СЫЗДЫҚ СҰЛТАН

           Он жыл бойы Қоқан хандығымен және патша әскерімен соғысқан қазақтың соңғы ханы Кенесары көз жұмғанда артында сегіз ұлы қалады. Алайда, қос ұлы Тайшық пен Ахмет өздеріне қарасты Қоңырат, Қыпшақ, Сунақ пен Қожа руларының адамдарын ертіп, Ресей империясына қызмет ету үшін Перовскіге (қазіргі Қызылорда) қоныс аударады. Ал, ұлы Сыздық сұлтан әкесінің елінің бостандығы үшін жүргізген соғысын жалғастырып, 20 жылға жуық патша әскерімен соғысады. Алайда, ол 1882 жылы орыс билігін мойындап, елге оралады.

Сыздық сұлтан патшаның шешімімен Арыс өзенінің бойындағы Қарабұлақ ауылы  Ханқорған елдімекеніндегі інісі Ахмет сұлтанның жанына келіп қоныстанады. Мұнда оған өмір бойы төленетін зейнетақы тағайындалып, маңындағы ауылдар түгел салықтан босатылады. Ауылға келгеннен кейін бес уақыт намазын қаза қылмай, бейбіт күн кешеді. Мал бағып, егіншілікпен айналысады. Жеміс-жидек ектіріп, арықтар тартқызады. Осылайша 73 жасқа қараған шағында дүниемен бақұлдасады.

Ол туралы жазылған еңбектер аз емес. Мәселен, 1889 жылы оның інісі Ахмет сұлтанның «Кенесары және Сыздық сұлтандар» деген еңбегі орыс тіліне аударылғанда орыс ғалымы Смирнов: «Бұл еңбек Орта Азияны жаулап алудағы бізге беймәлім көптеген деректерді баяндауымен бағалы. Ахмет сұлтанның жазбаларынан Кенесары ханның күресі мен Сыздық сұлтанның өмірбаяны және күресі жөнінде бізге белгісіз оқиғалар туралы құнды деректерге қанықтық» деген екен. Сыздық сұлтанды Смирновтың өзі: «Орта бойлы, жасы елуден асқан, аздаған ағы бар сақал-мұртты, дене пішімі қолдан құйғандай, әр қимылы, сөзі салмақты, суық көзді, бет әлпеті келісті, бар болмысынан ақсүйектерге тән леп ескендей. Бір қарағанда орта жастағы қарапайым адам дерсің. Ал, сөйлей бастағанда жаңағы байсалдылық, биязылық жоғалып, көздері ұшқын шашып, әр сөзін шеге қаққандай нықтап, ойын анық жеткізіп, әр қимылынан билік етіп үйренген, айтқанын істететін екпіні байқалады. Иә, расында да осы Сыздық қой әр кезде ойламаған жерден тап беріп, патша әскерінің зәресін алатын, қарамағындағы қазақ пен түрікмен жауынгерлерін отқа да, суға да тайынбай салатын. Оның білгір, әскер ілімінің шебері, нағыз жаужүрек қолбасшы екенін байқайсың. Алғашқы көргендей момақан қазақ емес, нағыз кәсіпқой әскербасы екенін білесің» деп жазған.

Сыздық сұлтан туралы, оның ерлік істері туралы біраз жазылды, тек тиянақты зерттеу болған емес. Шындығына келгенде, Сыздық сұлтан дала генералы, көріпкел, данышпан, білгір қолбасшы екенін сол кездегі хандар жоғары бағалаған. Ташкент қаласын қорғауда бас қолбасшы, Бұхара, Хиуаны орыстардан қорғауды білгір ұйымдастырып, Қашқар елі әскерінің бас қолбасшысы болғаны тегін емес. Патшалық Ресей Сыздық сұлтанның дарынды қолбасшы, ұйымдастырушы екенін мойындап, Петерборға ақ патшаның қабылдауына шақырып, сый-сияпат көрсетіп, арнайы жер беріп, ол жердің тұрғындарын салықтан босатып, сұлтанға өмірлік зейнетақы төлеп тұруы да жайдан жай емес. Осындай елі үшін, елінің бостандығы үшін күрескен қолбасшыға Шымкент қаласынан көшенің немесе мектептің аты берілсе, бүгінгі жастар да ұлты үшін жиырма жыл бойы аттан түспей күрескен қазақтың қайсар ұлын біліп, бой түзер еді...

Москау НОҚРАБЕКОВ.

1 пікір

  • Тилеубергенов. Ш .Ж
    Тилеубергенов. Ш .Ж

    Сыздық төрені кеңінен таныстыру керек екен. Өз басым енді танып жатырмын. Бабамыздың ерліктері ұмытылмасын.

Пікір қалдырыңыз