«Әр іс нәтиже беруі тиіс»

Қазақстан Республикасының ең негізгі саяси және құқықтық құжаты Ата Заң десек, ондағы заң талаптарының орындалуын прокуратура органдары қамтамасыз етеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесін білу үшін біз облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиевпен сұхбаттасқан едік.
– Мұрат Әжінұрұлы, бүгінгі сұхбатымызды Мемлекет басшысының «Заң және тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралардан бастағымыз келіп отыр. Өңірдегі бүгінгі таңдағы қылмыстық ахуал қандай, осы туралы да әңгімелеп берсеңіз.
– «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру – бүгінде прокуратура органдары жұмысының негізгі бағдарына айналды. Біз осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. Мұндағы мақсат – азаматтардың бостандығын қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыс деңгейін төмендету. Құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында бірқатар профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, былтыр прокуратура қызметкерлері білім беру ұйымдарында оқушылармен, олардың ата- аналарымен, сондай-ақ оқытушылармен құқық бұзушылық профилактикасы тақырыбында 3000-нан астам кездесу өткізді. Аталған іс-шара биыл да жалғасады. Сонымен қатар, адам көп шоғырланған жерлерде интернет-алаяқтықтың түрлері және осы қылмыстан сақтану жолдары көрсетілген буклеттер таратылды. Облыс аумағындағы 50-ден аса лэд-экран мен 70 билбордтан интернет-алаяқтық қылмыстарының жаңа түрлері туралы бейнероликтер көрсетіліп келеді. «Бұзушылыққа тоқтам» атты құқық бұзушылықты жылдам анықтауға мүмкіндік беретін телеграм-бот әзірленді. Облыс прокуратурасының бастамасымен өткен жылы өңіріміздің барлық аудандарында отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы «Бақытты шаңырақ – кемел болашақ», есірткімен күреске арналған «Нашақорлыққа жол жоқ! Біз өмірді таңдаймыз!» және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мақсатында «Өткеннен сабақ, болашаққа қадам» тақырыптарында ауқымды форумдар өткізілді. Біз бұл іс-шаралармен тоқтап қалмай, осы жылдың наурыз айында Түркістан қаласында «Сотталғандарды ресоциализациялау: проблемалар, оларды шешу жолдары және қоғамның бейімделу процесіндегі рөлі» тақырыбында пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған форум өткіздік. Сотталғандардың қайта қылмыс жасауына бірден-бір себеп – жұмыссыздық. Форум аясында сотты болған азаматтардан қайта кәсіптік білім алуға және бизнес ашуға байланысты 120 өтініш түсті. Жыл басынан бері отбасылық құндылықтарды сақтау және дәріптеу мақсатында қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызының қатысуымен аудан-қалаларда жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізілді. Сондай-ақ, ақпан айынан бастап интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындарға алаяқтардың ықтимал байланыс нөмірлері жайлы ақпарат тарату мақсатында «Алаяқтан – сақ бол!» телеграм-бот жобасы әзірленді. Телеграм-ботқа облыс аумағында жасалған интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша қолданылған байланыс нөмірлері енгізілген. Кез келген азамат күмәнді нөмірлерді телеграм-ботқа енгізу арқылы өзіне қажетті ақпаратты ала алады. Осы іс-шаралардың, сондай-ақ ел ішінде жүргізілген түсіндірме жұмыстарының нәтижесінде өңірімізде 3 айдың қорытындысы бойынша құқық бұзушылық деңгейі едәуір төмендеді. Аса ауыр қылмыс – 54,3 %-ға, ауыр қылмыс – 8,4 %-ға, орташа қылмыс – 18,8 %-ға және қылмыстық теріс қылықтар 7,5 %-ға азайды. Сонымен қатар, адам өлтіру – 37,5, денсаулыққа ауыр зиян келтіру – 50, тонау – 20, қорқытып алу – 46,2, ұрлық – 42,4, мал ұрлығы – 17,9, бұзақылық – 45,7, есірткі қылмыстары – 22,1 және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 75 пайызға төмендеді. Қылмыс деңгейінің төмендеуі мен тұрғындардың құқықтық мәдениетінің артуы – прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Алдағы уақытта да құқық қорғау органдары халықпен тығыз байланыста жұмыс істей отырып, әділдік пен тәртіпті нығайта түседі деп сенемін.
