ОРТАЛЫҚҚА ТҮСКЕН АРЫЗ-ШАҒЫМ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Биыл елiмiздiң прокуратура саласы үшiн жаңалыққа толы жыл. Соның ең маңыздысы Ата Заңымызда прокуратураның жоғары заңдылықты мемлекет атынан қадағалай алатын құзырлы орган екендiгi нақтыланды. Есесiне, иығына орасан жүк артылып, заңды бұра тартатындармен ымырасыз күрес жүргiзуге мiндеттелдi. Осының нәтижесiнде әдiлдiк таппай, әр есiктi тоздырумен жүретiн азаматтар үшiн жер-жерлерде арнайы орталықтар ашылып, оларға құқықтық тұрғыдан көмек беру iсi жандана бастады. Тамыз айында осындай орталықтың облыстық прокуратура жанынан ашылғанын оқырмандарымызға сүйiншiлеп жеткiзгенбiз. Содан бергi нәтиже қандай? Азаматтарды қабылдау орталығының осы орайдағы жұмысын бiлмек ниетпен облыс прокурорының шағымдарды қарау жөнiндегi аға көмекшiсi, әдiлет кеңесшiсi Гүлдария ТЕМIРБАЕВАНЫ әңгiмеге тартқан едiк.
– Гүлдария Құрышбекқызы, мұндай орталықтар ашу қандай қажеттiлiктен туындады? Прокуратура онсыз да заңдылықты қадағалайтын орган емес пе?
– Бұл Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындаған тапсырма. Жасыратыны жоқ, бiздегi жергiлiктi органдар мен кейбiр құқық қорғау қызметiнде баяғы одақтан мұраға қалған кедергiлер әлi де бар. Одан ең алдымен қарапайым халық зардап шегiп жатады. Облыстық прокуратура жанынан ашылған орталықтың негiзгi мақсаты мүмкiндiгiнше әдiлдiктi қалпына келтiру.
Орталыққа түсетiн арыз-шағымдар арқылы қоғамдағы көңiл-күйдiң нақты ахуалын байқауға болады. Олардың басым көпшiлiгi жылдар бойы шешiмiн таппай, түрлi инстанция арасында жүрген мәселелер. Талдау барысы оған тиiстi мекемелердiң жауапкершiлiктен қашып, бiр-бiрiне ысыра салу сияқты жағдайлардың түрткi болғандығын көрсетiп отыр. Халықтың көпшiлiгi адасып, қайда барарын, кiмге өтiнiш айтарын бiлмей, әуре-сарсаңға түсiп жатады. Әрi қарай әдiлдiк iздеп, Президент әкiмшiлiгiне, Үкiметке, «Нұр Отан» партиясына, прокуратура органдарына шағым жазады. Осы жағдайды ескерген Бас прокуратура «Ашық прокуратура» жобасы аясында азаматтарды қабылдау рәсiмiн жеңiлдететiн орталықтар ашуды ұйғарған. Оның негiзгi мақсаты – азаматтарды әр есiкке телмiртпей, ашық әрi жедел түрде құқықтық көмек көрсету.
– Бүгiнге дейiн орталықта азаматтардың қанша арыз-шағымы қаралып, қанша заңбұзушылықтың дерегi анықталды?
– Әдетте орталыққа бүкiл сатылардан өтiп, шаршаған адамдар келедi. Ашылғалы берi үш айға жуық уақыт iшiнде прокурорларымыз 811 адамды қабылдаса, соның 514-не құқықтық көмек көрсетiлдi. 297 өтiнiш тiркеуге алынып, олар бойынша тиiстi органдарға тапсырма берiлдi. 66 өтiнiштiң иесiне жергiлiктi прокурорларға шағымдану құқығы берiлсе, 41 азамат облыс прокурорының орынбасарына, 15 азамат облыс прокурорының жеке қабылдауына жазылды. Бiз жұмыс барысында арызданушымен ортақ тiл табысып, әрбiр жағдайды мұқият талдауға тырысамыз. Уақытпен санаспай, азаматтардың жеке бастарындағы мәселелердiң оң шешiлуiне көмектесiп жатырмыз.
– Арыз-шағымдардан жиi ұшырасатын негiзгi кемшiлiктер қандай? Мұндай заңбұзушылықта қай органның үлесi басым?
