Мыңжылқыны дастан еткен Мыңжасар

Өкше басар қаламдас інілерінің бірінің ақын Мыңжасар Асқаровқа арнаған жырын оқып, аз-кем ойға шомғаным бар. Биыл жасы жетпіс беске бет бұрған арда азаматтың жүріп өткен өмір жолдарына үңілуге құштарлық оянды. Өйткені, адам баласын әрдайым алға жетелейтін жол ғой. Демек, кез келген жолаушының да несібесі осы жол үстінен табылады. Әрине, әлдеқашан артқа шегініп кеткен жылдарды қайта оралту қиын. Алайда, «...алыстап кеткен құрғырлардың» бәрін болмаса да, ғұмырының баяндысын санадан сараптап өткізсе, жұрт айта жүретін айтулы жәйттер бар екен. Асылы, азаматтың еңбегі оның атқарған қызметіне, халқына сіңірген еңбегіне қарай өлшенеді, парасат-пайымына орай бағаланады.
Серікқали
ЖЕКСЕНБАЕВ, «Ońtústik Qazaqstan».
Өткен ғасырдың
қырқыншы жылдарының бел ортасында дүниеге келген Мыңжасар Асқаров – Созақ
ауданындағы Жартытөбе ауылының тумасы. Балғын балалық шағы сұм соғыстың
салмағынан ел есін әлі тіктей қоймаған қилы кезеңге тап келген оны әлі талай
тағдыр сынағы күтіп тұр еді. Өмірдегі ең қымбаты – анасынан ерте айырылды. Тым
болмаса аяулы жанның дидары сәби санасында да сақталып қалмапты. Өкініштісі
сол! Тіпті, көңілге жұбаныш ететін суреті де жоқ. Тек көнекөз қарттардың
«тектілігің әкеңнен жұқса, сыпайылығың мен мейірімділігің анаңнан аумай қалған»
деген жұбату сөздері ғана жабыққан жанға медет. Екінші шеше атанған Әшіргүл
Мыңжасарды бауырына басып, мәпелеп-ақ өсірді. Өзінің аналық мейірімін төкті.
Ал, саналы ғұмырында ел басқарған әкесінің ұлына берген тағлымды тәлім-тәрбиесі
бөлек тақырып. Ең бастысы, ұлын адам болуға баулыды. Мектепті ойдағыдай
бітірген Мыңжасар Шымкент химия-технологиялық институтына оқуға түсіп, инженер
мамандығын алып шықты. Еңбек жолын облыс орталығында инженер-конструктор болып
бастады. «Ер туған жеріне...» демекші, 1971 жылы жас маман өз еліне оралып,
бастапқыда шебер, прораб болып сегіз жылдай еңбек етті. Расында да, әр азаматқа
атамекені қымбат әрі қасиетті. Елі үшін ерінбей еңбек етіп жүрген жігіт 1977
жылы Созақ ауданының бас сәулетшісі қызметіне тағайындалды. Мұны ол өзіне
көрсетілген сенім ретінде қабылдап, бар өнерін салды. Аудан орталығы — Шолаққорғанда
сәулетті ғимараттар тұрғызу, көшелерді реттеу, абаттандыру және көркейту
жұмыстарына елеулі үлес қосты. Созақ ауданының архитектуралық бейнесі мен бас
жоспарын жасады. Кейін комсомол, партия және кеңес қызметтерінде тәжірибе
жинақтап, лауазымдық жағынан сатылап өсті. Бұл құрылымдар кеңестік кезеңнің
үлкен шыңдалу мектебі еді. Сәулет саласында бір кісідей еңбек сіңірген іскер
маманның ұйымдастырушылық қабілеті мен жан-жақты білімдарлығын байқаған аудан
басшылары 1985 жылы оны аудандық партия комитетіне қызметке шақырды. Бастапқыда
қызметті нұсқаушы болып бастаған Мыңжасар бертін келе өзінің саяси өмірдегі
біліктілігі мен білімділігінің арқасында аудандық партия комитетінің партиялық
бақылау комиссиясының төрағасы, кадрлық ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі
қызметтерін абыройлы атқарды. Іскер әрі ізденімпаз азаматтан әрдайым жақсы
қолтаңба қалатыны анық. Білікті басшылық, тағлымды тәжірибе, батыл бастама
әрдайым өз жемісін береді. Атап айтқанда, №23 жылжымалы су құрылыс мекемесін
басқарғанда Күмісті, Ынтымақ, Қошқарата, Жосалы су қоймаларының салынуына
тікелей ықпал етті. Аудан орталығынан жаңа типті көп қабатты үйлер мен
әлеуметтік нысандар бой көтерді. Әр үйге тартылған су желісі ауылда бау-бақша
өсіруге мүмкіндік берді. Қаладан көкөніс тасып, күн көретін ауыл тұрғындары
енді өз аулаларында картоп, қияр, қызанақ, сәбіз, қырыққабат өсіріп, мол өнім
жинайтын болды. Ауданды Досыбай Шерімқұлов басқарып тұрған тұста М.Асқаров ауыл
әкімі қызметіне тағайындалып, табаны күректей жиырма жылға жуық жұмыс істеді.