– Қазір БАҚ беттерінде білім саласындағы жемқорлық пен заңбұзушылықтар жөнінде көптеген ақпараттар жарияланып жатыр. Осы мәселеге қатысты не айтар едіңіз?
– Аймақтағы білім бөлімдерінің (Бәйдібек, Келес, Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Созақ, Сауран, Шардара) лауазымды тұлғалары мен жауапты қызметкерлеріне қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, экономикалық тергеу департаменті және облыс прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы бюджет қаржысын жымқыру фактілері бойынша тергеу жүргізді. Бүгінгі таңда білім саласына қатысты барлық қылмыстық іс сотқа жолданды. Жалпы, білім саласында жұмыс істейтін 150 қызметкер мемлекеттік бюджеттен 12 млрд. теңгеге жуық қаражат жымқырған. Тергеу барысында 1,5 млрд. теңге көлемінде келтірілген залал мемлекетке қайтарылып, қылмыстық жолмен табылған 2,9 млрд. теңгенің мүлігіне тыйым салынды. Созақ, Сауран, Сарыағаш және Келес аудандарының білім бөлімі қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шығып, қалғандарының ісі сотта қаралып жатыр.
– Прокуратура органдарынының заң үстемдігін қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте маңызды рөл атқаратынын білеміз. Сонымен бірге сіздер құқық қорғау жүйесінің барлық қызметін үйлестіруші болып табыласыздар. Облыс прокуроры ретінде өңірдегі қылмыс және заңбұзушылықтармен күрес нәтижелерін қалай бағалайсыз?
– Өңірімізде қылмыстық қудалау және құзырлы органдардың жұмысын үйлестіру нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі біршама төмендеді деуге болады. Былтыр облыс прокуратурасы «Кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған құқық бұзушылақтардың алдын алу» тақырыбында үйлестіру кеңесін өткізіп, нәтижесінде кәмелетке толмағандардың өз-өзіне қол жұмсауы, зорлық-зомбылық және қылмыстың алдын алуға бағытталған «Облыстық психологиялық қолдау орталығы» КММ құрылды. Орталықта және білім беру ұйымдарына антибуллингтік бағдарламаны енгізу жөніндегі жобалық кеңсе жұмысын ұйымдастырудың жол картасы дайындалды. Прокуратура биылғы 3 айда 32 мыңға жуық азаматтың, оның ішінде 2 370 кәмелетке толмаған жасөспірімнің құқықтарын қорғады. Сонымен қатар облыстық прокуратура тарапынан уәкілетті, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру арқылы бірқатар іс-шаралар қолға алынды. Атап айтар болсақ, әйелдер мен балаларға арналған сенім телефондары мен дағдарыс орталықтарының жұмысы жолға қойылды. Былтыр тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 1 800-ден астам өтініш тіркеліп, оның 65%-ы бойынша тиісті шешімдер қабылданды. «Қауіпсіз мектеп» жобасы аясында былтыр облыстағы 700-ден астам мектепке бейнебақылау камералары орнатылды. Түркістан қаласында және аудан, қала орталықтарында «Сергек» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қауіпті аймақтарда жол белгілері орнатылуда. 2023-2024 жылдары құқық бұзушылықты жедел анықтау және ашу мақсатында коғамдық орындарға, көшелер мен үй-жайларға 1 200 бейнекамера орнатылса, биыл олардың саны 2 000-ға жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
– Мемлекет басшысы прокурорларға инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды тапсырғаны белгілі. Осы тапсырма өңірімізде қалай орындалып жатыр?
