Көмек шын мұқтаждарға бағытталуы керек
Елімізде 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындаудың жаңа ережесі күшіне енеді. Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сай, енді мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, төлеу, уақытша тоқтату және қайта жалғастыру отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы мен тиісті өңірде белгіленген кедейлік шегінің айырмасы негізінде есептеледі. Есептеу кезінде отбасының әрбір мүшесі ескеріледі.
Әлеуметтік төлемнің жаңа қағидаттары ел ішінде қызу талқыланып жатыр. Пікір әртүрлі. Жәрдемақыны қысқарту дұрыс емес деушілер де бар. Осы мәселеге қатысты журналист Ерлан Қуандық та өз пікірін білдірген екен. «Жәрдемақыны қолдан көбейту масылдыққа жол ашады» («Оңтүстік Қазақстан», №84, 20 қазан 2026 ж.) атты мақалаға қатысты мен де пікір білдіруді жөн санадым.
Автор бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірін көтерген. Мақалаға Қазақстанның 2027 жылдан бастап әлеуметтік жәрдемақылар мен төлемдерге жұмсалатын шығындарды 860 млрд. теңгеге қысқартуды жоспарлауы негіз болыпты. Журналист соңғы жылдары әлеуметтік жүйеде орын алған кейбір әділетсіздіктерді талдаған. Әсіресе, шынайы көмекке мұқтаж жандардың назардан тыс қалып, алаяқтық пен масылдықтың өршуіне жол ашқан жайттарға тоқталған.
Шынтуайтында, өзгерістердегі мақсат халықтың әл-ауқатын төмендету емес. Дегенмен, оның мәнін көпшілік әлі толық түсіне қоймаған сияқты.
Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік төлем алушыларды санаттарға бөлу бюджет қаражатын үнемдеу үшін емес, мұқтаж азаматтарға көмекті арттыру үшін жасалатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа әдістеме әлеуметтік қолдауды шын мұқтаж адамдарға бағыттауға арналған. Министр бұл шаралардың бюджет қаражатын қысқартуға қатысы жоқ екенін де атап өтті. Әлеуметтік кодекс аясында атаулы көмекті күшейту көзделген. Мұқтаж жандарға толыққанды қолдау көрсетуге бюджет қаражаты жеткілікті екені де айтылды. Сондықтан мәселенің мән-жайын анықтамай тұрып, даурығудың қажеті жоқ.
Министрлік келтірген деректерге сүйенсек, жалпы 3,2 млн. адам әлеуметтік төлем алады. Олардың 77 мыңы А санатына, 475 мыңы В санатына жатқызылған. Аталған екі санаттағы азаматтардың жалпы саны шамамен 550 мың адамды құрайды. Ал, қалған 2,7 миллионға жуық адам С, D және Е санаттарына енгізілген.
Жауапты ведомство өкілдері басқа да маңызды мәселелерге түсінік берді. Мәселен, бала күтіміне байланысты демалысқа әкесі шыққан жағдайда да жәрдемақы әйелге беріледі. Баласы 1,5 жасқа толмай жұмысқа шыққан аналардың төлемі де сақталады. Сонымен қатар 36 түрлі жәрдемақының 22-сі өзгеріссіз қалатыны айтылды.
Өз басым, Үкіметтің әлеуметтік көмек жүйесін қайта зерделеп, төлемдерді нақты мұқтаж адамдарға бағыттауын құптарлық бастама деп санаймын. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, ысырапқа жол беруге болмайды. Халқымыз «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең қой қалар...» деп бекер айтпаған. Мемлекет қазынасы – бүкіл елдің ортақ несібесі. Қаражатты мұқтаж емес адамдарға орынсыз үлестіру бюджеттің мүмкіндігін шектеп, елдің экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Ал, қаржыны үнемдеп, орнымен жұмсау – болашақ ұрпақтың несібесін сақтау.
Жалпы, мұқтаж жанға қол ұшын созу қазаққа ежелден тән. Қиналғанға көмектесу – қанымызға сіңген қасиет. Бабаларымыз мұны сауапты іс санаған. Сондықтан ауыл адамдары қиындыққа тап болған отбасыларды жалғыз тастамаған. Егер бір отбасы жұтта малынан айырылса, үйі өртенсе немесе су тасқынынан зардап шексе, бүкіл ауыл болып «жылу» жинаған, көмектескен.
Малынан айырылып, күнкөрісі қиындаған отбасыларға туыстары мен көршілері сауынға сиыр немесе бие берген. Тұрмысы түзеліп кетуде бұл көмектің орны бөлек.
Қазақтың тағы бір дәстүрі – «үме». Ол қысқы мал азығын дайындау, шөп шабу, қой қырқу сияқты жұмыстарда өзара көмек көрсетуге негізделген. Әсіресе, қарттар мен жесір әйелдерге ауылдастары ақысыз жәрдемдескен. Ал, «ерулік» – жаңадан көшіп келген отбасын ортаға бейімдеп, қолдау көрсету дәстүрі. Көршілері оларды қонаққа шақырып, елге сіңісуіне жағдай жасаған. Асар, жылу жинау, сауын беру сияқты дәстүрлер қиындыққа тап болған жандарға нақты көмек көрсетудің жолы болған. Бірақ, мұндай қолдау адамды масылдыққа үйретпеген. Ол адамның аяққа тұрып кетуіне ғана арналған жәрдем болатын. Бүгінгі мемлекеттік әлеуметтік көмек те осы ұстанымға негізделуі керек. Оның мақсаты адамды өмір бойы жәрдемақыға тәуелді ету емес, қиын кезеңде қолдап, өз күнін өзі көріп кетуіне жағдай жасау болуы тиіс.
Ізбасар НАЗАРОВ,
Арыс қалалық ақсақалдар кеңесінің төрағасы.