– Мыңжасар аға
жұмыс атқарған жылдары көптеген елді мекеннің келбеті жақсарды. Жаңадан
саябақтар іске қосылды. Көшелер асфальттанып, жарықтандырылды. Ол кісі халықты
жаппай еңбек етуге жұмылдыра білді. Өзі басқарған ауылдық округке қарасты елді
мекендерде асыл тұқымды мал өсіру мен егіс егуді жолға қойды. Шаруашылықтарды
дамытумен қатар жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беруді ұмытқан жоқ. Күнделікті
қат-қабат шаруадан уақыт тауып мектептермен байланысын нығайтты. Өйткені,
білім-тәрбие ісіне көңіл бөлуді өзінің басты парызы санайтын, – деп сағына еске
алады мектеп ұстаздары.
Ауылда жүріп зиялы
қауымды шығармашылығымен мойындатып үлгерген ақынның бірі
– Мыңжасар аға. Әкім болып, ақын атанған азамат аз. Мемлекеттік қызметшіден
творчествомен айналысып, руханият саласына келетіндер сирек. Бойындағы
ақындыққа біртабан жақын қасиеті анасынан қонған секілді. Әкесі де қара жаяу
емес, әр сөзін тауып айтатын жан еді. Өмірдің небір қалтарыстары мен
бұлтарыстарын өлең жолдарына өзек еткен ағаның «Ақ жауын» атты алғашқы жыр
жинағы 2002 жылы жарық көріпті. «Қайта оралған көктем» атты өлеңдер топтамасы
2004 жылы жарық көрсе, араға үш жыл салып «Құлагер» атты туындысын
оқырмандарына ұсынды. 2010 жылы «Нұрлы жаңбырымен» тағы қуантты. Ал, 2013 жылы әдебиетсүйер қауым «Өмір
керуенмен» қауышты. Күні бүгінге дейін тағы үш-төрт кітапты шығарып үлгеріпті.
Түсіне білген
жанға жазу деген – азапты дүние. Әсіресе, поэзия мен драматургияның жүгі ауыр.
Мыңжасар аға соңғы кезде киелі сахна үшін жемісті еңбектеніп жүр. Әсіресе, оның
«Үміттің өлімі» атты драмалық туындысы ауыл театрында сәтті сахналанды. Оның
бұдан басқа да бірқатар драмалық қойылымдары ауыл театрының
репертуарында жүріп, кезінде созақтық көрермендердің талғамынан шықты. Мыңжасар
Асқаров «Мен өйттім-бүйттім» деп мақтанбайды. Қашан көрсеңіз байыпты
болмысынан, сабырлы мінезінен айнымайды.