– Инвесторлық жобаларды сүйемелдеу – Мемлекет басшысының прокуратура органдарына берген тікелей тапсырмасы. Осы тапсырма аясында атқарылған жұмыстар туралы БАҚ-та бірқатар материалдар жарияланды. Атап айтқанда, прокурорлық сүзгі – бұл иннвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, оларға қатысты заң бұзушылықтардың алдын алу тетігі. Мұнда прокуратура мемлекеттік органдардың инвесторларға қатысты шешімдері мен әрекеттерін алдын-ала талдап, заңға қайшы келген жағдайда дер кезінде шара қолданады. Мұндағы мақсат – инвесторлардың мүддесін қорғау, сенімді әрі қауіпсіз бизнес орта қалыптастыру. Былтыр облыстық прокуратураның бастамасымен алғаш рет «Инвест-Караван» акциясы өткізілді. Акция аясында 35 көшпелі іс-шара ұйымдастырылып, өңірдегі инвесторлар мен кәсіпкерлердің жұмыс барысында туындаған өзекті проблемаларын шешу жолдары қарастырылды. Мысалы, прокуратура қызметкерлері өткен жылы 15 инвестордың құқығын қорғаса, биыл аталмыш акция аясында 26 инвестормен тікелей сұхбат жүргізілді. Сондай-ақ, 6 инвесторға қатысты заңсыз шешімдер қабылданғаны анықталып, оларға қатысты тіркелген әкімшілік істердің күші жойылды. Екі инвесторға қатысты уәкілетті органдардың негізсіз тексерулері тоқтатылды. Нәтижесінде, биылғы 3 айда 276 жеке кәсіпкердің және
5 инвестордың құқықтары қорғалып, жалпы сомасы 79,7 млрд. теңгені құрайтын 6 инвестициялық жоба бойынша нақты проблемалар шешілді.
– Өзіңізге мәлім, мемлекеттік сатып алу саласында да заң бұзушылықтар аз емес. Прокурорлар бюджет қаражатын үнемдеуге қаншалықты үлес қосып жатыр?
– Жалпы, бюджет қаражатын жұмсау және мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде заңдылықтардың сақталуы – прокуратураның жіті бақылауында. Мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің белгіленген қағидаттарын айналып өтіп, мердігерлерден негізсіз қызметтер мен жұмыстарды сатып алудың жолын кесу бойынша бірқатар шара қабылданды. Прокуратура былтыр мемлекеттік сатып алу саласы бойынша 7,2 млрд. теңгені құрайтын 19 мемлекеттік сатып алудың күшін жойып, 5 лауазымды тұлғаны тәртіптік жауапкершілікке тартты. Соның біріне тоқтала кетсем, Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидасының талаптарын бұзып, 4,2 млрд. теңгені құрайтын жұмысты заңнама талаптарына қарама-қайшы түрде сатып алуды жоспарлаған. Өз кезегінде прокурорлық қадағалау актісімен мемлекеттік сатып алу конкурсының күші жойылды. Сонымен бірге, мемлекетке келтірілген шығынды өтеу бағытында 989 млн. теңге мемлекет пайдасына өндірілді.
– Түркістан облысында жыл сайын жер мәселесі көтеріледі. Бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Жайылымдық жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары қай сатыда? Басқа да прокурорлық қадағалау актілері енгізілді ме?
– Оңтүстік өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – жер мәселесі. Жасыратыны жоқ, бұл салада заң бұзушылықтар бұрыннан бар. Атап айтсақ, былтыр прокуратура органдары 55 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарды. Бұл жұмыстармен тоқтап қалмай, осы жылы біз мемлекетке 314 млн. теңге залал келтірген Сауран ауданындағы 2 000 гектар жердің жалған құжаттар арқылы ресімделгенін анықтадық. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тағы бір мысал, Төлеби ауданында жалпы 62 жер телімі заңсыз ресімделген. Жердің бағасы да бірнеше есе артық көрсетілген, яғни 3 млн. теңге тұратын жерді құжатта 37 млн. теңгеге дейін бағалаған. Прокуратура құны 2 млрд. теңгеден асатын 7 000 гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтарды. Бұдан бөлек құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Түркістан қаласындағы аукционсыз берілген 604 гектар жер учаскесін сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтаруға қол жеткіздік. Қазіргі таңда жер мәселесі бойынша ауқымды жұмыстар барлық қала, аудандарда жүргізілуде.
– Ауыл шаруашылығы саласына субсидия беруде де заңсыздықтар жиі орын алып жатады...
