ТҮЛКІБАСТЫҚТАР ТОП ЖАРДЫ
Түлкібас ауданындағы М.Лермонтов атындағы жалпы орта мектебінің «Бәйшешек» тобы республикалық байқауда топ жарды. Бұл топ сәуір айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында Майра Ильясованың ұйымдастыруымен өткен дарынды балалар мен жасөспірімдердің «Жұлдыз болғың келсе...» байқауына қатысқан болатын. 8-10 жас аралығындағы топтар арасында өткен сайыста «Бәйшешек» тобы Ф.Закировтың әні мен сөзіне жазылған «Қазақстан — Отаным» ән-биімен сахнаға шығып, ең жоғары балға ие болды. Қазылар алқасы ән мен бидің шебер ұласқанын, әсіресе, биші қыздардың қимыл-әрекеттерінің үйлесімді болғанын, музыканы тыңдай білетінін атап өтті. Көрермендер тарпынан да жақсы пікір білдіргендер көп болды.
Ал «Эстрадалық вокал» жанры бойынша
байқауға қатысқан жерлесіміз А.Курваналиев «Мой родной Казахстан» әнін нәшіне
келтіре орындады.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» демекші, ән-би және сөз додасы байқауында үздік әрі
дарынды жас таланттарды іріктеуде әділқазылар алқасының төрайымы ҚР Еңбек
сіңірген әртісі, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, әнші, продюсер
Майра Ильясова бастаған қазылар алқасы «Бәйшешек» ән-би тобын үздік деп таныды.
Елордада жеңімпаз атанған оқушылар Нұр-Сұлтан қаласына саяхат жасап, ауылға
әдемі әсермен оралды.
«Оңтүстік»-ақпарат.