Кейіпкеріміздің
тағы бір зерттеушілік қасиетін тани түскендейміз. Мәселен, батыр Едіге –
Мыңжасар ағаның тарихи еңбегінің кейіпкері. Ер Едіге Ұлытауда қайтыс болған
деседі тарихшылар. Алайда, оның мәйіті Баба Түкті Шашты Әзіз жатқан қара обаға
әкеліп жерленген екен. Сол Едіге батырдың басына қойылған құлпытастың орнатылуына
Мыңжасар ағаның сіңірген еңбегі орасан. ҚР Білім және ғылым министрлігінің
ұйымдастыруымен Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік
университетінде өткен «Түркология ғылыми-зерттеу институтының Ер Едіге және
Алтын Орда мемлекеті тұсындағы билер институтының маңыздылығы» атты ғылыми
конференцияда Мыңжасар ағаның баяндамасын жиналғандар ықыласпен тыңдап, еңбегі
жоғары бағалады. Әрине, әлемнің ондаған мемлекетінен келген ғалымдардың назарын
өзіне аудару оңайға түспеді.
Мыңжасар Асқарұлы
бүгінгі таңда аудан қаламгерлерінің Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық
бірлестігін басқарады. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Созақ ауданының
құрметті азаматы, ҚР мәдениет қайраткері. Бірқатар мерекелік медальдармен және
Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Теріскейдің
темірқазығына айналған ол ауданның саяси және қоғамдық өміріне әлі де белсене
араласады. Созақ аудандық кеңесінің белді мүшесі, «Ырыс алды – ынтымақ»
аудандық форумының хатшысы ретінде елді бірлікке, ынтымаққа шақырудағы өнегелі
істері өзгеге үлгі боларлықтай. Мыңжылқыны дастан еткен Мыңжасар ағаның
жыр-дастандары мәңгілік елдің мұрасына айнала бергей!
Дос
Мыңжасар Асқарұлы атамыздың, Бозқырау атты кітабы бар еді Сол кітапты қайдан сатып алсақ бооады
Ақын, тарихшы Жарылқасын Боранбай
Мыңжасар Асқарұлына Ел ішінде жүр ақын, Кеудеде дауыл сұрапыл. Халықтың қуанышы мен, Бақытынан тұратын. Ел ішінде жүр бір ақын, Көкжиекті әрі сыратын. Күн болып батса кешкілік Арайлап ерте шығатын. Ел ішінде жүр бір ақын, Тұл бойы талант, нұр, ақыл.. Келді ғой кезең, халқым-ау Мойыныңды бұратын !
Қаламгер Айгүл Мамыт
Теріскейдің Темірқазығы. Сонау кеңістік заманнаң ортасынан бүгінге дейін ұлтына қызмет етіп, ұлттың жоғын жоқтап, барын барлай білген азаматтың бірі- Мыңжасар Асқаров. Партия, совет қызметтерінде ұзақ жылдар қызмет етіп тәжірибе жинаған, жас маман Созақ ауданының экономикасы мен әлеуметтік жағдайын көтеруге ат салысқан білікті басшы ретінде танылған азамат.Жирма жылдай аудан орталығының әкімі бола жүріп, селоның сәулетің арттыруда артына із қалдырған азамат. Оның кісілік келбеті, кенпейілділік, адалдық пен ынтымақ пейілі, әдебиетте дарын таланттылығы ерекшелігімен көзге түскен жан. Құлыншақ Кемелұлы атындағы шығармашылық бірлестіктің төрағасы, Созақ ауданының Құрметті азаматы , ҚР Мәдениет қайраткері, бұдан бөлек отанымыздың көптеген медальдарының иегері.
Абдіжаппар Сапарбаев. Академик, экономика ғылымының докторы, профессор
Мыңжасар Асқаров шың мәнәңде Теріскей өнірінде аты алтың әріппен жазылған тума талант иесі, дарынды дарабоз, айтулы абыз, сөзге шешен парасаты биік тұлға. саналы өмірің еңбекке арнаған қоғам қайраткері. Елдің экономикасы мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсару жолында елу алты жыл бір орында қызмет еткен азамат. Көптеген кітаптардың авторы, әуесқой сазгер, тарихшы, драматург, біз айтып таусалмайтың мәдениет майталманы. қаламынан шыққан прозаү эсса, сатира жаныры қалын жұртты талай рет тамсандырған өнер майталманы.