Өркениеттiлiктiң түп-тамыры тереңде

Кешегi көшпелi қоғамның тұрмыс-тiршiлiгi, салт-дәстүрi мен әдет-ғұрпы Ұлы даламызда әдiлдiктің салтанат құруына негiз болған. Тек жан-жақты қарастырылып, түбегейлi зерттелмегендiктен, олардың түп-тамырына әлі де болса тереңірек бойлай алмай келеміз.
Еліміздің құқықтық тарихын сөз еткенде, оның шығу төркініне, бастау бұлақтарына тоқталмай өту мүмкін емес. Құқық, заң, тәртіп ұғымдары біздің топырақта тақыр жерден пайда болған жоқ. Бұл ұғымдардың бәрін Уақыттың өзі туғызды. Яғни Ұлы дала заңдарының түпкі негіздері әдет-ғұрып заңдарымен тікелей астасып жатыр деуге болады.
Сол кездегі тегеуріндіден тепкі, күштіден қыспақ көргендер билердің шешіміне жүгінген. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз содан қалса керек. Бұған қоса «Би айтқанды құл да айтады, бірақ аузының дуасы жоқ», «Кесiмдi малға өсiм бар», «Арлы арына қараса, арсыз жеңдiм дейдi», «Өзi жаман туған шешесiнен көредi, Дау айта бiлмеген төрешiден көредi», «Жаманның сөзiн сөйлеме, жалғыздың дауын даулама», «Би екеу болса, дау төртеу болады», «Ақта қара жоқ, қараға шара жоқ», «Жорғаң қатты болса, төске сал, iсiң ақ болса, көпке сал», «Iсiң ақ болса, Тәңiрiң жақ», «Бiр нақақты күйдiргеннен, он қылмыстыны ағартқан артық», «Жазалы ұрының бiр бетi қара, жазалы айғақтың екi бетi қара», «У iшкен бiр өледi, ант iшкен мың өледi» дейтін қанатты сөздер дала халқының даналығына, өркениеттілігіне нақты дәлел бола алады. Адам тағдырын шешердегі уәлі ауыздан төгіліп түскен бұл пайымдар кесімді, шешімді үкімнің өлшемі ғана емес, сонымен бірге дала заңының үстемдігін де білдіреді.
Әрине, дала өркениеті жайлы сөз еткенде, бүгінгі Ата Заңымыздың негізі саналатын «Жеті жарғыны» айтпай кетуге болмас. Қазақ билігінің негізгі жосықтары осындағы құқықтық ережелермен өлшенген. Ол кезде азаматтық заңдармен қоса діни шариғат та қатар дамығаны мәлім. Сайып келгенде, ислам дiнiнiң, шариғат нормаларының да «Жетi жарғыға» ықпал еткенi анық. Сондықтан бабалар жосығына үңілудің, нәрлі бастауға арагідік болса да қайта айналып соғып отырудың, әсіресе, қазіргі кезеңде берер тағлымы мен сабағы мол. Президенттің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы бізге осыны ұғындырады.
Арман ШЫНДӘЛИЕВ, Мақтаарал аудандық сотының судьясы.