Шардараның шерлi ақыны

Шардарада өткен шерлі ақын Молда Мұса Жұманазарұлының туғанына биыл 125 жыл толады.

Ақынның жерлесі болғаннан кейін оның жоқтаушысы ретінде шығармашылығы мен өмірбаяны туралы жазған бірнеше мақалам «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарық көрді. Ақын туралы мерейлі жылда қанша айтылып, насихатталса да көптік етпейді деп ойлаймын. Оның кітапқа басылмаған өлеңдері мен өмір тарихын бүгінгі ұрпақ біліп өсуі тиіс.

Молда Мұса Жұманазарұлы 1894 жылы Шардара ауданының Ұзын ата ауылында дүниеге келген. Әкесі Жұманазар үш атасынан бері Ұзын ата әулиенің шырақшысы, діндар шаруа болыпты. Ақынға өнер әкесінің інісі, белгілі төкпе ақын Әлмен Шерімбетұлынан дарыған деседі. Өкінішке қарай, Әлмен ақынның өлеңдері сақталмаған. Ал, оның келіні, белгілі Өсер ақынның қызы — менің әжем Күлшәнім еді. Ол 1981 жылы 87 жасында дүниеден өтті. Өте әңгімешіл, құймақұлақ, қайратты, тақуа жан еді. Мұса ақын үйленгенге дейін әкесінің қасында Ұзын атада болып, отбасын құрған соң бөлек шығып, қазіргі Мақтаарал, Жетісай аудандарында ағайындарының ортасында өмір сүрген.

Қазаққа ауыр тиген ашаршылық, саяси қуғын-сүргін кезеңі, Ұлы Отан соғысының нәубеті ақынды да айналып өтпеген. Ашаршылықта үш ұл, екі қызы қайтыс болған. Екі бауыры қуғын-сүргінге ұшырап, олардан тірідей айырылған. Ал, екі ұлы соғысқа қатысып опат болған. Ақынның әмеңгерлік жолымен үйленген екінші әйелі қырғыз ұлтынан екен. Аты Ұғыл, жақсы адам болған деседі. 1950 жылдары Мұса ақын үйінде осы әйелімен екеуі ғана қалған. Шерлі ақын осы кезде Ұзын атаға қайта оралып, «Ұзын ата» деген дастан жазыпты.

Көзкөргендердің айтуынша, өзі осы дастанды жырлағанында екі бауыры, соғыста қаза болған қос ұлы есіне түсіп, жанарынан жасы тыйылмайды екен. Оқырман назарына «Ұзын ата» дастанынан және термесінен үзінді ұсынуды жөн көрдім.

Бақыт ШӘМЕНОВ, зейнеткер. Шымкент қаласы.

 

Ақылдыға айтқан сөз...

Ақылдыға айтқан сөз,

Ілінеді қаймақтай.

Ақылсызға айтқан сөз,

Күмбезге қойған жаңғақтай.

Тілалғыш жақсы бозбала,

Ерттеулі тұрған атпен тең.

Мейірімі қатты туысқан,

Саудасы қатты сартпен тең.

Жақыныңнан жау шықса,

Буынға түскен құртпен тең.

Екі жаман дос болса.

Ырылдасқан итпен тең.

Екі жақсы дос болса,

Жарасқан жүйрік атпен тең.

Қараусыз қалған қария,

Қайранда қалған салмен тең.

Қайырымды қоңсың болса егер,

Көлеңкелі талмен тең.

Бейқайырым қоңсың болса егер,

Бұжыр қызыл жолмен тең.

Үйінен аттап шықпаған,

Көтеретін қаппен тең.

Елге біткен жақсы адам,

Мысалы дәулет, мал бақтай.

Ақылы жоқ қария,

Құрысып қалған жарғақтай.

Айтқан сөзің ем болмайды,

Бермесе бақты бармақтай.

 

Ұзын ата

(үзінді)

Ассалаумағалейкум, Ұзын ата,

Алдыңда көп жыл тұрдық тұзың тата.

Бір үлкен жолдас болған бүзірекең,

Ғайып ерен, қырық шілтен Қызыр ата.

 

Кеткенмен қасыңыздан көтеріліп,

Күдерді кеткеміз жоқ үзіп ата.

Сәлемімді қош алып, көзің салып,

Бар болса кешіріңіз бізден қата.

 

Алдыңа жеттім бүгін арып-азып,

Әруаққа қалмайын деп тағы жазып.

Шырмалып қалың торға жұмаладым,

Жіберсең оралғанды кәні жазып.

 

Үстіме ауыр-ауыр жүк артылып,

Соларды көтере алмай қалдым қажып.

Көнеріп жасым қайтқан уағымда,

Бұл істі пешенеме Тәңірім жазып.

 

Көп тұрған ата-бабам алдыңызда,

Ұлыңды іздеп келген таныдыңыз ба?

Қабірің, құры күмбез сол жерде қап,

Қосыңды басқа жаққа салдыңыз ба?

 

Мен келдім тәу еткелі қабіріңді,

Шаққалы тартқан жапа-зәбірімді.

Боп жүрміз қараңғылық қаптағандай,

Бір сәуле түсірмесең жарығыңды...

1 пікір

Пікір қалдырыңыз