Шағалалы ел шаттанып жатыр

  Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Оңтүстік Қазақстан». Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».

 

Түркістан облыс орталығы болғалы бері шалғайдағы елді мекендердің жұмысы қарқын алғандай. Әсіресе, қиыр шеттегі Шардара ауданының екпіні бөлек. Кеңес одағының тұсында ақ маржан күрішімен танылған аймақ кешегі өтпелі кезеңде біраз тоқырап, темір жол байланысы үзіліп, әлеуметтік экономикалық тұрғыдан біршама әлсіреді. «Шағалалы» деп тамсанып айтылатын тіркеске «шалғайдағы» деген жалғау қосылды. Бұрынғы облыс орталығы – Шымкентпен екі арасы екі жүз сексен шақырымды құрайтын ауданға арнайы баратындар болмаса, жол-жөнекей соға кететін де жер емес. Күре жолдың бойы болмағасын үдере көшкендер де көбейіп, бір жылдары аудан орталығындағы көпқабатты үйлер босап та қалған-тұғын.

Бірақ, бүгінгі жағдай басқа. Ауданның әлеуеті артып, жергілікті тұрғындардың жаңадан салып жатқан үйлерін айтпағанда, жан-жақтан көшіп барушылардың да қатары артып келеді. Соңғы бес-алты жылда Шардара қаласының аумағы екі есеге дейін ұлғайғанын аңғару қиын емес. Жақындағаннан-ақ жол жағасынан салынып жатқан заманауи үйлерге еріксіз көзіңіз түседі. Көпқабатты үйлер жасанды теңіз жағасына ерекше көрік беріп, туризмді дамыту мақсатында қолға алынып жатқан шаруалар да көңіл сүйсінтеді.

Иә, Шардараның ерекше қарқынмен дамитындай да жөні бар. Біріншіден, көк айдын көлі мен шағылды құмы өзара үндесіп жатқан аймақтың тартымды табиғаты туризмді дамытуға мол мүмкіндік берсе, екіншіден, Сырдарияның жағасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға да қолайлы. Малға да, жанға да жайлы мекеннің орталықтан тым шалғай жатқандығы көп мүмкіншілікке қолбайлау болатын. Енді, міне, облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға көшуіне байланысты бұл мәселе де оңтайлы шешімін тапқандай. Елбасымыз

Н.Назарбаевтың облыс орталығын Түркістанға көшіру жайлы Жарлығы осылайша шалғайда жатқан Шардараға ерекше қарқын беріп, тұрғындарын шаттыққа бөлеп жатыр. Осынау тарихи шешім, айтулы Жарлық алыс ауылдарды қимыл-қозғалысқа қосты. Қызылқұмның қойнауында, Сырдарияның сағасында орналасқан Шардара ойламаған жерден орталыққа айналып шыға келді. Мақтаарал, Жетісай аудандарының үш жүз мыңнан астам тұрғыны облыс орталығы – Түркістанға Арыс арқылы төтелеп тартатын болса, ол міндетті түрде Шардара шекарасын кесіп өтеді. Сәтті шешімнің шапағаты тек Шардараға емес, сонымен бірге Арыс, Отырар аудандарына да тигелі тұр. Өйткені, халықаралық маңызы бар күре жолдың бойындағы қимыл-қозғалыс транзиттік дәліз болуға жараған аудан-ауылдарға өзінің оң әсерін тигізбей қоймайды.

Біздің бүгінгі тақырыбымыз да осынау оң әсерлерден туындаған мысалдарға толып тұр. Жоғарыда айтқанымыздай, тым шетте жатқандығының өзі біраз мүмкіндіктің жолын бөгеп, ауданның даму әлеуетін тежегені рас. Енді, міне, біраздан бері күрмеуі тарқатылмай келе жатқан проблемалар да оң шешімін тауып жатыр. Айталық, жасанды теңіз жағасындағы қала тұрғындарының таңдай жібітетін тұшы суға жарымай-ақ қойғаны таптаурын тақырыпқа айналған еді. Сонымен бірге, табиғи газ «жыры» да біраздан бері айтылып келеді. Аудан әкімі Болатбек Қыстауовтың айтуынша, бұл екі мәселе де бүгінде қолға алынған.

– Ауызсу мәселесі бойынша ауданда төрт нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, газдандыру бойынша алты нысанның жұмысы басталды. Ауызсу мәселесі аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерге ғана тән, қалғаны толық қамтылған. Құрылысы биыл басталып, келесі жылға өтпелі болған төрт ауыл – Айдаркөл, Баспанды, Жоласар және Жаушықұмға орталықтандырылған құбыр суы тартылса, аталған елді мекендердегі 1077 тұрғын таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Ал, табиғи газ тарту мәселесіне келер болсақ, Ұзыната мен Алатау батыр ауылы екі жылдан бері табиғи газды тұтынып отыр. Енді аудандағы Ақалтын, Егізқұм, Достық, Сүткент және Қызылқұм ауылдары да көп ұзамай «көгілдір отын» жағатын болады, – дейді әкім.

Шардарада тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аудан орталығында сметалық құны 822,1 миллион теңгені құрайтын төрт қабатты, 40 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары таяуда толық бітіп, пайдалануға берілмек.

Бұлардан бөлек, қала аумағында мобильдік коммуналдық үлгідегі 2 қабатты, 10 пәтерлі екі тұрғын үй, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде 2 қабатты 10 пәтерлі 1 тұрғын үй құрылыстары да толық бітуге таяп қалды. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрғали Мырзахметовтің айтуынша, биыл жалпы құны 523,1 миллион теңгені құрайтын бес нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған болса, оған бөлінген қаржы кестеге сай толық игерілген. Нәтижесінде, Шардараның өзінде 8183,6 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 110 отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.

Ресми дерек бүгінгі таңда аудан бойынша 1085 адамның тұрғын үй кезегінде тұрғанын көрсетеді. Демек, шаруасы қыз-қыз қайнаған Шардараны өздерінің құтты мекені еткісі келетіндер қатары көбейіп келеді. Ал, құрылыс саласындағы жұмыс осы қарқынын бәсеңдетпесе тізімде тұрған мыңнан астам адам әлі-ақ жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын тойлайтын болады.

Пікір қалдырыңыз