«Бізде мектеп қалыптасып келеді»

Жақып СЫПАТАЕВ, термеші

– Жақып аға, осы күні кішкентай сәбилерден «өскенде кім боласың?» деп сұрасаңыз, көпшілігі «әнші боламын!» деп жауап береді. Өз басым «термеші болғым келеді» деген баланы кездестірмеппін. Сіздің ауылда да әнші болуды армандайтын бала көп шығар?..

– Мен Жетісай ауданындағы Қараой ауылында өстім. Біз жақта Ергешбай деген атамыз тойларда сырнаймен, домбырамен таңды таңға ұрып жыр айтушы еді. Сонда босағада тұрып әуезге елітіп, сүйсіне тыңдайтынмын. Әкемнің Оразқожа деген ақын-жыршы жолдасы бар. Ол кісі де үйге жиі қонақ болатын. Тіпті, алты жасымда маған «өнерлі бол» деп батасын да берген. Бірақ, өзің айтпақшы, ол кезде термеші, жыршы боламын деп айту былай тұрсын, ол сөздің мәнісін де жете түсінбейтін едік қой. Алайда, қолынан домбырасын тастамайтын ақсақалдарға көрсетілетін құрмет, ықылас өнерге ішімізді жылытып, бізді де өзіне ынтық қылмай қоймады.

Біздің ауылда жыршы-термешілерге деген көзқарас, қошемет бөлек болатын. Сондықтан шығар, ауыл балаларының көбі домбыраның құлағында ойнайтын, әуелетіп ән салатын. Мен де соларға ілесіп терме айтып, домбыра тартып, «икемі бар екен», «даусы жақсы екен» деген сөздерді естіп жүрдім. Бірақ, ешқайсысымыз қазіргідей танымал болуды, елдің алдында өнер көрсетуді оңай деп ойламайтынбыз.

– Сөзіңіз «Құдай маңдайға жазса, армандамай-ақ елдің алдында жүруге болады» дегенге саятын сыңайлы...

–Арғы атам Әбсамат денесі шағын болғанмен, өнері үлкен кісі болыпты. Қонаққа барса өнеріне сүйсінетін елі, үйіне келсе кемпірі аттан түсіріп алады екен. Атамдағы сол өнер біздің үйде маған жұқса керек.

Біз әкем Сынабай мен анам Ұлтудан алты ұл, бес қыз, яғни 11 перзентпіз. Алдымда екі ағам, екі әпкем бар. Ешқайсысымызды әке-шешеміз әздектете қойған жоқ. Әркім өз арбасын өзі сүйреп кетсе әке-шешеміз үшін сол мәртебе еді. Оның үстіне ол кезде өнердің жолында жүргендермен ішкілік бірге жүретін. Әкем соны жаратпайтын. Ағайын-туыс қызықшылығына шақырып, ән салуымды сұрағанда да қинала-қинала жіберуші еді. Ал, Бибі әжем «осы баламды доғдыр қыламын» деп отыратын. Адамның дегені емес, Құдайдың жазғаны болады екен. 1989 жылы құжаттарым түгел болмай, мединститутқа түсе алмай қалдым. Сосын 10-сыныпта облыстық жас таланттарға арналған байқауда бас жүлде иеленіп, мәдениет институтына жолдама ұтып алғанмын. Сол жолдамамен оқуға түсіп, халық аспаптары бөлімінде бес жыл оқыдым.

– Репертуарыңызда қанша терме бар? Термені, жырды таңдауда қаншалықты талғампазсыз?

– Термені көп орындаған адам өзі мақам қалыптастыра береді. Термені таңдағанда бірінші кезекте сөзінің қаншалықты тереңдігіне мән беремін. 1995 жылы бір жиында 80-ге таяу терме орындадым. Өкінішке қарай, таңды таңға ұрып жырлайтын жыршы болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Менің термелерім де екі күнге жетпей таусылып қалды.

– Бұл термеге деген сұраныстың жоқтығынан шығар...

– Жетісайдан шыққан Қайыпназар атамыз, Ергешбай, Тәшман көкелеріміз бастаған жүз шақты термешіні тоқтамай тізіп шыға аламын. Орындаушылар көп. Ал, термені ұрпақтан-ұрпаққа сол қалпында жеткізу үшін үнтаспаға жазып, нотаға түсіріп жатырмыз. Кезінде біз ақсақалдардан тәлім алдық, үйрендік. Болашақта жастар да олардың орындауындағы термелерді тыңдауы керек қой.

Термені тыңдаушы дамытады. Студент кезімізде біз терме-жырды көп жаттадық. Концерттерге қатысып, ел-жұрттың алдында өнер көрсетіп, байқауларда бақ сынадық. Қазір де терменің өз тыңдаушылары бар. Жас орындаушыларымыз да көбейіп келеді.

– Өзіңіз орындаған термелердің авторларымен тілдескен, кездескен, батасын алған кезіңіз болды ма?

– Жамбылда бір жиында «Алқалы жұртым, армысың» деген толғауға мақам шығарып, алғаш рет орындадым. Сонда бір кісі «Мынау кімнің термесі?» деп сұрады. Сөйтсем әлгі кісі сол терменің авторы Тынышбай Рахымовтың өзі екен. Тынышбай аға сол жылдары телеарнада «Кеш жарық» деген хабарды жүргізетін. Теледидарға шығу өте қиын кез еді. Ол үшін бес-алты адам тыңдап, түр-әлпетіңізге, пошымыңызға, даусыңыздың ырғағына, киім киісіңізге дейін сыннан өткізетін. Сол Тынышбай ағаның арқасында екі-үш хабарға түстім.

1993 жылы сондай хабарлардың бірінде Қайыпназар Әйтпенов атамыздың термесін орындадым. Көп ұзамай ауылға барғанымда ол кісі үйіне шақырды. Барып, бес-алты термесін жиылған ауыл адамдарының алдында орындап бердім. «Айналайын, ертерек келгеніңде бар білгенімді үйретер едім...» деп батасын беріп, арқамнан қақты. Үйге келген соң қуанышым қойныма сыймай, болған жайтты әкеме айттым. Сонда әкем «Батаны жолын жасап алу керек» деп барып, жөн-жоралғысын жасап, ақсақалдың қайтадан батасын, ризашылығын алып қайтқанбыз.

– Бізде жыршы-термешілер мектебі қалыптасқан ба?

– Қазақ өнері төрт өңірге, яғни төрт мектепке бөлінеді. Арқа әншілік мектебі, Батыс әншілік мектебі, Жетісу жыршылық-әншілік мектебі, Сыр жыршылық-әншілік мектебі. Енді Шығыстың Тарбағатай өңірі өз алдына мектеп қалыптастыруға қамданып жатыр. Бізде де терме мақамын шығарып, бір жүйеге түсіруде біршама жұмыстар атқарылуда. Біздің өңірде термешілер көп, қазіргі таңда мектеп қалыптасып келеді. Мектеп қалыптастыру үшін мақамдарын анықтау, орындаушылардың өмір тарихын халыққа таныстыру, үлкен сахнаға шығатын кәсіби орындаушылар дайындау керек. Бұрынғы тыңдармандар жоқ, енді терменің бүгінгі тыңдармандарына тұщымды дүниелер ұсына білу керек.

– Ал, енді осы еңбектеріңізден нәтиже байқала ма?

– Терме мақамдарын қалыптастырып, нотаға түсірдік. Бәрі бірдей керемет дей алмаймын. 2014 жылы «Терме сазы» деген еңбекті жарыққа шығардық. Жоғарыда айтқандай, авторы, мақамы, термешілердің өмір тарихы, орындаушылар үнтаспасымен шықты. Одан соң Әли Бектаев ағамыздың ұсынысымен «Оңтүстіктің 100 термесі» жарық көрді. Оны шығару үшін де қыруар жұмыс істелді.

– «Кемшіліктер жоқ емес» деп қалдыңыз. Қандай кемшіліктер бар екендігін нақты айтып бере аласыз ба?

