«Қайырымды қала» тағлымы

Әбу Насыр әл-Фараби еңбектері арада сандаған ғасырлар өтсе де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ғұлама ғалымның мемлекет, ел басқару тұрғысындағы тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғамда да айрықша маңызға ие.
Зерттеушілер дерегі бойынша «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат» – әл-Фарабидің негізгі еңбектерінің бірі. Ғұлама аталмыш трактатта «қайырымды қалаға» сипаттаманы былайша береді: «Адамдар бірлестігі шынайы бақытқа жеткізетін істерде өзара көмектесу мақсатын алға қойған қала қайырымды қала болып табылады, ал, адамдарды бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам. Барлық қалалары бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын халық – қайырымды халық. Егер халықтар бақытқа жету мақсатымен бір-біріне көмектесіп отыратын болса, бүкіл жер жүзі осылайша қайырымды болмақ» (Әбу Насыр әл-Фараби. «Қайырымды қала». А., 2019. Б.136-137).
Жалпы, әл-Фараби дүние мен адам үйлесімі идеясын мінсіз қайырымды қала, қайырымды билеуші және қайырымды адам арқылы білдіреді. Әл-Фарабидегі даналық, ол – қайырымды болу. Осыған байланысты әл-Фарабидегі кемелденген адам ізгі ниетті, қайырымды, өнер-білімнің, жоғары даналықтың иесі болуы қажет.
Әл-Фараби философиясында мемлекеттік басқарудың маңызды мәселелері де атап көрсетіледі. Ғалым қайырымды қаланың басшысы «адамзат кемелділігінің ең биік дәрежесіне жеткен» адам болуы тиіс дейді. Және мемлекет билеушісіне қатысты он екі қасиетті зерделеген. Олар: денсаулығының мінсіз болуы, ұғымталдығы, жады алғыр, аңғарымпаз ақыл иесі болуы, өткір сөз иесі және ділмар, өнер-білімге құштар, қанағатшыл, шыншыл, өр рухты және ар-намысты, жақсылық пен ізгілік иесі, шешімпаздық: батыл, ержүрек болуы. Ойшыл ғұлама бұған қосымша тағы алты шартты атап көрсетеді: даналық, асқан пайымдылық, білгірлік, сенімділік, ойлау қабілетінің жоғары болуы, әскери өнерді жетік білуі. Әл-Фараби пайымынша, осы қасиеттердің барлығын бір бойына ұштастырған адам – адамзат кемелділігінің ең биік дәрежесіне жеткен адам. «Мұндай адам бақыттың ұшпағында болады...Бұл адам бақытқа жеткізетін әрекеттің қандайын болса да кәміл білетін адамның нақ өзі. Басшыға қойылатын бірінші шарт осы. Сонымен қатар ол өзі білетін нәрсенің бәрін көркем де бейнелі сөзбен айтып жеткізерліктей қабілеті болуға тиіс, сонымен бірге жеке іс-әрекетті жүзеге асыру үшін оның бойындағы қайраты жеткілікті болуға тиіс» (Әл-Фараби. «Қайырымды қала». А., 2019. Б.136-137).
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» трактатында «бақыт» мәселесі басты орын алады. Ғұлама пікірінше, адам өмір тіршілігінің, сол сияқты қоғамның басты ұстанымы бақытқа жету болып табылады. Ғалымның философиясында қайырымды қала тұрғындарына тән адамгершілік қасиеті бар адамдарды тәрбиелеу мәселесі – ең бірінші орында. Сондықтан да әл-Фараби ізгілік пен ізгілікті өмір сүру түсінігіне, ізгіліктердің түрлері мен олардың жан және ақылмен байланысына, адам жанын тәрбиелеуде билеушінің ықпалы зор екеніне тоқталады. Фарабидің жалпы әділетті қоғам, қайырымдылық, адамдардың ортақ істе – бақытқа жетуде бір-біріне көмегінің қажеттігі мен бір-бірін өзара түсінісуі, сонымен бірге өнер-білім мен адамгершілік қасиет туралы идеялары арада қаншама ғасыр өтсе де маңызын жойған жоқ. Өз заманындағы саясат пен адамгершілік мәселесіне ерекше назар аударып, «Қайырымды қаланың» «Бірінші тұлғасына» көптеген әлеуметтік саяси талаптар қойып, «адамдар өмірі мен тұрмысын қалай жақсарта аламыз?» деген философиялық сұрақпен адамзаттың бақытты өмір сүруіне жол іздеген әл-Фараби еңбектерінің бүгінгі қоғамда да тағлымы мол.
Елдік мүддеге қызмет ету ісінде тарихты білуге, өнер мен білімді меңгеруге құштарлық – зиялылықтың алғышарты. Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының директоры Зәкира Пәрімбекованың ұйымдастыруымен ғұлама ғалымның еңбегін насихаттау мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, «Әлемдік ойдың алыптары» атты кітап көрмесі ашылды. «Ұлы Даланың дара тұлғасы», «Даналық дариясының күретамыры» атты іс-шаралар ұйымдастырылып, библиографиялық көрсеткіштер дайындалды. Электронды «Қаламгер» сайтынан «Абай – 175», «Әл-Фараби – 1150 жыл» парақшалары ашылып, деректер жинақталды. Алдағы уақытта Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай «Қайырымды қала» кітабы бойынша оқырмандар конференциясы, «Түркі әлемінің рухани жұлдызы» Фараби оқулары іс-шараларын өткізу жоспарлануда.
Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» идеясы негізінде кітапхана жанынан құрылған «Темірқазық» түнгі клубының жетекшісі, ақын Құрал Көмектің «Үнсіздіктің үнін тыңдап...» атты Абайдың қара сөздерін өлеңмен өрнектеген ерекше жыр жазбалары насихатталмақ. Тұрақты оқырмандарымыз, зейнеткерлер Әбумүтәліп Қонысбайұлы мен Омархан Асаубайұлының өлеңдер жинағын шығарып беру де жоспарлануда. Үнемі рухани ізденісте болатын Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы әл-Фараби жолымен қоғамды қайырымды іс жасауға шақырады.
Жадыра КӨШЕНҚЫЗЫ, Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының қызметкері.