біз бұл жөнінде түркиялық азаматқа хабарласып, сот процесін онлайн форматта өткізу тәртібін түсіндірдік. Белгіленген уақытта сот отырысы ойдағыдай өтіп, шетел азаматының пікірі бейнеконференцбайланыс арқылы тыңдалды. Нәтижесінде, сот әйелдің ажырасу жөніндегі талап-арызын қанағаттандырып берді. Жалпы, мұндай істер, әсіресе, Ресей азаматтарының қатысуымен жиі өтіп тұрады.

Бір сөзбен айтқанда, қашықтан жұмыс істеуге бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Қазіргі таңда Жоғарғы сот жанындағы департамент тарапынан осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруға көп көңіл бөлінуде. Оның үстіне, жаңа технологиялардың енуі сот жүйесін қағазбастылықтан біршама арылтты деуге болады. Міне, осындай ілкімді жұмыстар бүгінгідей қиын кезде судьяларға үлкен қолдау болып отырғанын атап өткен жөн. Соның арқасында сот отырыстары бүгінде бейнебайланыс арқылы кедергісіз өтіп жатыр.

– Карантин енгізілгелі бері қанша іс қаралды?

– Өзіңіз де білесіз, дертті асқындырмаудың жалғыз амалы – карантин талаптарын сақтау. Себебі, тәртіпке бағынғанда ғана індетті ауыздықтай аламыз. Өкінішке қарай, тәртіпке мойынсұнбай, өз дегенімен жүргісі келетіндер де аз емес. Соңғы кездері талапқа атүсті қараған осындай «тәртіпсіздердің» ісі сотқа көптеп түсуде. Жалпы, төтенше жағдай жарияланғалы бері сот қарауына 1539 әкімшілік іс түскен. Оның 742-не сот қаулысымен әкімшілік айыппұл салынса, 170 адам сот санкциясымен қамауға алынған. 493 іс бойынша ескерту жарияланып, 141 іс қысқартылды.

– Тәртіп бұзғандардың көшін қай өңір бастап тұр?

– Жалпы, мұндай жағдайлар барлық аудан-қалаларға тән. Дегенмен, солардың арасында Түркістан, Кентау қалалары мен Төлеби, Қазығұрт, Сарыағаш, Түлкібас аудандарының үлесі басым.

– Мамандар карантин кезінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының жиілеп кеткенін айтып, дабыл қағуда. Ажырасуға арыз беріп жатқандардың да көп екенін алға тартады.

– Жасыратыны жоқ, төтеннен келген індеттің экономикалық зардабын айтпағанда, тұрмысымызға да тигізіп жатқан кесірі аз болмай тұр. Әйелдерге қарсы жасалып жатқан зорлық-зомбылықты соның бір көрінісі деуге болады. Бұл тек бүгін ғана емес, көптен бері айтылып жүрген қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Әрине, елімізде зорлық көргендердің құқығын қорғайтын арнайы заң бар дегенімізбен, олардың мұндай әрекетін заңмен тыю мүмкін бе? Бұл бір жағынан рухани жұтаңданып, отбасы құндылықтарының құны азайып кеткендігінің белгісі. Соңғы кездері жауапкершілікті теңдей бөлісе алмайтын отбасылар көбейіп келеді. Міне, осындай отбасындағы ерлі-зайыптылар бүгінгідей қиын шақта әлсіздік танытады. Соңы зорлық-зомбылыққа ұласады. Өкініштісі, мұның зардабын сол отбасының ең жанашыр жандары мен бала-шағасы тартады. Олар дене, психикалық, моральдық зардаптар алып қана қоймай, қорғансыздың күйін кешіп, тығырыққа тірелуі мүмкін. Себебі, ол адамда өзін ешкім де, тіпті, мемлекет пен заң да қорғай алмайды деген түсінік пайда болады. Мұндай «жан жарасын» жазудың қаншалықты қиын екені айтпаса да түсінікті.

– Иә, мұндай зорлық-зомбылықтың соңы ажырасуға алып келеді дейсіз ғой.

– Әрине. Бірақ, ажырасу арқылы барлық қиындықтан құтыламын деу – қате пікір. Себебі, сондай шешімге бару арқылы жаңа қиындықтардың жамала беретінін ескере бермейміз. Мәселен, жыл басынан бергі алғашқы үш айда облысқа қарасты соттарға ажырасу бойынша 999 арыз түскен. Сот олардың 576-ын қанағаттандырып берді. Ал, сол көрсеткіштің артында қанша жетімнің тұрғанын шамалай беріңіз. Арызын арқалап келгендерді ажырастыруға соттар да құмбыл емес. Алдымен медиациялық тәртіпке сай оларды барынша татуластыруға тырысамыз. Азаматтық процестік кодексте көрсетілгендей, татуласу үшін оларға барынша ұзақ мерзім береміз. Ондай кезде ашуға ерік беріп, соңынан ағат кеткендерін мойындап жататындар да аз емес. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері 109 талапкер өз арыздарынан бас тартты. 120 жұп медиация тәртібімен, ал, 3 жұп партисипативтік тәртіппен қайта жарасқанын атап өткен жөн. Бұл бір жағынан Жоғарғы сот тарапынан қолға алынған «Отбасылық сот» жобасының игі нәтижесі.

– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары сотқа жүгінетін азаматтардың саны артып келеді. Дегенмен, төтенше жағдай кезінде азаматтардың сотқа жүгіну көрсеткіші саябырсыған шығар...

– Шындығында, қазіргі жағдай елдігімізге үлкен сын болғалы тұр. Бір жағынан экономикалық қиындықтармен бетпе-бет келіп жатырмыз. Осындай кезде бәрін құрдымға кетірмей, әрбіріміз сабырлылықты серік ете білгеніміз жөн. Бұл жөнінде өңір тұрғындарына үндеу жариялап, оларды бүгінгідей қиындықты бірге еңсеруге шақырдық. Арызбен сотқа жүгінуді мүмкіндігінше кейінге қалдыруды өтіндік. Соңғы мәліметтерге көз жүгіртсек, облыс соттарына түскен істер мен материалдардың

30 пайызға дейін азайғанын көруге болады. Жалпы, карантин кезінде дау қуған екі тарап сотсыз-ақ бітімге келсе екен дейміз. Өйткені, дәл қазіргі мезгіл соттасатын емес, достасатын уақыт.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз