ТҮРКI ЕЛIМ – БАУЫРЛАРЫМ!

  Түркияның астанасы Анкара қаласынан әдебиетші, ғалым Севил Караман биыл тамыз айында Қазақстанға арнайы келіп, қазақ ақын-жазушыларының туындыларымен танысып қайтқан болатын. Оңтүстіктегі ақын-жазушылардың шығармашылығы жайлы сұрастырып, Алтынай Кенжемұратқызымен сұхбат құрады. Севил Караман сол сапарында 2018 жылдың 4-7 қазанында Түркияның Самсун және Бавра қалаларында өтетін түркі халқының белгілі ақын-сазгері Нейзан Тейфик Колайлыны (1873-1953 ж. ж.) еске алуға халықаралық «Шайырлар және әдебиетшілер» фестиваліне бірнеше ақын-жазушыны шақырды. Солардың қатарында мен де бармын.

 

Сонымен, түркі еліне сапарға шығу әрекетіне кірістік. Ең алдымен туысқан түркі еліне қандай дайындықпен барғаным жөн болар екен? Қазақ қаламгерлерінің аяқ алыстарының қай дәрежеде екенін білу үшін шақырып отырғаны анық деген ой мазалады. Бір жағынан көршілес, туыс, тілдес әрі үндес түркі халқын қазақ халқының тарихы, егемен еліміздің бүгінгі тынысы, болашағы қызықтыратыны сөзсіз. Түркі елінің тарихын, қаламгерлерін зерделеу мақсатымен Алматы қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханаға арнайы бардым. Тамаша аудармашыларымыз бен ақындарымыз Жұмекен Нәжімединов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Исраил Сапарбайдың түрік ақындары туындыларына жасаған аудармаларын тауып алып, оларға сараптама жасап, ой-пікірімді жаздым. Сол күндері «Түркі елім – бауырларым!» атты арнау жырым да жазылды.

«Шымкент – Стамбул» бағытындағы ұшағымыз бес жарым сағат бойы көк аспанда самғап ұшып, түркі елінің ескі шаһарына келіп қонды. Стамбулдағы халықаралық «Ататүрік» әлемдегі ең үлкен әуежайлардың бірінен саналады. Ендігі бағытымыз – Самсуннан 70 шақырым жердегі Бавра қаласы.

Фестиваль қонақтарын алғашқы күні Бавра қаласының тарихи орындарымен, мұражайларымен таныстырды. Сондай-ақ, қала басшысының қабылдауында болдық. Келесі күні тау бөктеріндегі тарихи орындарды араладық. Таудың биік шыңдарындағы тасты қашап, ойып салған мекенжайларды көріп, адам қолымен жасалған осынау ғажайыптарға тәнті болдық.

Жетінші қазан күні өткен кездесулер ұмытылмастай болып есте қалды. Түске дейін Самсун шаһарының мұнтаздай тап-таза, көкорай, көкмайса, хош иісті гүлдестелерге оранған ғимараттары мен мұражайларын аралап, мол ғибрат алдық. Түс қайта халықаралық Neyzen Tevfik Kolayli атындағы Siir ve Sanat Festivali-нің ғылыми-ағарту конференциясына қатыстық. Түркі елі тарихшыларының, ғалым-ағартушыларының, ақын-жазушыларының тарихи деректері мол баяндамаларын тыңдадық. Бауырлас жеті елден келген ақын-жазушыларымыз түркі халқының шамшырақтары болған шайырлары туралы мол мағлұматқа қанықты.

Әлемнің әр түкпірінен келген түркітілдес ағайын ақындардың басын бір жерге тоғыстырған алқалы жиында түркі бауырларымызға алғыс айта отырып, мен де ақын-жырауларымыздың жырларынан, батыр тұлғаларымыз туралы дастандардан үзінділер оқыдым. Конференцияның ең жас қатысушысы, түрік ақыны Мұстафа Санли баламызға ақындық жолында қанаты қатайып, биіктерге көтерілуіне тілектестік білдіріп, түркістандық қолөнер шеберінің өрік ағашынан сапталған қамшысын сыйға тарттық. Түркі еліне және халықаралық фестивальге қатысушыларға жарқын да жарық күндер мен бейбіт өмір тілеп, қимай қоштастық.

Айыпберген БАЛТАБАЙҰЛЫ (Айып Нұр), ақын-жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз