ОРДАБАСЫ – ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ РУХАНИ ОРДАСЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысында Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 бағытын жүзеге асыру аясында 100-ге жуық жоба қолға алынған. Облыс әкiмi Жансейiт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, аталған жобалардың аясында Ордабасы тауында да ескерткiш орнатып, туристер келiп тамашалайтындай абаттандыру жұмыстары жүргiзiлуi керек. Осыған байланысты өңiр басшысы Ордабасыға арнайы барып, тиiстi сала жетекшiлерiмен жаңа жобаның нобайын талқылады. Облыс әкiмi ұсыныстарды тыңдап, өз ойын ортаға салды.
«Ордабасы тауы – халық келiп рухани тынығатын, рух жинайтын, ойын тазартатын орынға айналуы тиiс. Салуға тиiстi ескерткiштiң де еңселi болуы қажет. Сонымен қатар, ашық аспан астындағы амфитеатр болуы керек. Келушi туристерге де жағдай жасап, арнайы естелiк сыйлықтар сататын дүкендер ашқан дұрыс. Болашақта халықтың мұнда кең даланы тамашалап, таза ауамен тыныстап, демалып қайтқаны дұрыс болар едi. Халқымыздың жаратылысында кең дала ерекше маңызға ие екендiгiн бiлесiздер. Сондықтан да осындай далаға және биiктiкке шыққанда жанымыз айрықша жiгерленiп, руxтанып кетедi. Бұл ұлтымыздың ерекшелеу болмысын қайта түлету үшiн қасиеттi Ордабасы тауын осындай руx алатын орынға айналдырғанымыз абзал болар едi» дедi Жансейiт Қансейiтұлы.
Көпке мәлiм Ордабасы – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейiн қазақ халқы қайта еңсесiн тiктеп, жауға қарсы аттанған жерi. Ордабасыдағы Бiрлiктөбе – 18-ғасырда үш бидiң бастамасымен үш жүздiң басы қосылып, жоңғар шапқыншыларына қарсы күш бiрiктiруге үндеген жер.
Сондай-ақ, облыс әкiмi 1993 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ордабасыда түркiтiлдес үш елдiң басшыларының басын қосқанын айтты. Айта кетерлiгi, алдағы жылы бұл датаға 25 жыл толады. Бұдан бөлек, өңiр басшысы 1 мың гектар аумақты алып жатқан қастерлi жердiң кiреберiсiне жол мен демалыс орындары, дәмханалар салынатынын атап өттi. Сонымен қатар, тиiстi басқарма басшыларына аталған жобалар 2018 жылы толық аяқталуы қажеттiгiн тапсырды.