Айнұр ӘБДІРӘСІЛҚЫЗЫ, дінтанушы: «БҰЛ ЗАУАЛДЫ КӨПШIЛIК БОЛЫП ҚАНА ЖЕҢЕ АЛАМЫЗ»

Дінтану бөлек, исламтану бөлек
– «Дінтанушы» деген қандай мамандық, ол мамандықтың иесі нақты немен айналысады, олардың басқа да діни сала мамандарынан айырмашылығы неде? Әңгімені осы сұрақтардың басын ашып алудан бастасақ...
– Бұл мамандық біздің елімізде 1991 жылы құрылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде тұңғыш рет 1992 жылы ашылып, осы университет қабырғасында қалыптасты. Оның аты «дін және еркін ойлау» деп аталды. Ол кезде дін мен философияның ара жігі әлі ажыратылмаған еді. Мамандық атауы уақыт өте келе «дінтану және теология» деп аталды. Ал, бүгінгі таңда дінтану кафедрасы еліміздегі 6 жоғары оқу орнында бар. Біріншісі, Түркістандағы университетте болса, екіншісі Қарағанды мемлекеттік университетінде, Еуразия Ұлттық университетінде, Қазақ Ұлттық университетінде, Алматыдағы «Нұр-Мүбәрак» университеті мен Шет тілдер және іскерлік мансап университетінде.
Осынау «дінтану» аясында бізде университеттердегі кафедралар өздерінің оқытушыларының дайындығына, деңгейіне және әлеуетіне сәйкес бірқатар бағыттар бойынша айқындалды. Мысалы, ҚазҰУ-дағы дінтану кафедрасы мәдениет теориясына бейімірек болса, «Нұр-Мүбәрак» университетіндегі дінтанушылар исламтану бағытына көбірек бейім. Олар элективті, яғни, таңдамалы пәндерді исламтану тұрғысынан көбірек оқытады.
Жалпы, дінтану тақырыбы сөз болғанда мына мәселелерді түсініп алғанымыз абзал. Дінтану кафедраларының барлығында діннің тарихына, философиясына қатысты негізгі пәндер деген болады. Ол пәндер жоғарыда аты аталған діни білім беретін университеттердің бәріне ортақ. Сонымен қатар, еліміз бойынша 176 элективті пән бар. Оларды өздерінің қалауларына қарай студенттер таңдайды. Сол 176 пәннің ішінен қай кафедра қандай пәндерден дәріс беруді ұсынады, оны өзінің оқытушыларының бейімділігіне, білімінің деңгейіне қарай анықтайды. Мысалы, қазір Еуразия Ұлттық университетінде заманауи дін саясатына, дін мен дәстүр қатынасына, экстремизм мен терроризмге, халықаралық қатынастарға қатысты бірнеше элективті пәндер бар. Яғни, бұл университет заманауи үдерістерге көбірек бейім. Қарағанды мемлекеттік университеті антропология мен философиялық тұрғыдан тереңірек оқытады. Біз, бірақ, бұл кезеңнен де өтетін тұсқа келдік. Өйткені, дінтану кафедралары ашылған кезде біздің елімізде бұл саланың мамандары қалыптасып болмаған еді. Соңғы кезге дейін де дінтанудан даярлаған мамандарымыздың төресі магистрлер болып келді. Ал, бүгін дінтану докторларын даярлайтын деңгейге жеттік. Қалай болғанда да бұл сала біз үшін салыстырмалы түрде жас сала болып саналады. Ол әзірге жоғарыда айтылғандай мәдениеттанулық бағыт, философиялық бағыт, заманауи үдерістерді зерттеуге арналған бағыт және теологиялық (дін туралы ғылым) бағыт бойынша дамып келеді.
Бұдан бөлек «Нұр-Мүбәрак» университетінде исламтану кафедрасы өз алдына жұмыс істейді, онда исламтану деген мамандық бар. Бұл – кәдімгі дінтанудан бөлек, жоғары медреселік исламтанулық білім беретін жүйе. Яғни, таза діни мамандарды осы жерде даярлап шығарады. Ол жерде осы мамандық бойынша магистратура да, докторантура да бар. Демек, бұл университеттен исламтану ғылымының докторы деген атаққа дейінгі барлық ғылыми дәреже алып шыға аласыз. Дінтану саласы бойынша да еліміздегі бірнеше оқу орнында магистратура, докторантурада оқып, одан ғылыми дәреже қорғауға толық мүмкіндік бар.
– Дінтанушы мамандар дінді қай тұрғыдан оқып, үйренеді?
– Кейбіреулер ойлап жүргендей атеистік тұрғыдан немесе жалаң саяси тұрғыдан емес, көбіне-көп дәлелденген таза ғылыми тұрғыдан, ғылыми дәлелдемелер, ғылыми теориялар негізінде оқып, үйренеді. Дін философиясы, діни философия, дін тарихы, дін социологиясы, дін феноменологиясы, тағы басқа да дін қалай туындады, қалай пайда болды, оған қатысты қандай ғылыми негіздер бар, жаңа діни ағымдар деп нені айтамыз, олардың даму ерекшеліктері қандай, дәстүрлі діндер мен бейдәстүрлі діндер деп нені айтамыз, Қазақстанда қандай діни конфессиялар бар, экстремизм мен терроризм идеяларының дінмен қатысы бар ма, дін саласындағы далалық зерттеулер қалай жүргізіледі деген секілді және гуманитарлық мамандықтарға қатысты көптеген пәндер оқытылады. Мысалы, философия, антропология, дін антропологиясы, діндегі биоэтика мәселесі оқытылады. Міне, осылардың барлығы дінтанудың ғылыми салалары. Дінтанушы мамандар осының бәрін игеріп шығады.
– Ал, діни мамандар нені оқып, нені игеріп шығады?
– Олар біздің елімізде негізінен медреселерде даярланады. Олардың мәртебесі колледж мәртебесімен теңестірілген. Бізде медресе-колледж деп аталатын 5 арнайы орта оқу орны бар. Ал, еліміз бойынша медреселердің жалпы саны – 9. Ол медреселердің барлығы да таза ислам діні бағытында білім береді. Бұл медреселерді бітіргеннен кейін ары қарай таза ислами білімін тереңдеткісі келген адам аты аталған, таза ислами бағыттағы «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдени университетінде «исламтану» мамандығы бойынша оқуға мүмкіндігі бар. Оның ішінде ислам ғылымдары, құран ғылымдары, хадис ғылымдары, тәпсір, яғни, құранға түсінік беру мен хадисті өзінің жік-жігімен, ретімен оқу ғылымдары, ислам тарихының өзекті мәселелері, салыстырмалы мазхабтану мәселелері, мазхаб тарихы, ислам құқығының әдіснамасы тәрізді таза діни мамандықтары өте терең деңгейде оқытылады.
Яғни, дінтанушылар – дінге ғылым тұрғысынан қараса, имамдар таза діни тұрғыдан білім алып шығады.
– Өте әдемі, ұғынықты етіп түсіндіріп бердіңіз. Рахмет! Енді теологияның аясы жайлы айтып кетіңізші.
– Теология – әзірше осы екеуінің арасында жүрген аралас термин. Оның Батыстан келген термин екені рас. О баста ол дінді іштей оқып түсінуді, оны дінтанушы ретінде емес, дінді тұтынушы ретінде оқып, түсіну деген бағытта қалыптасқан болатын. Бірақ, қазір бұл ұғым, түсінік біршама кеңейді, енді «ислам теологтары» деп те айтылатын болды. Теология деген термин бұрын христиан теологтарына ғана қатысты айтылатын.
Жалпы, қазір көптеген ұғым-түсініктер өздерінің о бастағы мәнін өзгертіп жатыр. Мысалы, 2011 жылға дейін «миссионер» деген сөзді біз тек христиан дінін таратушылар деп түсінетін едік. Бірақ, дін туралы жаңа заң жобасы талқыланған кезде елімізге сырттан келіп ислам дінін уағыздаушылар жөнінде ортақ термин қабылдау қажеттігі туды. Сондықтан «миссионер» ұғымының аясы кеңейтілді, заңда оған түсінік берілді. Енді шетелдерден келген ислам дінін тарату бағытында жұмыс істейтін мамандар, мысалы, сол «Нұр-Мүбәрак» университетінің оқытушылары ислам дінін таратушы миссионер ретінде тіркелетін болды. Дәл сол секілді «теология» терминінің аясы да кеңейіп отыр. Әлемдік кеңістікте ислам теологиясы, христиан теологиясы деп айтылатын болды. Бұл – біздің елдің жеке-дара шығарып отырған жаңалығы емес. Халықаралық қазақ-түрік университетінде «дінтану және теология» кафедрасының қалыптасуы да сондықтан.