– Өзіңізге белгілі, прокуратура органының қадағалау бағыттарының бірі – мемлекеттік бюджет қаржысын тиімді пайдалануға жүйелі түрде баға беру. Өткен жылы прокурорлық тексерулердің нәтижесінде бірқатар шаруа қожалықтарының мемлекеттен жалған құжаттармен заңсыз субсидия алғанын анықтадық. Олар жалпы 271 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген. Мысалы, бір ғана шаруашылық 400-ден астам ірі қара мен 5 мыңнан астам уақ малдың жалған деректерін пайдаланып, ақша алған. Қазіргі таңда бұл факті бойынша 5 адамның ісі сотқа өткізіліп, олардың құны 120 миллион теңгені құрайтын мүліктері тәркіленіп, тергеу барысында 20 млн. теңге бюджетке қайтарылды. Прокуратура соңғы бір жылда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау саласында мемлекет қаржысын жымқыру немесе мақсатсыз игеру фактілерін анықтады. Мәселен, Сауран ауданында мал шаруашылығына бөлінген 281 млн. теңгені, ал, Сайрам ауданында балық шаруашылығына арналған 132 млн. теңгені жымқыру фактілері анықталды. Оларға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды. Сонымен бірге Арыс, Бәйдібек және Төлеби аудандарында жалпы құны 229 млн. теңгеден асатын субсидиялау тәртібінің бұзылғандығы анықталып, бүгінгі таңда прокурорлық ықпал ету актілерінің негізінде осы қаржыларды мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
– Қазір Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие. Осы мәртебеге лайық болу үшін өңір қай бағытта дамуы қажет? Сіздің түсінігіңіздегі рухани астана қандай сипаттарға ие болуы керек?
– Түркістан – қазақтың, күллі түркі әлемінің рухани астанасы атанып, ерекше мәртебеге ие болды. Осы атқа сай болу үшін бірқатар жобалар іске асырылуда. Соның бірі – алкогольден бас тарту. Өңірдегі 60-тан астам ауылда алкогольдік ішімдіктер мүлдем сатылмайды. Бұл ұлттың денсаулығын, рухани тазалығын және әлеуметтік тұрақтылығын сақтау жолындағы маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Бұл бастама басқа өңірлерге үлгі болуы керек. Түркістан – тарих пен болашақтың тоғысқан мекені. XІV ғасырда Қожа Ахмет Ясауи кесенесі салынған шаһар Түркі әлемінің діни орталығына айналса, 2018 жылы рухани және тарихи орталығымыз ретінде қайта жаңғырды. Түркістан қаласының аумағында 100-ге жуық киелі орын бар. Мұнда қазақтың қаншама хан-сұлтандары, билері мен батырлары мәңгілік тыныс тапқан. Бұған қоса, көне шаһардың қазақтың салт-дәстүрін, тілін, дінін, рухани келбетін сақтаудағы орны ерекше. Біз оны сақтап қана қоймай, ары қарай дамытуымыз қажет. Ол үшін қалаға инвестициялық жобаларды көптеп тарту керек деп ойлаймын. Сонда жұмыс орындары көбейіп, жергілікті тұрғындардың табысы да көбейеді. Ал, бұл еліміздің экономикасына серпін береді деп есептеймін.
– Өзіңіз жұмыстан тыс уақытта қандай істермен айналысасыз? Құқық қорғау саласынан өзге қандай жұмыстарды өзіңізге серік етесіз?
– Біздің жұмыс үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, жұмыстан босаған кезде де жұмыс жайлы ойланамыз десем, өтірік емес. Бірақ, кешкі уақытта газет, кітап оқығанды дағдыға айналдырғанмын. Өзім волейбол ойынын ұнатамын. Ол ептілік пен командамен жұмыс істеуді үйретеді. Бұл тек ойында ғана емес, жұмыс барысында да көмегін тигізеді. Адам әр ісін саналы түрде өзіне пайдалы болатындай етіп істеуі керек. Әр іс нәтиже беруі тиіс. Сондықтан кітап оқу, спортпен айналысу және т.б. әрекеттердің барлығы өзіңе пайдалы болуы қажет екенін ескерген жөн.
– Мұрат Әжінұрұлының қарапайым азамат ретіндегі ұстанымдары қандай?
– Менің негізгі ұстанымым – осы мемлекеттің азаматы ретінде елімнің өсіп, өркендеуіне өз үлесімді қосу. Болашақ ұрпаққа дұрыс тәрбие мен білім беру, оларды ата-анаға құрметпен қарауға баулу. Менің ойымша, болашақ – жастардың қолында десек, оларды елімен, ана тілімен, мәдениетімен мақтанатын және ұлттық құндылықтарды құрметтейтін азамат ретінде тәрбиелеу – біздің парызымыз. Жастар өз күштеріне сенсе, елдің болашағы да жарқын болады. Өйткені, олар тек армандаумен шектелмей, соны жүзеге асыру үшін әрекет етеді. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы бастамаларды біріге жүзеге асырсақ, Қазақстанның болашағы жарқын болады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».