«Шымкентке сыймай емес, қимай кетiп барамыз»

  Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан». Осыдан екі ай бұрын ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысын Түркістан облысы деп қайта құру және оның орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы тарихи Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Елбасының бұл шешімі Түркістанның қайта түлеп, еліміздің өсіп- өркендеуіне үлес қосатын жаңа орталыққа айналуына жол ашты. Облыс орталығы атанған Түркістан қаласы ендігі жерде еліміздің ғана емес, бүкіл Орта Азияның, тұтас түркі әлемінің сауда-экономикалық және рухани-мәдени орталықтарының бірі болады деп күтілуде.

 

Осынау тарихи шешімге орай, кеше Түркістан облысы әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлері Шымкент қаласынан облыс орталығы Түркістан шаһарына көш бетін түзеді. Салтанатты шарада өңір басшысы Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, ел болашағы үшін талай маңызды шешімдер қабылданған Түркістанға ат басын бұрып, қызмет етуге аттанып бара жатқан азаматтар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындады деуге толық негіз бар деді.

– Әрбір мемлекеттің, әрбір облыстың, әрбір қаланың тарихында жауапты кезеңдер болады. Биыл 19 маусымда Елбасы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып құрылып, оның орталығы Түркістан қаласы болып бекітілді. Осынау тарихи шешімнің шыққанына 2 ай жетер-жетпес уақыттың өзінде біз тынбай жұмыс істеп, Елбасы Жарлығын орындауға бар күшімізді салдық. Түркістан қаласында облыс әкімдігіне қарасты 24 басқарма мен облыстық мәслихат, қоғамдық кеңес пен департамент қызметкерлері отыратын кеңселер даярланды. Түркістанға қоныс аударған мемлекеттік қызметкерлерге қолдау көрсетіліп, жағдай жасалады. Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Кезінде Елбасы Астанаға көшер кезде «Алматыға сыймай емес, Алматыны қимай кетіп барамыз» деген еді. Біз де Шымкентке сыймай емес, оны қимай кетіп барамыз.

Түркістан – бар қазақтың рухани астанасы. Сондықтан қаланың өсіп-өркендеуіне күш салуымыз керек. Алдағы уақытта шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бүгінгі көш Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірінің басталғанын білдіреді. Сондықтан ұлы көшке батыл қадаммен қосылған біздің әріптестерімізді өз Отанының патриоттары деп нық сеніммен айта аламын, – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Cалтанатты шарада белгілі жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт пен қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов сөз сөйлеп, әкімдік қызметкерлеріне жетістіктер мен толағай табыстар тіледі. Қазақтың жөн-жоралғысымен «Көш көлікті болсын!» деген ниет айтылып, көпшілікке қымыз мен бауырсақ таратылды.

***

Киелі шаһарға бет алған көшті Түркістан қаласы әкімдігі мен жергілікті тұрғындар сән-салтанатымен қарсы алды. Белгілі айтыскер Бекарыс Шойбеков тарихи оқиғаны кестелі сөзбен өрнектеп, көпшілікке жырдан шашу шашты. Салтанатты шарада облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сөз алып, бүгінгі оқиғаның түркістандықтар үшін маңызы айрықша екенін еске салды.

– Бүгін Президент Жарлығын бұлжытпай орындау мақсатында облыс әкімдігі мен облыстық салалық 24 басқарма және 30 аумақтық департамент облыстың жаңа орталығына көшіп келіп отыр. Яғни «Түркістанды түлетуге үлес қосамын» деген ниетпен келген жүздеген мемлекеттік қызметші және олардың отбасылары түркістандықтардың қатарын толықтырды. Осылайша облыс орталығы Түркістан қаласына іс жүзінде қоныс аударған бүгінгі күн – өңірдің ғана емес, тұтас Қазақ елінің тарихында алтын әріптермен жазылып қалатын керемет күнге айналды. Бүгін халқымыздың басынан өткен талайлы тарихтың куәсі, ұлтымыздың қасиетті бойтұмары – киелі Түркістан қаласының және онымен аттас өңірдің тарихында жаңа парақ ашылды, – деп киелі шаһарды түлетуге кіріскелі отырған мемлекеттік қызметшілерге толағай табыс тіледі.

Мұнан соң Түркістан қаласы ақсақалдар алқасының төрағасы, облыстың құрметті азаматы Жарылқасын Әзіретбергенұлы ізгі тілектің арнасын жалғастырып, Түркістанның тек рухани астана ғана емес, бүкіл түркі жұртының көз сүйсінтер шуақты қалаға айналарына сенім білдірді.

Айта кетейік, Жансейіт Түймебаев бастаған тарихи көштің құрамында облыс әкімінің орынбасарлары және аппарат басшысы, облыстық мәслихат хатшысы мен аппараты, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы және аппараты, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары және қызметкерлері, облыстық зиялы қауым өкілдері, облыс ардагерлері, құзырлы орган басшылары, әкім аппараты қызметкерлері, 28 аумақтық департаменттің басшылары мен қызметкерлері, 24 облыстық басқарма басшылары мен қызметкерлері, республикалық және жергілікті БАҚ өкілдері сынды жалпы саны мыңға жуық адам бар.

Суреттерді түсірген Антон ЛЕЩЕНКО.

Пікір қалдырыңыз