– Енді жаңа діни ағымдар мәселесіне тоқтала кетпесек болмас...
– Иә, жаңадан пайда болып жатқан діни қозғалыстар, діни қоғамдар, діни бірлестіктер бар. Олардың барлығы да қазір даму үдерісін бастан кешіп отыр. Осыдан 5-6 ғасыр бұрын немесе соңғы ғасырда пайда болған, ал, өзін бүгін дербес конфессия санайтын діни ағымдар да бар. Олардың бәрінен бірдей «сендер діни конфессия емессіңдер» деп бас тартуға мүмкіндік жоқ. Себебі, дін не деген ұғымға, талапқа сай болуы үшін оның да өзінің белгілі бір өлшемдері болады. Сол өлшемдерге сай келіп жатса, жаратылыс туралы өзінің аяқталған нақты теологиялық ілімі бар болса, Құдай туралы ілімі, тозақ пен жұмақ туралы ілімі және де басқа қалыптасқан түсініктері бар болса, нақты сенетін объектісі мен субъектісі бар болса, ондай бірлестіктерді «діни емес» деп айыптауға, мойындамауға, тіркемеуге біздің ешқандай құқығымыз жоқ. Олар қалыптасу үрдісі үстіндегі дін болуы мүмкін. Мысалы, өткен ғасырда әлемде бір ғана протестанттық бағытта 27 мыңдай діни бірлестік қалыптасқан екен. Олардың бәрінің өзінің ұстанған жолы, қалыптасқан бағыты бар. Оларды «мынау діни» немесе «мынау діни емес» деп ажырата алмаймыз. Ондай жерге Шәкәрім Құдайбердіұлының «шын дін мен шатақ дін» анықтамасы дәлірек келетін сияқты.
– Жұрттың ойында «дінтанушылар қасиетті кітаптарды – Інжіл, Библия, Таурат, Құранды өте жақсы біледі, білмесе олар бірінен бірінің айырмашылығы неде екенін қайдан біледі?» деген түсінік қалыптасқан. Штампқа айналып кеткен осы көзқарас шындыққа қаншалықты сәйкес келеді?
– Жалпы, кез келген дінтану кафедрасында қасиетті мәтіндердің дәйектемесі (интерпретация) деген пән жүреді. Демек, олар жаңағы төрт кітапты дәйектеп оқиды. Мүмкін, олардың бәрінің мәтінін тауыса оқып-білуге үлгермей жататын да жағдай болатын шығар. Олар ондай кезде Қазақстан үшін маңызды, ірі болып табылатын діни конфессиялардың қасиетті, аты аталған төрт кітапты өзара салыстыра отырып та, дербес түрінде де оқиды. Демек, дінтанушылар тек ғылыми тұрғыдан ғана оқиды, ал, шын діннің өзінен ешнәрсе білмейді деген ұғым қалыптаспау керек. Әрине, олар діннің ішкі мәтіндерін де оқиды. Бірақ, оқығанда өзара қандай ұқсастықтар бар, қандай сабақтастықтар бар, Құдай туралы түсініктерінде, болмыс туралы түсініктерінде қандай ерекшеліктер бар, қай дін өзін қалай түсіндіреді, қай діннің даму тарихында қандай ерекшелік пен өзгешелік бар, қай дін қалай қалыптасты, қысқасы, осының бәрі оқытылады. Тәурат жөнінде бөлек, Библия жөнінде бөлек, Інжіл жөнінде бөлек, Құран жөнінде бөлек курстар бар. Демек, дінтанушылар осылардың бәрінен хабардар. Әрине, дінтанушылар исламтанушылар деңгейінде хадиснаманы меңгермеуі мүмкін, төрт мазхабты түгел жілік-жілік етіп шаға алмауы мүмкін, бірақ, мазхабтар тарихы мен діндердің шығу тарихын олар да оқиды.
– Демек, дінтанушылардың білім деңгейі исламтанушылардың білім деңгейінен бір де кем емес деп айтуға әбден болады ғой...
– Әлбетте! Тіпті, дінтанушылардың білім деңгейін анағұрлым кең деуге болады. Олар мәселеге зайырлылық, құндылық тұрғыдан көбірек қарайды. Сосын бұл кафедралардың көпшілігінде «Дін мен дәстүр сабақтастығы» деген пән оқытылады. Мысалы, биыл дінтану кафедрасы болғанына қарамастан, Еуразия Ұлттық университетінде «Орта Азиядағы Әбу-Ханифа мазхабының ілімі мен практикасы» деген пән қалыптасты. Мен өзім сонда дәріс беріп жатырмын. «Далалық зерттеу» деген тамаша пән бар. Далалық зерттеу кезінде қазіргі дінтанушы өңірлерге барғанда қалай жұмыс істейді, нені зерттейді, діни ахуалдың жай-күйі қандай жағдайда екенін қандай діни өлшемдерге сүйеніп анықтайды, зерттеу жұмыстары не нәрсеге негізделеді, міне, осы тәрізді сұрақтарға жауап береді. Сол себепті дінтанушылардың көкжиегі кеңірек болуы заңды.
Одан бөлек жоғарыда 176 элективті пән бар екенін, оның қайсысын таңдайды, ол дінтанушы адамның өз еркінде екенін айтып өттік. Болашақта біз бұл 176 пәнді сәл де болса азайтпақпыз. Өзекті-өзекті дегендерін ғана қалдырмақшымыз. Мамандар жетіспей жатқан кезеңде осынша мол дүниені қамтуға мүмкіндік беру де қажет болды. Бүгін өз мамандарымыз жеткілікті мөлшерде болғандықтан өзіміздің қажеттілігімізге орай экстремизм мен терроризм туралы, дін мен дәстүр туралы, т.б. түрлі пәндерді қосып отырмыз. Болашақта бұл көкжиек одан да кеңейе түседі. Ғылыми негізділігі одан да арта түседі.
Сындарлы кезеңде тұрмыз
– Бізге бала күнімізде әкелеріміз «Құдай – бір, пайғамбар – хақ, құран – шын!» деп үйретті. Өткенде түркітанушы Қаржаубай Сартқожаұлы ағамыз «Күлтегін жазуындағы» «Тәңір тектес» деген бірінші сөз «Тәңірге ұқсас» дегенді білдірмейді, керісінше, Тәңір жалғыз, ол бар болса да жоқ нәрседей біздің көзімізге көрінбейді» дегенді білдіреді деп сұхбат берді. Менің сұрайын дегенім, осы Тәңір діні ғылыми тұрғыдан қаншалықты зерттелген? Ол жөнінде дінтанушыларға не оқытылады?
– Қазақтың өзінің дәстүрлі діни сенім-нанымы жайлы «Қазақ даласындағы діндердің даму тарихы» деген арнайы курс оқытылады. Біздің елімізде де өз кезінде діндердің қақтығысуы, шарпысуы болды, ол дінтанушыларға, исламтанушыларға жақсы таныс жайт. Оңтүстік өңірлерде тәңіршілдікпен қатар сонау зороастризмнен бастап несториандық христиан діні де орын алды. Зороастризмге сенушілердің «мықтың үйі» деп аталған ғибадатханаларының орны оңтүстіктегі кей жерлерде әлі күнге дейін сақталған дейді. Рас, мен оларды өз көзіммен көрген жоқпын. Араб жазбаларына қарасақ, олар біздің далаға келген кезде осы өлкедегі халықты «мох кәпірлер» мен «тарса кәпірлер» деп екі топқа бөліп қарастырғанын көреміз. «Мох кәпірлер» деп Заратуштраның жолымен жүрушілерді, отқа табынушыларды айтса, «тарса кәпірлер» деп алғашқы христиан-несториандарды атапты.
– Тәңір дініндегілер туралы ештеңе жазбап па?
– Әрине, олар қазақ даласының ішіне қарай тереңдеп енген жоқ. Тереңдеп енген болса міндетті түрде тәңіршілдер туралы да жазған болар еді. Оңтүстік өлкемізден жоғары қарай арабтар шапқыншылық жасаған жоқ. Ары қарай исламдандыру келіссөздер арқылы, бітімгершілік жолымен жүзеге асып жатты. Араб қолбасшысы Ысқақ әт-Түрки мен түркі басшысы Баба Құмардың арасындағы келісім туралы дерек – соның бір айғағы. Дін тарату жолындағы соғыстардың Орта Азия жерінде көптеп жүргізілгенін отандық тарихпен қатар араб-парсы тарихи деректері де жоққа шығармайды. Мауараннахрда дін жорықтарын жүргізген араб қолбасшысы Қутайба ибн Муслимнің мазары қазіргі Өзбекстан жерінде сақталған.
Яғни, қазақ даласында көптеген діннің ізі қалды. Тіпті, көршілердің ықпалымен бір кездері будда дінін қабылдаған дұрыс па деген де ой болған секілді. Будда іліміне көңілі құлаған кей қағандар осы дінге тән ғибадатханалар салдырып, дін таратпаққа әрекет етеді. Осы тұста Түркі қағанатының ұлы қағаны Күлтегін мен кеңесшісі Тоныкөктің арасында «будда дінін қабылдау керек пе, жоқ па?» деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіп, буддалық ұстанымдар сарапқа салынады. Сонда будда дінінің негізгі он қағидатының бірі «Тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деген ұстаным екенін естіген Білге қаған: «Біз желдің өтінде, күннің бетінде, жаудың шетінде жатқан елміз. Ертең ел шетіне жау келсе, қасқая қарсы тұрып ел қорғамай, «тірі жан иесінің тіршілігін сақтаңдар» деп бас бұғып отыра алмаймыз. Бұл дін біздің жауынгерлік рухымызға сай келмейді» деп будда дінін қабылдаудан бас тартады. Қысқасы, қазақтың сайын даласын тұтастай алсақ, оның басым бөлігінің халқы тәңір дінінде болған. Оны ешбір тарихшы жоққа шығара алмайды. Басты дін – тәңірлік сенім болды.
Ал, тәңір дініне келсек, ғылымда оған деген көзқарас екі түрлі.
– Міне, міне, осы жағын ашыңқырап айтыңызшы.
– Бірінші көзқарастағылар «тәңіршілдік – дін емес, сенімдер жиынтығы ғана, себебі, дін болу үшін оның қасиетті кітабы болуы тиіс, ал, тәңір дінінде ол жоқ» деп айтады.
Екінші топтағылар «дінді жалпы екі негізгі түрге бөлу керек, біріншісі – иллаһи, яғни, Құдайдан келген, қасиетті кітабы бар, шариғаты бар құдайлық діндер. Екіншісі – этикалық діндер. Олардың кітабы, шариғаты кезінде болған, бірақ, жоғалып кеткен болуы мүмкін. Тіпті, қасиетті кітабы мүлде болмаған күнде де белгілі бір сенімдер жүйесін қалыптастырып үлгерген, өзінің нақты рухани құндылықтары бар діндер» дейді. Олар тәңіршілдікті осы этикалық діндер қатарына жатқызады. Махмұт Қашқаридың «Түрік тілінің сөздігіне» қарасақ, тәңір сөзінің баламасы көп қолданылғанын көреміз. Бұрынғы тәңір діні туралы бірқатар түсініктер беріледі. Құдайға құлшылық ету болғаны байқалады. Рас, онда Құдайға құлшылық етудің нақты түрлері суреттелмейді, бірақ, құлшылық ету дегенді көне көк түрік терминімен «иничкелену», жіңішкелену деп береді. Құдай алдында құлдық ұру, тәубеге келу, бой ұсыну ретінде көрсетеді. «Пайғамбар» сөзін «ялабаш» деп аударады. «Көне түріктерде ялабаштар болған» дейді. Демек, көне түріктерде сол ұғымдар болған ғой. Біздің кейбір мамандар айтып жүргендей, бәлкім, бізге пайғамбарлар келген шығар. Көне деректерде бізді «Озған пайғамбар елі» деп атайды. Мүмкін, сол пайғамбар салған ізбен жүріп, жоғарыда айтылған «тәңірі тек», «бір тәңірдің» жолын ұстап қалған шығармыз. Пайғамбарлар ұмытылып, олардың кітаптары жоғалып кеткен болса да, олардың жолы сақталып қалған болар? Махмұт Қашқаридың кітабынан бізде діни терминдер болғаны анық аңғарылады. Көк түріктердің тілінде Құдай туралы, құлшылық туралы, пайғамбарлар туралы ұғым бар екенін көреміз.
– Яғни, «бізде жүйелі тәңіршілдік дін болған» деген сөз құлаққа кіреді ғой...
