Әлеуметтік көмекке жаңа көзқарас қажет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында әлеуметтік көмектің шын мұқтаж жандарға ғана берілуі керектігін атап өтті.
«Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы. Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, соған байланысты Үкімет өз ұсынысын, шешімдерін беруде. Қазір қоғамда осы мәселелер бойынша қызу талқы жүріп жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтуда. Сондықтан бұл күрделі мәселені «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай», байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды» деді Президент.
Шынында да, әлеуметтік
көмек мәселесі бүгінде қоғамда қызу талқыланып жатыр. Президент әлеуметтік
төлемдердің көбеюін мемлекеттік басқарудағы әлсіздіктің белгісі ретінде
бағалады. Оның айтуынша, негізсіз жәрдемақылар мен төлемдердің артуы бюджет
қаражатының мақсатсыз жұмсалуына және әлеуметтік нысандар тапшылығының күшеюіне
әкелген. Бұл жағдай елдің болашағын бағдарлап, ұзақ мерзімді жоспар құруға
жеткілікті көңіл бөлінбегенін көрсетеді. Сондықтан алда атқарылар жұмыс
ауқымды.
Мәселенің екінші жағы да бар.
Қоғамның көңіл күйін аңғартатын әлеуметтік желілерде түрлі пікір айтылып жүр.
Ел арасында жүргенде де сан алуан көзқарасқа куә боламыз. Президенттің Жолдауда
бұл мәселеге арнайы тоқталуы да бекер емес. Оның пайымынша, кез келген реформа
терең сарапталып, мұқият зерттелуге тиіс. Сонымен қатар азаматтардың жағдайы
барынша ескерілуі қажет. Әсіресе, әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оған
қатысты ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала тексерген жөн. Жаңа бастамаларды
әуелі қанатқақты жоба ретінде іске қосып, тиімділігі дәлелденген соң ғана
кеңінен қолдану керек. Сонда ғана олардың нәтижесі бағаланып, қоғам сеніміне ие
болуына мүмкіндік туады.
Қазіргі қоғамда масылдық
көзқарастың кездесетіні де жасырын емес. Әлеуметтік жағдайы әртүрлі
азаматтардың арасында «Үкімет бізге не береді?» деген ұстаным басымдық
танытатын кездер бар. Мұндай көзқарас бізді алысқа апармайды. Одан арылуға
тиіспіз. Әр адам «Елімнің өркендеуі мен Тәуелсіздігіміздің нығаюына өзім қандай
үлес қосып жүрмін?» деген сауалға да жауап іздеуі керек. Өкінішке қарай, бұл
туралы ойлана бермейтіндер де бар.
Президент айтқандай,
әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес.
Бұл ең алдымен, халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын жақсарту деген сөз. Осы
мақсатта адам капиталын дамытуға, өскелең ұрпақтың жан-жақты жетілуіне қолайлы
жағдай жасауға баса мән беру қажет. Әлеуметтік саясат та уақытша мәселелерді
шешумен шектелмей, ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға бағытталуы тиіс.
Бұл – мемлекеттік
қызметшіден бастап қарапайым жұмысшыға дейін әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Еліміздің болашағы үшін әрқайсымыз өз міндетімізді адал атқарып, қоғамның
дамуына үлес қосуымыз керек.
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
Төлеби ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері.