«Халыққа қалтқысыз қызмет ету – қасиетті міндет»

Орынбасар ТАСТАНОВ, Шымкент қаласы әділет департаментінің басшысы: «Халыққа қалтқысыз қызмет ету – қасиетті міндет»

 

– Орынбасар Зайдинұлы, осы жыл Оңтүстік өңірі үшін ұлы оқиғалар, керемет жаңалықтарға толы жыл болды. Елбасы Жарлығымен Шымкент қаласы республикалық мәртебе алып, жаңа Түркістан облысы құрылды. Осы өзгерістерді ой елегінен өткізіп көріңізші? 

− Жер-Анамыз масатыдай құлпырып, алқызыл гүлдер бүршік атқан кезде біз Наурыз мерекесін, көктемнің Ұлы думанын адамзаттың алтын бесігі, киелі Қазығұрт тауының іргесінде өткізуіміздің өзі оңды өзгерістерге деген игі қадам жасауымыздың бастауы болды. Облыс әкімдігінің осы игілікті іс-шарасы ата-бабаларымыздың рухын асқақтатты. Қазақтың ұлы даласының бүкіл тіршіліктің Отаны екендігіне әлемнің назарын аударды. Қазығұртқа деген құрмет Тәңіріміздің өзінің бізге оң көзбен қарауына себеп болғандай көрінеді. Қазығұртты қастерлеп, киелілігіне басын иіп тағзым етушілердің алғысы мен ризалығына бөленген облыс жұртшылығы көп ұзамай-ақ тағы бір жаңалықтың куәсі болды. Елбасының Жарлығымен Жетісай, Келес аудандары дүниеге келді. Облысымыздың картасы өзгерді. Мақтаарал мен Сарыағаштан енші алған бұл екі аудан халқымызға құт-береке ала келді. Жаңа жұмыс орындары ашылды. Түркістанның облыс орталығы мәртебесіне ие болуы, облысқа Түркістанның аты, ал, Шымкентке республикалық мәртебе берілуі, Елбасының осы Жарлықтарға бар ықыласымен қол қоюы, шын мәнінде зор қуаныш, таңғажайып жаңалық. Облыс, қала берді республика халқының көп жылдардан бергі асыл ойы жүзеге асты. Ақ түйенің қарны жарылды. Киелі Қазығұрттың кереметтілігі дәлелдене түсті. Президентіміздің Түркістанды түлету, рухани астанамызды абаттандыру жөнінде берген тапсырмаларын республика халқы зор ынта-ықыласпен қарсы алды. Оларды жүзеге асыруға нақты шаралар қабылданды. Елбасының көрегенділігі, сарабдал саясатының өміршеңдігі, Қазақстанға деген перзенттік парызының адалдығы, елін емірене, халқын құшырлана сүйетіндігінің жарқын көрінісіне айналды.

– Сіз Шымкент қаласында жаңадан ашылған әділет департаментінің басшысы болып тағайындалдыңыз. Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Үшінші мегаполисте атқарылатын жұмыстардың қомақты екенін жақсы білеміз. Сіз бұған дейін облыстағы әділет департаментін басқардыңыз. 30 қыркүйекте Сіздердің төл мерекелеріңіз аталып өтеді. Әрине, мерекеде белгілі дәрежеде атқарылған жұмыстарға есеп те беріледі. Сондықтан осы күнге дейін басқарған облыс департаменті халықтың құқықтық сауаттылығын қамтамасыз ету жолында қандай қызмет түрлерін көрсетті?

− Маған үлкен сенім артып Шымкент қаласы әділет департаментінің басшысы етіп тағайындағаны үшін Президент Әкімшілігіне, Әділет министрлігіне рахмет айтамын. Департамент жаңадан құрылғаннан кейін үлкен жауапкершілік жүктеледі. Іс тетігін шешетін кадрдан бастап сан алуан атқарылар жұмыстардың да көзін тауып, халыққа қалтқысыз қызмет жасау – міндетіміз. Бұл – болашақтың жұмысы. Ал, енді бұған дейінгі облыста атқарылған жұмыстарға аз-кем шолу жасайын. Құқық қорғау органдарының арасында біздің министрлік халыққа ең жақын, оның ішінде азаматтарды жазалайтын емес, жарылқайтын орган десек, басқа құзырлы министрліктер маған өкпелей қоймас. Өйткені, шындығы солай. Оны атқаратын қызметтеріміз арқылы да дәлелдей аламын. Ең бастысы, халықпен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, тұрмысқа қажеті бар кез келген мәселелерді заңдастырып, оларды заң жүзінде қорғауды қамтамасыз етеміз. Халыққа өте қажет қызметтерді жүзеге асыру антқа адалдықты, міндетке жауапкершілікті, кәсібилікті, принципшілдікті, тазалық пен мәдениеттілікті, Қазақстан заңдарын жетік білуді талап етеді. Бізде осы талаптарды жүзеге асыру жолында қызметтерін жаңаша серпіліспен, айрықша жауапкершілікпен атқарып жүрген мамандар баршылық. Департаментте әрбір құжаттың заңға сәйкес толтырылуына, сауатты жасалуына, қызметкерлердің іскерлігі мен шеберлігін арттыруға, өз мамандығын жете меңгеруіне айрықша бақылау жасалады. Соның нәтижесінде республикада алдыңғы қатарлы орындарда келеміз.

– Мемлекеттің негізгі байлығы – адам. Халықтың саны көбейген сайын мемлекеттің әлемдік деңгейдегі абыройы мен беделі де арта түсетіні ақиқат. Биыл Шымкент қаласының республикалық мәртебеге ие болуы да тұрғындардың көбеюінің арқасында жүзеге асып отыр. Осы ретте облыстағы демографиялық жағдайға қандай баға берер едіңіз?

– Статистикаға сүйенсек, 2018 жылдың бірінші жартысында өңірімізде 38250 нәресте дүние есігін ашқан екен. Некеге тұрушылардың саны 9388-ді құраса, есесіне осы кезеңде 3000 неке бұзылған. Ал, қайтыс болғандар 7260-ты құраған. Иә, өмір бар жерде өлімнің қатар жүретіні белгілі. Ең бастысы, бұл дүниемен қоштасқандар мен жаңа өмірдің есігін ашқандар арасындағы айырмашылық көңілге қуат беріп, жаныңды жадыратады. АХАТ саласы бойынша «Электронды үкімет» порталына биыл 24301 өтініш келіп түсті. Былтырғы жылмен салыстырғанда 16041-ге, яғни, 195 пайызға көбейді. Әділет органдарының алдыңғы қатарлы міндеттерінің бірі – «Электронды үкіметті» дамыту болса, біз бұл салада едәуір жетістіктерге жетіп отырмыз.

– Жылжымайтын мүліктерге жеке азаматтардың иелік құқын қамтамасыз ету − «әділеттіктердің» елеулі міндеттерінің бірі. Әрбір азамат үшін бұл өмірлік маңызы бар мәселе. Міне, осы салада тұрғындардың талап-тілегі қаншалықты орындалуда?

– Жалпы аудандық, қалалық әділет басқармалары бойынша 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында тіркеуге 81680 өтініш берілген. Ал, өткен жылғы өтініш саны 80533-ті құраған болатын. Былтыр кері қайтарылған өтініштердің саны 408 болса, биыл бар-жоғы 41 өтініш кері қайтарылып отыр. Бұл әділет қызметкерлерінің тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс істесіп, оларға құжат жасаудың жолдарын үйрету, оқыту сабақтарын жиі өткізудің нәтижесі. Сонымен қатар қалалық, аудандық әділет басқармалары жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеуді түсіндіру үшін 42 «дөңгелек үстел» мәжілісін, 41 семинар өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдарында 17 мақала, 8 сұхбат, теледидар мен радиода 3 кездесу ұйымдастырылды. Жалпы, атқарылған жұмыстардың тағы бір көрсеткіші – мемлекеттік қазынаға қаржы түсіру. Департамент тіркеу жұмыстарын оңтайлы жүзеге асырып, өтініштерді жүйелі орындаудың нәтижесінде бюджетке 137670149 теңге түсірді. Бұл өткен жылғыдан 37500000 теңге көп. Осы мерзім ішінде тұрғындардан мемлекеттік қызмет көрсету сапасына арыз-шағымдар түспеді. Мерзімі бұзылған өтініштер болған жоқ.

– Қазір елімізде медиация институтына, оның өмірде қолданылуына ерекше көңіл бөліне бастады. Даулы мәселелер өзара келісім арқылы сотқа жетпей шешіліп жатса, дау-дамай да аздау болады. Әрі сот орындарының жұмысы да жеңілдер еді.

– Қазақ халқы үшін бітімгершілікті қолданудың жолы да, жөні де бөлек. Олай дейтінім, ертедегі билер мен шешендердің бір ауыз сөзінің өзі ағайындар арасындағы келіспеушіліктердің күрмеуін шешіп, дауласудың түйінін сол замат тауып жататын. Сол кездегі бір би соттың да, прокурордың да, полицияның да міндетін атқарушы еді. Ата-бабамыздың сол дәстүрін қайта жаңғыртып, шынайы, әділ, кәсіби билердің кеңесін құрып, жер, үй, отбасы және басқа да адам құқығын қорғайтын мәселелерді кеңесте қарап шешуге болады. Арызданушы да, жауапкер де босқа шығынданбай, билер кеңесінің көмегімен бітімгершілікке келер еді. «Би асылдан асыл болмас, би асылмен жолдас болсаң, мұрадың сірә да хасыл болмас» дейді дана халқымыз. Демек, білгір, таза, шешен билер әрбір дауды сабырлы, салмақты, зор ықыласпен тыңдап, тура шешімін, кесімді билігін айтады. Ол төрелікке сөз жоқ, екі жақтың да көңілі толып, риза болуы тиіс. Қазір медиация, медиатор, билер кеңесі деген сөздерді халық ептеп түсіне бастаған сияқты. Алайда, оны қолданып жүзеге асыруға құлшына кірісе алмай отырмыз. Қолымызда бар заңнамалық құжатты іске асыру үшін медиаторлардың белсенділігін арттырып, оларды халық арасында кеңінен насихаттап, осы жөніндегі жұмыстарды тез арада жүзеге асырған жөн. Ол үшін медиаторлар, билер кеңесінің мүшелері қолданыстағы заңдарды жетік білгені абзал. Дауласушы екі жақ та бітімгершілік кезінде қабылданған немесе қабылданатын шешімге толығымен қанағаттануы тиіс.

– Әділет органдары қызметкерлерінің төл мерекесіне орай тілегіңіз.

– Мереке тек біздің ғана емес, біздің қызметті пайдаланушы әрбір азаматтың да мерекесі. Сондықтан да барлық қала және облыс тұрғындарына зор денсаулық, бақ-дәулет, отбасыларына амандық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің аспаны ашық, экономикасы қуатты, халықаралық аренада абыройы асқақ, мәртебесі биік бола берсін!

– Орынбасар Зайдинұлы, «әділеттіктер» атына заты сай болып, халыққа жасайтын қызметтерінде биіктен көріне беруіне тілектеспін. Сұхбатыңызға рахмет! Баршаңызға Алланың нұры жаусын!

Сұхбаттасқан Байдулла ҚОНЫСБЕК, Қазақстанның құрметті журналисі.

Пікір қалдырыңыз