Қасым-Жомарт Тоқаев: "Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты міндет"

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен тамыз конференциясы өтті.
Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 2 мыңнан астам мұғалім келген. Педагогтар конференция барысында білімді жаңғырту бойынша әдістемелік ұсыныстар әзірлеп, білім беру жүйесінің мазмұнын жаңғырту аясында оны дамытудың негізгі бағыттарын айқындады.
«Дәстүрге айналған тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауқымды әрі маңызды жиын. Әр адам қандай жетістікке жетсе де білім берген ұстаздарын ерекше қадірлейді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мәртебелі мамандық иелеріне деген ықыласы ерекше екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Мен де бүгін сіздермен кездесу үшін осы жиынға арнайы келіп отырмын» деген Мемлекет басшысы ең алдымен білім және ғылым саласының барлық қызметкерлеріне шынайы ықыласын білдірді.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мұғалімдердің еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқандарын баса айтты.
«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» деп ұлы Абай айтқандай, ұстаз әрқашан ілім мен ізгілікті алға қоятын тұлға. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу аса жауапты әрі күрделі міндет. Сіздердің арқаларыңызда тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген халқымыз. Ұстазсыз адам болмайды. Бәріміз де кезінде мұғалім тәлімін алып, білімін үйрендік. Сондықтан болашаққа жол сілтейтін мұғалім еңбегін лайықты бағалау өте маңызды міндет» деді Қ.Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз конференциясында әкімдіктердің ұстаздарды түрлі шараларға тартуына қатысты пікір білдірді.
«Жергілікті әкімдік ұстаздарды әкімшілік мақсаттарға, білім беру саласына еш қатысы жоқ түрлі шараларға жұмылдыра отырып өз өкілеттіктерін асыра пайдаланады» деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің пікірінше, білім беру жүйесінің сапасына теріс ықпал ететін тағы бір кедергі – ұсынылатын реформаларда педагогтардың нақты қажеттіліктерінің ескерілмеуі.
«Мемлекеттік емес мектепке дейінгі шағын ұйымдарда көп жағдайда тәрбиелік-білім беру процесі жоқ деуге болады. Тәрбиешілер мемлекеттік жалпыға ортақ стандарттарды сақтай бермейді. БАҚ арқылы біз балаларды сабау, оларды жайсыз жағдайда ұстау жайлы жағдайларды естіп жатамыз. Осы ретте мектепке дейінгі білім беру және тәрбие беру сапасын арттыру бағытында Үкіметке бірқатар шараларды, әсіресе, заңнамалық шараларды қабылдауды тапсырамын. Бұл – басымдыққа ие тапсырма деп біліңіздер» деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандықтар балаларына экологиялық сана-сезімді, тұрмыстық тазалықты, гигиенаны сақтауды сіңіруді, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын ұқтыру керектігін атап өтті.
Тамыз конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есе өсетіндігін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тамыз конференциясында ағылшын тілін оқыту қай сыныптардан басталатынын айтты.
«3 тілді жүйеге көшу, оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай бесінші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын» деді Президент.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларына алаңдаушылық білдірді.
«Жас буынның жігері өткір, өмірлік қиындықтарға бекем болуы тиіс. Басқаша болмауы керек» деді Президент.
Тамыз конференциясы барысында «Педагог мәртебесі» туралы заң жобасына тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды ынталандырудың жолдарын атады.
«Педагогтардың мәртебесін шынайы көтеруді қамтамасыз ету маңызды. Қазір айтып жатқанымыздың барлығы мұғалімдерге байланысты. Бәсекеге қабілеттілікті көтеру үшін педагогтардың жоғары мәртебесіне сөз жүзінде қол жеткізуіміз керек. Педагог мәртебесі туралы заң жобасында қолдаудың кешенді шаралары қарастырылған. Бұл ұстаз жүктемесін қысқарту, ар-абыройының сақталуына кепіл беру, материалдық ынталандыру... Соның ішінде сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін екі есе ақы төлеу, барлық педагогтардың еңбек демалысын 56 күнге дейін көбейту, магистрлік деңгей үшін қосымша төлем және өзге де ынталандыру шаралары бар» деді Мемлекет басшысы.