– Иә. Бірақ, бізде бұл бағытта зерттеулер жеткіліксіз. Оның басым бөлігі мәдениеттану тұрғысынан жүргізілді. Олай болуы да қалыпты жағдай, өйткені, қолға ұстап, көзбен көретін кітабы болмағаннан кейін зерттеушілер мүмкін болған соқпақтарды ғана салды.
Исламдық сенім мен тәңіршілдік дінінде ұқсас дүниелер, рухани құндылықтар бар. Монотеистік, біртәңірлік қағида, экологиялық этикет бар. Қолға ұстайтын құндылықтар керек қой негізі. Мен ата-бабаларымыз сансыз сағаналарды бекер салмаған ғой деп ойлаймын. Олар кітаптар жоғалады, жойылады, ал, тастан салған дүние тұрады деп есептеген сияқты. Күндердің күнінде салафтар секілді біреулер келіп, «ата-бабаларыңда дін болмаған немесе дұрыс дінді ұстанбағансыңдар, сендерде рухани қайраткерлер болмаған, тарих бізден басталады» деп айтқызбас үшін салған ол сағаналарды. Ал, тәңірлік дінге келгенде ондай ескерткіштер жоқ. Тәңір сөзі, тәңір туралы түсініктер оларда жазулы тұрса да ата-бабаларымыздан тасқа қашалып қалған жазуды діни ескерткіш дей алмаймыз. Махмұт Қашқаридың сөздігі жөнінде де дәл осылай айтуға болады. Кезінде таза қазақы болмыста, қазақы рухта жазылған Құрманғазы Қараманұлының «Тәңірге тағзым!» деген өте әдемі кітабы жарық көрді. Сондай-ақ, тәңірге табынушылар тарапынан мынадай да тенденция байқалады. «Тәңір діні – ақиқи дін, түбінде соған көшуіміз керек» дейді олар. Перзенттік парыз, перзенттік сүйіспеншілік тұрғысынан мұндай талпынысты тек құптауға болады. Біздің тәңіршілдік бесігінен шыққанымыз рас, бірақ, ислам дінімен салыстырғанда ол балаң сипаттағы дін. Өсіп, ержетіп кеткен адам баласының қайтадан барып бесікке жатамын дегені сияқты болып қалады. Егер адам исламды түптеп таныса, ондағы бір қарағанда қатаң, қатал көрінетін тыйымдарының астарында қандай терең құндылықтар мен ой, философия, адам болмысын сезіне отырып жасалған құндылықтар бар екенін білсе, ол адам ешқашан «қайтадан бесігімізге барып жатайық» деп айтпаған болар еді. Бұл белгілі бір дәрежеде анадай керемет құндылықтарды танып болмаған, кәсіби, рухани дайындығы төмен адамдардың көзқарасы деп ойлаймын өз басым. Сондықтан, тәңіршілдікті іздеу – мәдениеттанушылық тұрғыда қалып қойып отыр. Дегенмен, сол ізденістерді өз басым өте жоғары бағалаймын. Ол өз миссиясын орындады деп те айта аламын. Зира Наурызбаеваның марқұм жолдасы Таласбек Әсемқұловтың жасаған «Өтукен.кз» сайтында құнды дүниелер әлі де көп. Олар сананы бір шайқап алу үшін де керек болды ғой деп ойлаймын. Ол дүниеге қандай сүйіспеншілік көзбен қарасақ та, біз ол кезеңнен өтіп кеттік. Тәңіршілдікті дін ретінде емес, сенім ретінде зерттеу керек сияқты.
Біз әдетте жаңа нәрсеге көбірек ойыса береміз. Қазір экстремизм мен терроризм сәнді тақырыпқа айналды. Матуриди ақидасы мен Әбу Ханифа мазхабынан басқа тақырып жоқ сияқты. ХХ ғасырдағы қазақ ойшылдарының, Алаш қайраткерлерінің мұрасын діни мәселе төңірегінде қарастырыңыздаршы десек те, оған көптеген исламтанушы мамандарымыздың шамасы жетпей жатыр. Сәдуақас Ғылманидың діни педагогикалық мұрасының өзі жеке зерттеуді талап ететін дүние. Оған да тісіміз батпай жатыр.
