Қайырымды қаланың қайырымды тұрғындары

Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде... адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, игілікке бағыттап отыруында. Әбу Насыр әл-Фараби.
Бүгінде Ұлы Даладан шыққан ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидiң мерейтойын ЮНЕСКО, ИСЕСКО сынды халықаралық ұйымдар әлемдік деңгейде атап өтіп жатыр. Ұлы ғұламаның «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» жайлы трактатын парақтай отырып, бір сәт ХХІ ғасырда бақытқа жету жолында, қайырымды қала тұрғындары атану үшін нені меңгермек, нені игермек қажет деген сұрақтарға жауапты ғұламаның еңбегінен іздеуді жөн санадық.
Алдымен әл-Фарабидің өмірі мен трактаттарына қысқаша тоқталып өтсек. Аристотельден кейiнгi «Екiншi ұстаз» атанған данышпан, ойшыл, ғалым Сырдарияның Арысқа құятын тұсындағы көне Отырар қаласында дүниеге келген. 870-950 жылдар аралығында өмір сүрген. Шығыстың сол кездегi iрi ғылым және мәдениет орталықтарында білім нәрімен сусындайды. Әл-Фараби өз заманында мәлiм болған ғылым салаларын әрi қарай дамытып, 160-тан аса трактат жазған. Оның трактаттарында саясат, мемлекет және билiк, құқық туралы ойлар жан-жақты талқыланған.
Әл-Фараби туындыларының ішіндегі рухани айналымға көбірек түскені – «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» жайлы трактат 948 жылы жарыққа шықты. Ұлы ғұлама осы саяси-әлеуметтік трактатында қайырымдылық пен бақыт мәселесіне кеңірек тоқталды. Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті. Оның пікірінше, әрбір тұрғыны бақытқа жету жолында бір-біріне көмектесетін қала қайырымды қала. Қайырымды қаланы дені сау, мінсіз адам бейнесінде сипаттайды. Себебі, оның әрбір мүшесі денсаулықты сақтау үшін бір-біріне көмектесіп өмір сүреді. Қала тұрғындарының қызметі мен қоғамдағы орнына сәйкес өзара айырмашылықтары болады. Әрбір орган белгілі бір қызмет атқаратыны сияқты, адам денесінің ең басты мүшесі жүрек ең жетілген, дамыған, бәрінен жоғары тұратын мүше. Адам организміндегі басты орган ретінде жүрек қандай қызмет атқарса, қала басшысы да қаланың өркендеп гүлденуі жолында қалған органдармен бірге белгілі тәртіппен үйлесімді жұмыс атқарады. Сондай-ақ, жүрек организмдегі орын алған кез келген жөнсіздіктердің барлығын жоюға ұмтылатыны секілді қала басшысы да қаладағы көрініс берген келеңсіздіктерді түзеп, жөнге салып отырады.
Әл-Фараби басқаруды қайырымды және қайырымсыз деп екіге бөле отырып, елді бақытқа жетелеуде басқару заң мен игі тәжірибеге сүйенбек деді. Ал, қайырымсыз билікте теріс әрекеттер мен жағымсыз қасиеттер етек алмақ деген. Сонымен қатар, қайырымды қала басшысы даналық, асқан пайымдылық, сенімділік, ойлау қабілетінің жоғары болуы, соғыс өнерін жетік білуі, денсаулығының мықты болуы секілді қасиеттерге ие болуы тиіс.
Бұл еңбегінде автор керемет үлгідегі қоғам құруды көздейді. Мұндай қоғамның басшысы да сол қоғамға сай, данышпан, ақылды, білімді, ой-өрісі биік адам болуы қажет. Ол басқаратын қоғам өз міндеті мен орнын, қызметін білетін мүшелерден тұрады. Бақытқа жету жолында адамзат өнер-ғылымның құндылықтарына да аса мән беріп, өзара тығыз байланыста бола отырып, қоғамда терең үйлесімділікке ұмтылуы шарт екендігі айтылған. «Қайырымды қала – шынайы бақытқа жету үшін адамдар бір-бірімен ынтымақтасып, бірге өмір сүретін қала» деді ғұлама. Қаншама заман өтсе де әл-Фарабидің еңбектері мән-маңызын жойған жоқ. Бақытты қалада өмір сүруді армандаған ол «бақытқа қолы жеткен адам үшін ең маңыздысы – қанағатшылдық жасау» деп ой түйеді.
Сонымен бірге, бұл трактатта тек қана қоғам, онда болып жатқан жағдайлар емес, адами құндылықтарға да ерекше мән берген. Әл-Фараби қай қоғамда болмасын адами құндылықтар жүйесінде адамнан асқан, оның өмірінен асқан құнды зат жоқ екенін, сондықтан да адамдар арасындағы бір-біріне деген құрмет, мейiрбандылық, сыйластықтың жоғары деңгейде болуы керектігін ескертеді.
Ақыл-ой мен білімнің биік мәнін дәріптеген Фарабидің гуманистік идеялары әлемге кең тараған. Оның еңбектері мен көзқарастарын бүгінгі қоғамда кеңінен дәріптеп, үлгі тұту, пайдалану бізге сын. Адамзат игілігі жолында рухани құндылықтардың биік үлгісін көрсеткен ғұламаның теңдесі жоқ туындылары мен ілім-ғылымға қосқан жаңалықтарын насихаттау жұмыстары бір сәт те толастамауы тиіс. Және де Шымкенттің тұрғындарын қайырымды қаланың қайырымды тұрғындары атануға, ал, шаһар басшысы қаланың өркендеп гүлденуі жолында оның жүрегіне айналса деген тілегіміз бар. Қайырымды қала басшысының бойынан асқан пайымдылық пен даналықты, өз ісіне сенімділікті және халқына сүйіспеншілікті көргіміз келеді. Халқымыздың «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген даналығын басшылыққа ала отырып, қала халқын ынтымағы жарасқан ел болуға шақырамыз.
Сәуле РЫСБАЕВА, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Шымкент қаласы бойынша филиалының доценті, саяси ғылымдар кандидаты.