Жиын аясында отандық білімді дамытудағы ерен еңбегі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін бірқатар педагог «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарымен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Ы.Алтынсарин» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталды. Айта кетерлігі, 2019–2020 оқу жылында 4, 9 және 10-сынып оқушылары жаңартылған мектеп бағдарламасына көшеді. Сонымен қатар биыл 10-сынып оқушылары «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» пәнін оқи бастайды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, оқушылардың бұл пәнді оқуы оларға болашақта мамандық таңдауына септігін тигізеді.
Бұқара пікірі
Тамыз кеңесі: ұстаздар қауымы не дейді?
Айдос АБПАЗОВ,
Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры:
– Елордада өткен тамыз кеңесінде көптеген түйткілді мәселелер талқыланды. Өңіріміздегі өкілдермен бірге ол жиынға мен де барып, қатыстым. Билік басында жүрген азаматтардың аузынан жақсы жаңалықтарды естідік. Бүгінгі ұстаздардың мәртебесі туралы заңды тез арада қабылдау қажеттігі айтылды. Педагогтардың айлық жалақысын көтеру мәселесі де қозғалды. Президент ұстаздардың айлық жалақысы өте төмен екенін тілге тиек етіп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Төрт жылдың ішінде педагогтардың айлық жалақысын 2 есеге өсіру керек деген міндетті қойып отыр. Бұл, әрине, бізді қуантады.
Колледждерде де шешілмей отырған мәселелер көп. Ең бірінші кезекте колледждердің басқару жүйесі қаралды. Олардың ірі-ірі компаниялармен бірлесе жұмыс істеуіне жол ашу керектігіне баса көңіл бөлінді.
Колледждер екі міндет атқарады. Мамандарды даярлап шығарып қана қоймайды, олар әлеуметтік мәселелерді шешетін мекеме болып табылады. Себебі, бұл жерде тұрмысы төмен отбасынан шыққан жастар білім алады. Осы уақытқа дейін мұндай оқу орындарында мектеп бағдарламасындағы пәндердің алынып тастау керектігі айтылып келген-ді. Тамыз кеңесінде осы мәселеге нүкте қойылды. Мектеп бағдарламасындағы пәндер алынып тасталынбайтын болды. Себебі, оқу орнын тәмамдаған студенттер білімін ары қарай университеттерде жалғастыруы керек. Ал, мұндай жағдайда ұстаздар жұмыстан қысқартылмайды.
Гаухар ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ,
ата-ана:
– Қазіргі мектеп бағдарламасы өте ауыр. Заман талабына сай бірінші сыныпқа баратын балалар әріптерді буынға бөліп, оқи алуы керек. Әйтпесе, олардың қатарластарына ілесуі қиындайды. Ал, осындайда балаларға ағылшын тілін оқыту қаншалықты қажет? Бұл мәселені бұған дейін халық қалаулылары да, ата-аналар да көтерді.
Елордада өткен тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы ағылшын тілін ата-аналардың қалауымен 5-сыныптан бастап оқытудың тиімді екенін айтып, бізді қуантып тастады. «Үш тілді жүйеге көшу, оқытушылар мен білім беру бағдарламаларының дайындығына қарай жүзеге асады. Бұл ретте ғылыми-жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім орталықтарының кадрлық мүмкіндіктеріне қарай оқушылар мен ата-аналардың қалауы бойынша іске асырылуы тиіс» деді Президент.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деген болатын. Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасының осы сөзін негізге ала отырып, ағылшын тілін оқытуды 2-3-сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай бесінші сыныптан бастау орынды әрі тиімді екенін айтып өтті.
Досымхан РАХЫМБЕК,
ОҚМПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы:
– Биылғы тамыз кеңесінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектептерде өтіп жататын ақылы олимпиадаларды қолдамайтынын жеткізді. Жасыратыны жоқ, қазір мұндай сайыстар көбейіп кетті. Меніңше, пән олимпиадалары бірнеше сатыдан тұруы тиіс. Сонда сыныпаралық, мектепаралық сайыстардан өткен оқушылар аудандық, кейіннен облыстық олимпиадаларға жолдама алады. Ал, ақылы олимпиадаларға кімдердің барып жатқанын біле бермейміз.
Бүгінде мектептерде пән олимпиадаларына оқушыларды дайындайтын оқу-құралдары жеткіліксіз. Сондықтан алдымен оқу-құралдарын ретке келтіруді күн тәртібінде тұрған мәселе деп қарау керек.