– Бұрынғы орындаушылар Нартайдан, Майлықожадан, Шал ақын мен Күдері қожадан шумақтар қосып-қосып, «Насихат» термесі деп жиын-тойларда орындады. Содан қарапайым халық өзінің таныған шумағына қарай бұрып, «Бұл – Нартайдың термесі», «Мұны Шал ақын шығарған» деп шатаса бастады. Осы нәрсе қазір халықты ғана емес, орындаушылардың өздерін де шатастыра бастады. Ал, «Насихат» қайда, қалай айтылған? Бұрын бас қосылғанда толғаулар, мысалдар айтылып біткен соң «Бабаларымыздың өсиетінен насихат болсын» деген сұраныстан кейін жыршылар төрт-бес шумақты қосып айтқан ғой. Жұрттың ықыласына қарай, бұл екі термемен, болмаса бес-алты термемен жалғасып кете беретін. Ал, қазір орындаушылар екі-үш терменің шумақтарының басын түйістіріп, «Насихат» деп сахнаға, телеарналарға алып шыға беретін болды. Бұл дұрыс емес. «Кемшіліктер бар» деп отырған себебім осы, термелерді мидай араластырып жіберген. Мәселен, қазір «Адамның бір қызығы бала деген» деген терме жиі орындалып жүр. Соның ішіндегі «Жұлдыз да жерге түсер аспандағы» деп басталатын екі-үш шумақ Шал ақынның термесі. Соны қанша айтсақ та қосып орындайды. Енді оны ажыратып көріңіз!

– Жақып аға, сіз термеші ғана емес, ұстазсыз. Ұстаз ретінде дәстүрлі өнерден эстрадаға кетуіне жол бермеген немесе басқа саладан дәстүрлі өнерге жетектеп әкелген шәкірттеріңіз бар ма? Жақсы орындаушы болу үшін қандай қасиеттер керек?

– Институтта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ағайымызды ұйып тыңдайтынбыз. Мен де сол кісіге ұқсауға тырыстым. Кейін оқу бітірген соң Жетісайға колледжге шақырту алдым. Өзім құралпы жігіттерге сабақ өту бастапқыда қиын болды. Бірақ, қиналғанда сол ұстазымның сұлбасы көз алдыма келетін. Мен де шәкірттеріме сыйлы ұстаз болғым келді. Танымал болуды мақсат тұтпадым. Баланы алдыма әкелген соң аманат деп қараймын. Алайда, олардың бәрі бірдей емес. Кейбір баланың қабілетін, дарынын көріп мықты дәстүрлі әнші шығады деп тұрасың... Бірақ, оның әуесі эстрадаға кетіп тұрады. Ал, «Сенен түк шықпайды» десең де табандап тұрып алатындар да бар.

Кей ата-аналар «Жақып, осы балам сахнаға, елдің алдына шықсын» деп әкелмейді. «Той-томалаққа шығып, бес-он теңге тапса болды» деп ойлайды. Соған көңілім құлазиды. Бәрібір баланы сахнаға дайындағандай күш жұмсайсың ғой. Әке-шешесі эстрадаға бұрғысы келген Ақжол Өсербай деген шәкіртімді «Жақсы орындаушылар эстрадаға ғана емес, дәстүрлі өнерге де ауадай қажет» деп көндірген болдым. Сол Ақжол жақсы орындаушы болды. Иә, шәкірттерім көп. Алайда, жақсы орындаушы болу үшін талантты ғана болу жеткіліксіз. Өнер үнемі қайталауды, күн сайын 7-8 сағат бойы талмай еңбектенуді қажет етеді. Шәкірттерімнің бәрін бірдей керемет әнші қыламын демеймін. Бірақ, ұстаз ретінде олардың әрқайсысының өмірге деген көзқарастарын қалыптастырғым келіп тұрады.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін көп-көп рахмет!

Сұхбаттасқан Мақпал ТӨРЕБЕК, «Ońtústik Qazaqstan».

 

Пікір қалдырыңыз