Дегенмен, тарих үшін 26 жыл қас-қағым ғана сәт. Бұл тақырыптардың бәрінің өз уақыты келеді деп ойлаймын. Өткен ғасырдың басында өзге елдердің жүздеген жылдарда өткен жолын біз 20 жыл ішінде өтсек, дәл қазір де сондай сындарлы кезеңде тұрмыз. Ендігі кезекте зерттеулеріміз саннан сапаға қарай ойысады деп ойлаймын. Сол зерттеулердің ең бастысы – тәңірлік сенім. Оны ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеп, жинақтап, талас-тартыс тумайтындай нақты бағасын беріп, дәйектеп қою керек. Тірілту мақсатында емес.
Көз алдымызда жоғалып бара жатқан буын...
– Тыйымдар деп қалдыңыз. Батыстың өзінде тыйым салынған көп діни ағымға, исламдық болсын, христиандық болсын, бізде тыйым салынбаған деген пікір көп айтылады...
– Мұндай жерде мен салафтар секілді «дәлеліңіз қайсы?» деймін. Себебі, бұл – жалған сөз. Жалғыз ғана айтуға тұрарлық нәрсе – жақында ғана Ресейде «Йегова куәгерлерінің» қызметіне тыйым салынды деген сөз. Басқа ешқандай дәлелі жоқ. Оның өзін де діни көзқарастары теріс деп емес, белгілі бір мүшелерінің қылмыстық істерге барғаны үшін, мемлекеттік қызметтерге кіріп алып, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтірер әрекеттерге барғаны үшін. Ал, бізде ондай әрекеттер тіркелмеген. Рас, кейде сол «Йегова куәгелерінің» заңсыз әдебиет таратқаны, қан құюдан бас тартқан жағдайлары кездеседі. Ондай кезде жеке тұлғаларға заң тарапынан тиісті шаралар қолданылып жатыр. Ал, діни ағым ретінде тыйым салуға болатын негіз айқындалған жоқ.
– Уахабистер мен салафилер тарапынан төнер қауіп бар ма? Бар болса қандай? Біреулер айтады, олардың бетін уәжбен қайтардық дейді. Қазіргі ахуалымыз жайлы не айтар едіңіз?
– Салафилік бағыттағы 340-тан аса әдеби кітапқа сот шешімімен тыйым салынды. Бірақ, әдебиетке тыйым салынды екен деп діни ағымға тиым салуға мүмкіндік жоқ. Салафилік қозғалыс бүгінгі таңда бірлестік емес, заңды тұлғаға да жатпайды. Осы себепті тағы тыйым сала алмайсыз. Басты мәселе осында болып тұр. Рас, біз «Талибан», «Өзбекстанның ислам қозғалысы» тәрізді Қазақстанға жетпегенмен, өзге өңірлерде өріс жайған экстремистік ұйымдарға халықаралық дәрежеде танылған заңнамалық негіздерге сүйеніп тыйым салып отырдық.
Салафилердің ішіндегі ең қауіпті тармағы – намаз оқымаған адамдарды, тіпті, ата-анасы болса да, шариғат заңдарымен басқарылмайтын мемлекетті кәпірлер деп санайтын, ондай мемлекеттен көшіп кету керек, хижра жасау керек деп санайтын, біздегі мемлекеттік билікке қарама-қарсы көзқарастағы «тәкпіршілер» ғой. Олардың «Әт-такфиру-әл-хижра» ұйымына біздің еліміздің аумағында сот шешімімен тыйым салынған. Елімізде экстремистік нақты іс-әрекеттері ұсталмаған, ондай айып тағуға негіз бермеген, бірақ, ұлтымыздың рухани құндылықтарына, руханиятына, дін мен дәстүр сабақтастығына, салт-дәстүріне залал келтіре бастаған салафизмнің басқа да бөліктері бар. «Матқалилер», «сурилер», т.б. Мысалы, кеңірек таралған «матқалилердің» өзі «біз мемлекет заңдарына қарсы шықпаймыз, оларды құрмет тұтамыз, мойындаймыз» дей тұра мектеп оқушыларының киім формасын қабылдамайды. Бірақ, «кінәсіздік презумпциясы» деген ұғым бар. Ісі заңның белгілі бір баптарына қарама-қайшы келіп жатпағандарды бір ғана діни сенімі үшін соттаудың қисыны келмейді. Ал, талақ ету мәселесінде шектен шығып кеткен, адамдардың құқығын таптаған, заңсыз миссионерлік қызметпен айналысқандардың міндетті түрде жазасын тартып жатқан мысалдары бар.
