ОЛ ҚАҚҚАН ШЕГЕ ДЕ МАЙЫСПАЙТЫН

Бағдагүл Қойбағарова – дәрiгер-психотерапевт, жазушы, Ерсiн Қойбағарұлының жары. Марқұм Ерсiн ағамыздың артында қалған ұл-қызға бас-көз болып отырған аяулы ана. Отыз жыл өмiрiн ұрпақ тәрбиесiне арнаған ұлағатты ұстаз. Тiрiсiнде екi саланы меңгерген бiлiктi дәрiгер, қиялы ұшқыр жазушы Ерсiн аға жайлы жарының айтары аз емес. – Ерсiн сабырлы, байсалды едi. Алайда, балаларына келгенде өте қатал болды. «Әкелерiң келе жатыр» дегеннен тып-тыныш отыра қалатын. Мен есеп-қисапқа жоқ едiм. «Математика пәнiнен үйге берiлген тапсырмаларды әкелерiңе көрсетiңдер» дейтiнмiн. Сонда олар Ерсiннен көмек сұрауға қорқатын. Балаларымыз өздерi таңдаған салада жемiстi еңбек етiп жүр. Ерсiннiң бiр ерекшелiгi қай салада да үздiк болуға тырысатын. Әрбiр iсiн ерекше ыждағатпен орындайтын. Жазушылығынан да, дәрiгерлiк iсiнен де мiн табу қиын. Балаларының да бойынан осындай қасиеттi көргiсi келетiндiктен де болар, өте талапшыл болды. – Ал, немерелерiне қандай ата болды? – Бiр қызығы, немерелерiне қатал болған жоқ. Оларды алақанына салып, аялады. Ерсiн зейнеткерлiкке шыққаннан кейiн Шымкентте өзiнiң жеке клиникасын ашты. Немерелерi сабақтан соң сонда жиналатын. Ерсiн оларды жақын маңдағы кафелердiң бiрiне апарып, тамақтандыратын. Одан шығып ойыншықтар сататын дүкенге баратын. Балаларға бағасына қарамай, қалаған ойыншықтарын алып беретiн. Сонда мен «Бұлар 5 мың теңгенiң затын алады да, ертең-ақ бұзып тастайды. Маңдай термен тапқаныңды далаға шашқандай боласың» дейтiнмiн. Ол болса баяғыша байыпты кейiпте «Бүгiн бар, ертең жоқ адаммын. Ал, менiң осы әрекетiм олардың есiнде мәңгi сақталады» дейтiн. Шынында да солай болды. Аталары жайлы айта қалсақ, балалар «Атам маған мынадай ойыншық сатып әперген едi» деп жан-жақтан жамырай бастайды. Сол кезде Ерсiн балаларды ойыншықтар сататын дүкенге кiргiзiп жiберетiн де, өзi сонадайдан бақылап тұратын. Қазiр ойласам, ол немерелерiнiң неге бейiм, қандай затқа қызығатынын сырттай бақылайды екен ғой. – Балаларыңыз сырқаттанып қалса, өзi емдеген шығар... – Кейде дәрiгер де емдеп жаза алмайтын аурулар болады екен. Бiздiң екi ұл, екi қызымыз бар. Ұлдарымыздың бiрi кiшкентай кезiнде қатты сырқаттанды. Не iстесек те, дене қызуы басылмады. Бiрнеше күн нәр татпай, бойын әлсiздiк биледi. Сонда мен Ерсiннiң шарасыз күйде қалғанын алғаш рет көрдiм. Қолынан ешнәрсе келмесiне көзi жеттi ме, баласының жанына отырды да Жаратқаннан алақан жайып «осы бүлдiршiннiң дертiне дауа бере гөр» деп тiлеп, дұға оқыды. Құдайдың құдiретi, содан кейiн ұлымыздың дене қызуы түсiп, жүгiрiп ойнап кеттi. Мен балаларды ауруханаға апарған адам емеспiн. Сырқаттанып қалса, Ерсiн жұмысынан сұранып келiп, өзi қарайтын. Жолдасымның анасы 12 құрсақ көтерген. Ол уақыттарда елдi қызылша iндетi жаулап, соның салдарынан бiрiнен соң бiрi көз жұмыпты. Ерсiннiң есiмiн «ағасының артынан ерiп жүрсiн» деп ырымдап қойған екен. Одан кейiн Қасымбек деген iнiсi дүниеге келедi. Бұл ауру ағалы-iнiлi бауырларды да айналып өтпейдi. Өте жұқпалы болғандықтан, оларды арнайы бiр бөлмеде ұстап, емдейдi. Қасымбек те солай шетiнеп кетiптi. Бұл оқиғаның бәрi көз алдында өткен соң ба, Ерсiн iнiсiн есiне жиi алып отыратын. «Қасымбек өте ширақ қимылдайтын. Егер де сол кезде мен өлiп, ол тiрi қалғанда, көп iс тындырар едi» дейтiн. Ерсiннiң жеңгесiнiң (ағасының әйелi) жүрегi ауыратын болған екен. «Ол кезде бiз бала едiк. Жеңгемнiң жаны қиналғанда өзiмдi қоярға жер таба алмайтынмын. Оны бәрiмiз жақсы көрдiк. Сонда «Жеңге, мен сiздi емдеп жазатын дәрiгер боламын» деп айтушы едiм. Мектептi бiтiрiп, осы уәдемдi орындауға арман қала Алматыға кеткенiмде, көп ұзамай «ол қайтыс болды» деген суық хабар жеттi» деп айтып бергенi бар. Артынша ағасы да бұл өмiрден озыпты. Мен Сайрам ауданы, Құрлық ауылына келiн болып түстiм. Шаңырақ көтерген күннен бастап Ерсiн екеумiз ағасының артында қалған үш перзентiн қанатымыздың астына алдық. Жоғары оқу орындарында оқытып, үйлi-жайлы еттiк. – Ерсiн аға балалар дәрiгерi ғана емес, психотерапевт те едi. Екiншi мамандықты меңгеруiне не түрткi болды деп ойлайсыз? – Тәуелсiздiк алған жылдары елдiң әл-ауқатының төмен болғаны бәрiне аян ғой. Көп адамдар күйзелiсте жүрдi. Тығырыққа тiрелген жандарға психологиялық көмек көрсету үшiн Ерсiн психотерапия мамандығын меңгердi. Мұнысы жазушылығына да септiгiн тигiздi. Емделушiлердiң тағдырын шығармаларына арқау еттi. Ерсiн жазушылықты жанындай сүйдi. Оның бойында бұл қабiлет бала кезiнен дарыған деп ойлаймын. Ол ертегi құрастыруға шебер едi. Кiшкентайында ауыл балаларының барлығын жанына жинап алып, таң атқанша ертегi айтып бередi екен. «Бүгiн айтқан ертегiмдi ертең ұмытып қалатынмын. Сонда келген жерiмдi сұрап алып, ары қарай жалғастырып кете беретiнмiн» дейтiн. Ерсiн әңгiменi де тамылжыта айтатын. Ол менi осы қасиетiмен баурап алды. Өзiм Алматының қызымын. Ата-анамның шымкенттiк жiгiтке тұрмысқа шығуыма қарсылық бiлдiргенiне қарамастан, Ерсiннiң етегiнен ұстап кете бардым. Бiз үйленгеннен кейiн жолдасым әскер қатарына шақырылды. Ол Отан алдындағы борышын өтеп қана қойған жоқ, жаралы, науқас сарбаздарға дәрiгерлiк көмек көрсеттi. Сол үшiн оған жеке бiр бөлме берiптi. «Кешкiсiн жаттығудан келгеннен кейiн шығарма жазумен айналысатын едiм» деп айтатын. «Ешкiнiң сирағы», «Қарашаш» атты повеcтерiн әскерде жүрiп жазған екен. – Ерсiн ағаның шығармаларына арқау болған кейiпкерлер кiмдер