– Орталыққа түскен арыз-шағымдарға барынша талдау жасағанда, жоғарыда айтқан 811 өтiнiштiң 452-сi қылмыстық процестiң сотқа дейiнгi сатысындағы заңсыздықтарға келiспесе, мұнан өзгесi әлеуметтiк-экономикалық саладағы заңбұзушылықтар бойынша жүгiнген. Тағы бiр тарап қылмыстық қудалау органдары мен сот орындаушылардың әрекетiне наразы. Ендi бiр топтың алиментке қолы жетпей жүр. Осыдан-ақ қай саланың ақсап тұрғанын көруге болады. Мiне, осындай мәселелердiң заң аясында оң шешiлуiне қол ұшын созып жатырмыз.
– Айтыңызшы, мұндай арыз-шағымдар қай аудан, қалалардан көп түседi? Заң бұзғандарға қандай жауапкершiлiк қарастырылған?
– Орталыққа қаладағы Әл-Фараби, Еңбекшi, Абай, Қаратау, көршi Сайрам аудандарынан шағым айтып келетiндердiң қарасы көп. Оларға толық зерделеу жұмыстары жүргiзiлiп, қажет болса тиiстi прокурорлық қадағалау актiлерi қабылданады. Түскен шағымдардан лауазымды адамдар тарапынан кеткен заңбұзушылықтар анықталса, онда олардың тәртiптiк мәселесiн шешу туралы ұсыныс беремiз.
– Негiзiнен орталық қандай арыз-шағымдарды қабылдайды? Оның белгiлi бiр тәртiбi бар ма?
– Орталықтың қызметi ашықтық, жариялылық, қолжетiмдiлiк және жедел түрде барынша халыққа қызмет көрсету қағидаттарына негiзделген. Осы жылдың 30 маусымында қабылданған Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңының талаптарына сәйкес өтiнiштердi қараудың жаңа тәртiбi белгiленген. Онда өз мүддесiн дербес қорғай алмайтын мүмкiндiгi шектеулi адамдарға ерекше басымдық берiлген. Сонымен қатар уәкiлеттiң органның шешiмiне келiспеген шағымдар мен мүдделер тартысына қатысты туындаған жағдайларға баса назар аударылады. Осының негiзiнде прокуратура құзыретiне жататын өтiнiштер ғана қабылданады. Ал, басқа сипаттағы өтiнiштер тиiстi мемлекеттiк органдардың қарауына жолданады. Өтiнiштердi қарау тәртiбi заң талаптарына сай жүргiзiледi. Бүгiнге дейiн өтiнiштердi қараусыз қалдыру деректерi орын алмағанын айта кетейiк.
– Орталыққа түскен шағымдарға қанша уақытта жауап берiледi?
– Орталық қызметiнiң ерекшелiгiне сай, келушi азаматтарға барынша жедел түрде құқықтық көмек көрсетiп, жауап беруге тырысамыз. Ал, заңды жазбаша түрде түсiндiру жұмыстарына заңда белгiленген 15 күн iшiнде, қосымша тексерiс жүргiзiлетiн болса, 1 ай көлемiнде жауап берiледi. Келешекте электрондық қылмыстық iстерге көшкенде азаматтарға жедел түрде көмек көрсету мерзiмi бұдан да қысқарып, жеңiлдейтiн болады.
– Азаматтарды қабылдау кезiнде қандай қиындықтар туындайды. Оларды қалай шешiп жатырсыздар?
– Әрине, негiзсiз жазылған шағымдардағы мәселенi шешiп бере алмаймыз. Десе де шағымданушылар арасында өзiнiң заңға қайшы әрекетiн дұрыс деп заңға да, сөзге де тоқтамайтындар көп. Орталық қызметкерлерiнiң басты мiндетi халқымыздың «Ұлық болсаң, кiшiк бол» деген ұстанымын ұстап, әрбiр шағымданушының басындағы жағдайға түсiнiстiкпен қарау. Мүмкiндiгiнше орталыққа үмiтпен келген адам үлкен сенiммен кетсе деп ойлаймыз. Сол арқылы азаматтардың құқықтық санасын оятып, халықтың сенiмiн ақтасақ деймiз.
– Әңгiмеңiзге рахмет.
Әңгiмелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстiк Қазақстан».