Идеологиялық күресті мемлекет назарға алып отыр. 6 миллионнан астам адамға қауіптің алдын алу мақсатында «шынайы дін дегеніміз не?», «салафиттік көзқарастан қоғамға келіп кетер қауіптер қандай?», «салафизмді ұстанушыларды қалай анықтауға болады?», «жамағат құру ерекшеліктері», «белсенді сөздер қоры қандай?» және т.б. көптеген тақырыптар бойынша ақпараттық түсінік берілді.
Екінші бағыт – арнайы кәсіби қарсылық. Бұл жерде ең алдымен имамдардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге, оларды ақпараттық топтарға тартуға, діни тұрғыдан ханафи мазхабына, матуриди ақидасына салафизмнің ұстанымдары сәйкес келмейтінін көпшілікке айтып, түсіндіре отырып шынайы түсінік беруге көңіл бөлінеді.
Үшінші бағыт – дерадикалдандыру, яғни, діни ағымдарға кіріп кеткендерді райынан қайтару. Бір ғана Ақтөбе облысында Бас прокуратураның бастауымен, Дін істері министрлігінің қостауымен былтыр 800-ден астам ер-азаматпен, 342 әйел адаммен жекелеген түрде жұмыс жүргізілді. Рас, оларды бір-екі сұхбатпен кері қайтара қою оңай емес. Олардың іштерінде де, әсіресе, құқығы тапталған, талақ мәселесінен зәразап болған, сол ағымдағы азаматтармен тұрмыс құрып, аяғында асыраушысыз қалып қойған әйелдердің бұл ағымнан кері қайтуға бейімдері аз емес. Олардың 16,5 пайызы «ерлеріміз райынан қайтса біз де қайтар едік» десе, 59 пайызы «ақиқи бағытта жүрміз» дейді. Бұлар – көз алдымызда жоғалып бара жатқан буын. Демек, біздің алдымызда өте үлкен, кешенді мәселелер тұр. Оның сыртында геосаясат, сыртқы күштер, көлемді қаржы, тек осы сұрақпен айналысатын адами ресурстар тұр...
Он екі ғасыр бойы Дін министрлігінсіз-ақ, Діни басқармасыз-ақ «Құдай – бір, Пайғамбар – хақ!» деген шынайы жолдан адаспай келген қазақ бүгін айдың-күннің аманында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін жағдайға ұшырап жатса, ол ең алдымен біздің өзіміздің санамыздағы ақаудан. Өз рухани құндылықтарымызды өз көкейімізге қондыра алмағанымыздың, ұрпағымызды дұрыс тәрбиелей алмағанымыздың, сыншыл сана қалыптастыра алмағанымыздың салдары. Әр заманның өз зауалы болады. Бір уақытқа қуғын-сүргін, бір уақытқа ашаршылық, бір уақытқа соғыс тура келсе, бүгінгі заманға дін мен дін еместің арасын ажыратып ала алмау деген зауал туып тұр. Бұл жерде мемлекет пен қоғам бірігуі, тізе қосуы қажет-ақ. Ол үшін бәріміз ең алдымен өз еліміздегі дін қызметкерлері мен ресми діни білім беретін орындарға жүгінсек, білімді, бәтуаны солардан алсақ. Және де ұлттық құндылықтарымызды еске түсірсек, дәстүрлі дініміз болғаннан кейін өзгеше ағымдарға сыни көзбен қарап, «мұның артында не сыр бар?» деп үңілсек. Бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлсек. Оларды бағуын бағып жатырмыз, қағуын – қақпаймыз. Баланың болашағын мектепке қана артып қоя салмасақ. «Мемлекет қайда қарап отыр?» демесек. Құқығымызды жақсы білеміз, міндетімізді де сондай жақсы меңгерсек. Бала өзінікі болған соң, біз де оларға «сіз қайда қарап отырсыз?» деп қарсы сұрақ қоя аламыз. Ал, оған көп ата-ана жауап бере алмайды... Көпшілік болып қолға алсақ қана талайымызға тап келген бұл зауалды жеңе аламыз. Мемлекеттің 34 млн. қолы болмағанмен, 34 млн. көзі бар. Сол жанарлар қырағы болмаса, бұл күнімізге де зар болып қалуымыз мүмкін...
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңіз үшін көп-көп рахмет!
Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».