болды екен? – «Қарашаш» повесiнiң прототипi өзiнiң туған әпкесi. Өте дарынды қыз болған. Ерсiнге бес жасында оқуды да, жазуды да, сурет салуды да үйреткен сол. Мектептi бiтiргеннен кейiн Мәскеуге оқуға кетедi. Ол бала күннен бiрге өскен Қосжан есiмдi жiгiтке ғашық болады. Қосжан да оны құлай сүйедi. Алайда, олар өздерiнiң iшкi сезiмдерi жайлы ешкiмге тiс жармайды. Қосжан төрт бiрдей бүлдiршiндi өрттен аман алып қаламын деп көз жұмады. Оның бөлмесiнен ерекше бiр қорап табылады. Ол бұл қораптың iшiне сүйген адамының саз балшықтан жасалған мүсiнi мен оған арналған хатты жасырып қойған екен. Iштегi ыстық сезiм ақтарылған ақ парақ Қарашаштың қолына тигеннен кейiн ол да қатты науқастанып, көп ұзамай өмiрмен қоштасады. Жазда 30 күн еңбек демалысына шыққанда тек шығармашылықпен айналысатын. «Менi сұрап келгендерге «Үйде жоқ» деп айтыңдар» дейтiн. Өзiнiң жеке жұмыс бөлмесiнде таңды-таңға ұрып жазу жазатын. Түскi, кешкi тамағын алдына апарып беретiнбiз. Шығармасын түннiң бiр жарымында бiтiрiп, менi ұйқымнан оятып алып оқып беретiн. Күндi қызу тiршiлiкпен батыратын мен қалғып кететiнтiн. Көзiмнiң жұмылып бара жатқанын байқап қалса «Тыңдап отырсың ба?» дейтiн дауысын қатайтып. Ерсiн «егер жазушылардың шығармасындағы сөздердi бiр-бiрiне жалғайтын болсақ, аспандағы айға жететiндей тiзбек шығады» дейтiн. Ол бұл сөзi арқылы жазушылық өнердiң оңай емес екенiн айтқысы келген болар. Өйткенi, ол бiр шығарманы жазу үшiн қаншама ай, тiптi жыл бойы ой үстiнде жүрiп, оны 4-5 рет қайта жазып шығатын. Ол ешкiмге қиянаты жоқ, табанының астында кетiп бара жатқан құмырсқаны да баспайтын адам едi. Бiздiң үйде айқау-шу, ұрыс-керiс болған емес. Оның ең жаман сөзi «Мұның қалай?» едi. Мен де, балалары да осы бiр сөздi естiмеуге тырыстық. Тiптi, жұмысындағы медбикелерге де көңiлi толмағанда осы сөздi айтатынын кейiн естiдiк қой. Мен тек үй шаруасымен айналысатынмын. Тағам дайындау үшiн қажеттi азық-түлiктiң барлығын Ерсiн базардан әкелiп беретiн. Балалар үйленгеннен кейiн бұл әдетiн қойды. Үйде пеш бұзылса да, электр құралдары жарамсыз болып қалса да өзi жөндейтiн. Ал, содан кейiн жаңасын сатып алайық дей алмай жүретiнбiз... (күлдi) Оның қаққан шегесi де майыспайтын. Ол шегенi жай қаға салмайтын. Дуалды тесiп, оған ағаш салып, шегенi сол ағашқа қағатын. Ол әрбiр iстi ыждағаттылықпен тындырымды iстейтiн. Қазiр балалар бiр шаруаны ойдағыдай орындай қалса «Әкеме тартқанмын ғой» дейдi. Ал, немерелерiм «Атамның баласымын» деп мақтанады. Ерсiннiң осы бiр қасиетi оның кейiнгi ұрпағына мәңгi үлгi-өнеге болып қалғанын осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар. Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстiк Қазақстан».